Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Хорватияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Рефик Шабанович бастаған делегациямен кездесті.

Қазіргі таңда Қазақстан елі Хорватиямен бірлесіп эко­номикалық саланың бар­лық бағыттары бойынша белсен­ді ынтымақтастық жүргізу үстінде. Маңғыстау облысында хорват капи­талының қатысуымен көтерме сау­да саласы бойынша «Антанир» ЖШС қызмет етеді. «Өлкеміздің эко­номикалық, инвестициялық, тран­зиттік әлеуетке ие аймақ болып табы­латыны белгілі. Маңғыстау облысының аумағы арқылы Шығыс Еуропаны Орталық Азиямен және Солтүстік Еуропаны Парсы шығанағы елде­рімен қосатын «ТРАСЕКА» және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздері өтеді. Бүгінгі таңда өңірде мұнай өндіру, мұнай химия­сы, құрылыс материалдары, металлургия және т.б. салаларында өндіріс жүргізетін ірі шетелдік инвесторлар табысты жұмыс істеуде. Біз барлық мүдделі кәсіпкерлерге көмек көрсетуге дайынбыз және сіздерді өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз. Бүгінгі кездесу Маңғыстау облысы мен Хор­ватия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандырудағы тетік болады деп үміттенемін», – деп атап өтті облыс әкімі С.Трұмов.

Екі жақты кездесуде Маңғыстау мен Далматы (Хорватия) облыстарының мұнай және кеме жасау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқы­ланды. Сондай­-ақ Хорватияның аймақ­қа шетелдік инвестицияларды тарту туралы ұсыныстары қаралды.

Қазақстан Хорватияны Оңтүстік­-Шығыс Еуропадағы маңызды әрі перспективалы серіктесінің бірі ретін­де қарайды. Әсіресе экономикалық ынтымақтастық деңгейін арттыру аса маңызды міндеттер қатарынан. Еліміз­де шамамен хорватиялық 30 компания жұмыс істейді екен.

Хорватия – Қазақстанмен әріптестік­ті дамытуға бейілді мемлекет. 2019 жылдың сәуірінде Хорватияның ви­це-­премьер-­министрі – Сыртқы және еуропалық істер министрі Мария Пейчинович­-Буричтің Нұр­-Сұлтан қа­ласына сапары барысында Хорватия Республикасының Қазақстандағы ел­шілігі ресми түрде ашылды.

Өткен жылы елордада алғаш рет Хорватияның елшілігі ашылды. Ал Рефик Шабанович Хорватияның Қа­зақстандағы тұңғыш елшісі болып тағайындалды. Елші бүгінде қазақ­хорват байланысын бекемдей түсуге кірісіп те кетті. Ал мамыр айында Сплитск­Далматин жупаниясының ас­танасы – Сплит қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды.

Биыл Қазақстан және Хорватия дипломатиялық қатынастардың орна­ғанына 27 жыл толды. Екі ел арасында­ғы алғашқы дипломатиялық қарым­-қатынас 1992 жылы 20 қазанда орнаған. 1995–1997 жылғы каңтарда Алматы қаласында Хорватия Республикасының елшілігі ашылды. 2003 жылдан бас­тап Загреб қаласында ҚР консулдығы ашық. Ал 2007 ж. 19 желтоқсанда ҚР­-дың елшігілін Хорватия мемлекетінде ашу туралы жарлыққа Қазақстан Рес­публикасы Президенті қол қойды. 2017 жылғы мамырдан бастап Төлежан Бар­лыбаев Қазақстан Республикасының Хорватиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.

Жоғарғы деңгейдегі байланыстар аясында 2015 жылы екі мемлекеттің парламенттерінде екі жақты ынтымақ­тастық жөніндегі депутаттық топ­тар құрылды. Қазақстандық топты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов, ал хорват тобын Са­бор депутаты Ж.Лакович басқарады. Өзара тығыз ықпалдастықтар сыртқы саясат ведомстволарының жетекшілері арқылы жүзеге асуда.

Бүгінгі таңда Хорватия – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды және перспективалы серіктесі. Нұр-Сұлтан мен Загреб арасында қарқынды саяси диалог қолдау тапқан.

Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2001 және 2006 жылдары ресми сапарлармен Загребке екі рет барған еді. Хорватия президенттері Степан Месич пен Иво Йосипович Қазақстанға бірнеше рет сапармен келген. Сапар барысында Қазақстан мен Хорватия арасындағы өзара қарым-қатынастардың негіздері туралы декларацияға және екі жақты ынтымақтастықты дамыту үшін берік іргетасын қалаған басқа да маңызды құжаттарға қол қойылды.

Қазіргі уақытта жалпы күш-жігермен мемлекетаралық қатынастар жоғары деңгейге көтерілді. Сыртқы істер министрлігі желісі бойынша белсенді диалог қолға алынып, 2019 жылы Қазақстан мен Хорватия сыртқы саяси ведомстволарының басшылары деңгейінде үш кездесу өтті. Өңіраралық байланыстар, іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстар беки түсті.

Қазақстан мен Хорватия мемлекеттерінің сыртқы сауда айналымы жыл өткен сайын өсу үстінде. Қазақстандық статистика мәліметтеріне сүйенсек 2018 жылы қос елдің сауда көлемі 350 млн. доллардан асқан көрінеді. Елімізде құрылыс, фармацевтика, медицина, тамақ өнеркәсібі және сауда салаларында ондаған Хорват компаниялары тіркелген. Ал сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан–Хорват экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының жұмысы ықпал етеді, оның бірінші отырысы 2020 жылдың басында жоспарланған.

Жайық НАҒЫМАШ