Мұқағали оқулары

Аппақ елді мекеніндегі №11 орта мектепте аудандық «Мұқағали оқулары» өткізілді. Ақынның шығармашылығына арналған сайысты Қарақия аудандық білім бөлімі ұйым­дастырды. Мектеп ғимаратында өткізілген бұл шараны аудандық білім бөлімінің әдіскері Құралай Айманова кіріспе сөзбен ашып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Оқушылар арасында ақын шығарма­шылығын насихаттау барысында өткізілген додаға ауданға қарасты ауыл, елді мекендерден келген оқушылар қатысып, бағын сынады. Сайыстың шымылдығын ашқан «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деп аталатын бөлімде оқушылар ақынның өлеңдерін  жатқа айтып, мәнерлеп  оқыды.

«Көкірегімде жыр сәлесі маздайды…» бөлімінде оқушы өз шығармашылығын ұсынды және төл туындыларын тарту етті. Келесі кезекте «Жыр эстафетасы» айдарын­да үміткер ақын поэмаларын жатқа айтты. Сондай­-ақ «Жырлайды жүрек» деп атала­тын айдарында берілген ұйқасқа өлең құрау бөлімі бойынша оқушылар ұйқас қуып, өлең жазды. Одан әрі өнерлі өрендер «Сыр сандықты ашып қара, ашып қара, сырла­сым» бөлімінде шешендігін көрсетіп, ой­ларын өлең жолдарымен өруге бейім та­лапкерлер бәсекелесті. «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?» бөлімі сұрақ-­жауап ойын түрінде өткізілді. «Ақын мұражайына менің үлесім» атты соңғы айдарында оқушының ақын шығармашылығына байланысты жеке қолынан жасаған бұйымдары, суреттері, кестелері, ақынның танылмаған қырын көр­сететін жобалары ұсынылды.

Мұқағали оқуларында топтан оза шауып, дараланып көрінуге талпынған талаптылар аз болмады. Міне, сөйтіп аудандық Мұқағали оқулары да өз мәресіне жетті.

Бас жүлдені Қарақұдық орта мектебінің 11 сынып оқу­шысы Оразгүл Жөнейтова қанжығасына байласа, №5 орта мектептің 10 сынып оқу­шысы Аянгүл Темірxан 1 орынды иеленді. Ал үшінші орынды №11 орта мектептің 11 сынып оқушысы Перизат Қуатбаева мен №6 орта мектептің 9 сынып оқушысы Майра Ал­дабергенова жеңіп алды. Соңғы үшінші орынды №7 орта мектептің 8 сынып оқушысы Гүлназ Мұратбайқызы, Құрық орта мектеп­-гимназиясы 11 сынып оқушысы Жансая Елубаева және №8 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Тлектес Байрамбай ие­ленді. Жеңімпаздардың алғыс хаттарын әділ қазылар алқасы табыстады.

Аудандық сайыстан дараланып, бас жүл­дені жеңіп алған Қарақұдық орта мектебінің оқушысы Оразгүл Жөнейтоваға алдағы уа­қытта өтетін облыстық кезеңге жолдама берілді.

Периза КАШИЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз