Маңғыстау ауданы оқушыларының арасында облыстық, республикалық білім сайыстарында қанжығасына жүлде байлап жүрген оқушылар жетерлік. Сондай республикалық, халықаралық білім додаларында оза шауып, озық шыққан жеңімпаз оқушылардың бірқатарын соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында Маңғыстау ауданының әкімі Т.Көшмағанбетов салтанатты түрде марапаттады.

Шараны аудан әкімі Т.Жеткізгенұлы «Қадірлі ұстаздар, ата-аналар мен дарынды оқушылар! Әрбір оқушы Қазақстан Республикасының болашағы деп айтылса, ол мектеп қабырғасында шыңдалады. Маңғыстау ауданындағы 22 мектепте 8039 оқушы білім мен тәрбие алуда. Бірнеше жүздеген оқушымыз аудандық және облыстық байқаулардың жүлдегері атанды. Осы оқушылардан озып шығып, республикалық және халықаралық байқаулардан жүлде алған зерек те дарынды 14 оқушымен кездесіп отырмын. Өздерінің бойына табиғат берген талантын шыңдап жүрген оқушыларды биылғы оқу жылындағы үлкен жетістіктерімен құттықтап, ел ертеңін ойлайтын білімді ұрпақ болып жетіле беруіне тілектестік білдіремін!», — деген құттықтау сөзімен бастады.

Одан әрі шара үздік оқушыларды, ата-ана мен ұстаздарды марапаттау рәсімімен жалғасты. Марапатталғандар қатарында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қола медаль иегері атанған Шетпе лицейінің 11-сынып оқушысы Ұлдай Дауылова, республикалық олимпиаданың Қазақстан тарихы пәнінен қола медаль иегері болған А.Меңдалыұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Рыскен Бақтыбай, Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша XV халықаралық ғылыми жарысының ІІ орын жеңімпазы, Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Аружан Хамит, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының алтын медаль иегерлері, Өтес орта мектебінің 11-сынып оқушылары Жансұлу Баймағамбетова мен Еркінбек Балуанбай, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қола медаль иегері атанған Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақжүніс Ерманова, 1-7 сынып оқушыларының шығармашылық жобалары мен зерттеу жұмыстарының «Зерде» республикалық ғылыми конкурсының ІІ орын жеңімпаздары, М.Атымов атындағы орта мектептің 3-сынып оқушылары Саят Сайын мен Гүлназ Мұрат, А.Меңдалұлы атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Кәусар Ерболат, Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Кәусар Амалбек, «Зерде» республикалық ғылыми конкурсының І орын жеңімазы, Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы Нұртаң Телеғұс, республикалық «Ілияс оқулары» байқауының ІІ орын жеңімпазы болған Шетпе гимназиясының 11-сынып оқушысы Жарас Жүсіпов, республикалық «Әбіш оқулары» байқауының ІІ және ІІІ орын жеңімпаздары Ә.Кекілбайұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушылары Несібек Дәуітов пен Әзиза Сәкенқызы болды. Жеңімпаз оқушылардың барлығына отыз мың теңге көлемінде сыйақы мен естелік сыйлықтар табыс етті.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, бұл күн шәкірті мен перзентінің білім шыңынан көрінуге септігін тигізген ұстаз бен ата-ана да алғыс пен марапатқа бөленген күн болды. Шара соңында Шетпе гиназиясының 11-сынып оқушысы Ұлдай Дауылова «Әрине, бәйгеге түскен тұлпарды баптайтын бапкер, сайысқа түсетін шәкіртті шыңдайтын жетекші – ұстаз. Осы орайда, өзімнің жетекшім Ардақ Қорғанбаева апайымның еңбегі ұшан-теңіз! Біз секілді ел мақтан тұтар перзентті тәрбиелеген аяулы ата-аналарға да айтар алғысым шексіз. Осындай елеулі еңбекті ескеріп, бағалап, құрмет көрсетіп жатырған аудан әкімі Т.Жеткізгенұлына ерекше ілтипатпен алғысымды айтқым келеді», — деп лебізін жеткізсе, Әбіш Кекілбайұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы, республикалық «Әбіш оқулары» байқауының жеңімпазы Несібек Дәуітов Әбіш атамыздың «Дәл есімде сол жылы сегізде едім» деген өлеңін нақышына келтіре оқыды. Оқушылардың бал-бұл жанған жүзіне, ыстық ілтипатына қанық болған аудан әкімі Т.Көшмағанбетов топ жарып жүрген жастарды марапаттауға асық екенін жеткізді.

Данагүл АЛИЕВА