ҚР Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында ҚазГазӨңдеу зауытының басшысы Карим Сәрсенғалиұлының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда жоспарлы жөндеуден өткен зауыт жұмысы, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту мәселесі сөз болды.

«Баршаға мәлім, ҚазГӨЗ айына  14 мың тонна көлемінде сұйытылған газ өндіреді. Бұл толықтай өңірдің ішкі нарығына жөнелтіледі. Мамыр айындағы көгілдір отын тапшылығына жоспарлы жөндеу жұмыстары сеп болды. Зауыт ісі толықтай тоқтатылған еді. Күрделі жөндеу жұмыстары зауыт толықтай істен шықпай жүзеге аспас еді. Жоспарға сәйкес жөндеу барысы төрт күнге созылуы тиіс болатын. Мамандар өңір халқының көгілдір отынға сұранысын ескере келе, екі күн ішінде жөндеу жұмыстарын аяқтады. Мамыр айында 12 мың тонна газ өндіру көзделген. Бірақ нәтижесінде 13 мың тонна газ алынды. Аталған газ көлемі толықтай ішкі нарықта айналымға түсті. Зауыт 40 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Басты міндеті — «Өзенмұнайгаз» өндіріс орнынан алынатын  ілеспе газдарды өңдеп, пайдаға асыру. Қырық жылдың ішінде  зауытқа бірнеше қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ең соңғы қайта құру жұмыстары 1986 жылы өткізілді. Енді қазір заман талабына сай жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары  жоспарлы түрде жыл сайын орын алады. Қала бойынша барлық газ құю бекеттері көгілдір отынмен қамтылған. Өткендегідей ұзын-сонар кезек жоқ. Зауыт толық жұмыс істеп тұр. Көгілдір отын өндіру көлемі  «Өзенмұнайгаз» бен «Маңғыстаумұнайгаз» кен орындарынан тасымалданатын ілеспе газ көлеміне байланысты. Айта кетер тағы бір жайт, зауыт көптеген құралымдар, нысандардан құралған. Олардың өзінің ішінде де жоспарлы жөндеу жүргізіледі. Мұндай жөндеулер қараша айына дейін созылуы мүмкін. Қысқа дайындық ретінде қазандықтар да жөндеуден өтеді. Бірақ бұл жұмыстар газ өндірісіне аса әсер етпейді. Неге ылғи жаз мезгілінде газ тапшылығы туындайды деген сауал бар. Бір жағынан жаз айларында алыс жолға сапар шегіп, киелі орындарды аралау жиілеп кетеді. Сонымен қоса қазіргі таңда автокөліктердің отын багының көлемі үлкен. Сол себепті көгілдір отын тапшылығы туындайды. Алдағы уақытта жаңғырту әрі кеңейту жұмыстары ойдағыдай іске асса, газ өндіру көлемін ұлғайтамыз»,-деді Карим Сәрсенғалиұлы.

Голрох Жеменей

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз