Магистральдық газ құбырының бірінші тармағы 1960 жылдан бері пайдаланылып келеді. Енді екінші желісінің жұмыстары басталды. Қолға алынған бұл жобаның құны – 160 млрд теңге. Оны “QazaqGaz” өз қаражаты есебінен жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Газ құбырының 2-ші тармағының жалпы ұзындығы - 308 км құрайды, өткізу қабілеттілігі жылына 5,8 млрд текше метр. Жұмыстар осы жылдың аяғында аяқталып, пайдалануға берілмек.
“QazaqGaz” ҰК” АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, табиғи газдың ең жоғары тұтынылу көлемі Маңғыстау облысында байқалады.
-“QazaqGaz” ұлттық компаниясы Маңғыстау облысының энергетикалық қауіпсіздігін күшейтетін бірнеше жобаны қолға алды. Ақтау қаласының «МАЭК» және тағы басқа ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының табиғи газға деген қажеттілігін жабатын «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» газ тасымалдау жүйесінің күрделі жөндеуін де бастадық. Бұл жүйе “Окарем-Бейнеу» магистральдық газ құбырының жалғасы болып табылады. Жөндеу барысында 282 құбыр толығымен ауыстырылады. Тазарту құрылғысын іске қосатын 6 камераны жаңғыртып, құбырлардың электр-химиялық қорғауын ауыстырамыз, - деді Санжар Жаркешов.
Сонымен қатар, ол тағы бір жоба - Сарша елді-мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағын газбен қамту бойынша жұмыстардың бірінші кезеңі сәтті жүзеге асқанын атап өтті.
Ал, «Бейнеу-Жаңаөзен» құбырының екінші желісін дәнекерлеу рәсіміне қатысқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жобаның өңір тұрғындарына
-Президент өз сапары аясында облыстың ерекшелігін ескере отырып, өңірдің кешенді даму жоспарын дайындау жөнінде тапсырма берген болатын. Сол жоспар жасақталып, үкімет қаулысымен бекітілді. Сондағы ірі жобаның бірі - Жаңаөзен-Бейнеу газ құбырының ескіргенін ескере отырып, екінші тармағын салу жөніндегі тапсырма. Бүгін құрылысы басталған жұмыстарға өз тарапымыздан құзыретіміз аясында толық қолдау көрсетеміз. Жоба толық іске асқанда тұрғындарға, кәсіпорындар мен өндірістік орындарға қажетті газ көлемі жететін болады. Демек, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді деген сенімдеміз, - деді Нұрлан Ноғаев.