Жан дүниеңді жадырататын музыка әлемі адам жанымен егіз іспеттес. Музыка – жүрек тілі, ол – сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Ол дыбыстар арқылы бейнеленген жан сарайы. Оны сезіну үшін өнерді сүю керек.

Маңғаз Маңғыстауда дүниеге келген әрбір жан ән мен жырдың құдіретін бойына сіңіріп, өмірін өнермен өрнектейтіні сөзсіз. Осы ретте ақын Абайша «Әнді сүйсең, менше сүй» деп өмірін өнермен байланыстырған жанның бірі – Диляра Қаржаубай. Қазіргі таңда Ақтау қаласындағы №13 гимназия мектебінің 6 «а» сыныбында білім алуда. Ол әннің құдіретін сезініп ғана қоймай, оны көпке жеткізіп жүрген жас әнші.

Маңғыстаулық Диляра Қаржаубай «Бала дауысы» байқауына қатысады   

«Жастайымнан әнге, өнерге жақын болдым. Содан болар түрлі бағыттағы музыканы тыңдап, жаттап жүруге құмар едім. Әншілік өнер нағашыларымнан дарыды деп айта аламын. Нағашы атам бала кезінен бастап ән айтқан екен. Әлі күнге дейін мерекелік жиындарда ән шырқайды. Кейде дуэт болып үйде ән айтамыз, мені үнемі өнерге баулып, шығармашылықпен айналысуыма мүмкіндік беріп отырады. Отбасымның маған жанашырлық танытып, өнер жолында өрге басуыма қолдау беруі мені әрдайым қуантады», — дейді ол.

Диляра жақында республикалық «Бала дауысы – 2019» байқауының іріктеу кезеңінен өтті. Қазіргі таңда ән арқылы киелі Маңғыстау өңірінің абыройын асқақтатуды мақсат етіп отыр. 11 жасар Диляра үшін бұл байқаудың орны ерекше. Сондықтан жеңіске жету жолында жігерсіздік танытпауға тырысуда.

«Ақтау қаласында «Бала дауысы – 2019» байқауының іріктеу кезеңі өтеді дегенді естігенімде қатты қуандым. Себебі, бұл – менің мүмкіндігім, арманым еді. Сахна төрінде өнерімді көтсету үшін барымды салдым. Додада үш тілде, яғни халық әні «Желкілдек» және «Улыбайся», «Rise up» деген әндерді орындадым. Әнге деген махаббатым, талпынысым мен ерік-жігерімнің нәтижесінде іріктеуден өттім. Енді қазан айында өтетін байқауда республикадан жиналған талант иелерімен сынға түсемін. Осы уақытқа дейін қатысқан байқаулардан 2 – 3-орын алған емеспін. Бұл жолы да жеңіске жететініме сенімдімін».

Маңғыстаулық Диляра Қаржаубай «Бала дауысы» байқауына қатысады   

Талант – кез келген адамға беріле бермейтін сый. Тек бағалайтын жанға ғана бақ болып бұйырады. Диляраның талантты екенін ерте жастан аңғарған ата-анасы оны Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебіне береді. 7 жасынан бері өнер мектебіндегі ұстаздардан тәлім алып, білімін жетілдіреді. Содан бері түрлі конкурстарда бақ сынап, ән жарыстардан жүлделі оралып жүр.

«Мені өнерге баулыған ұстазым – Эльмира Сланова. Мен ұстазыммен әрдайым мақтанамын, жетістікке жетуіме себепші, өнерді өзімдей ұғынуыма атсалысатын білікті жан. Әрдайым ұстаздан алған білімім мен ізденісім арқылы биіктен көрінгім келеді. Ал қазіргі таңда Нұргүл Медербекова есімді апайыммен «Бала дауысы – 2019» байқауына дайындық жүргізудемін. Сахнада ән айтып ғана қоймай, биші ретінде және актерлік шеберлігімді көрсету арқылы өзімді сынағым келеді. Сондықтан да жетекшімнің ақыл-кеңесін тыңдап, әрі қарай еңбек етудемін. Өнер жолын таңдаған әрбір жанның арманы – үлкен сахна, халықтың қошеметі. Алла қаласа оған да жетемін. Ең бастысы өнердің алғашқы баспалдақтарында сүрінбей келе жатырмын. Мұның өзі мен үшін үлкен жеңіс, мақсатыма деген ұмтылыс»,— дейді жас өнерпаз Диляра Қаржаубай.

Маңғыстаулық Диляра Қаржаубай «Бала дауысы» байқауына қатысады   

Асқақ арман адам баласын қашан да алға жетелейтіні анық. Диляраның басты арманы – есте қалар қоңыр дауысымен әр қазақтың жүрегінен орын алу. Елге белгілі әнші атану. Арман мен мақсат айқын болса бағындырмас белес болмайтыны белгілі. Тек қайсарлық пен күш-жігер керек. Бұл қасиеттер жаны нәзік, болмысы бөлек Дилярадан табылатыны сөзсіз.

Олай болса қазан айында Алматыда өтетін республикалық «Бала дауысы – 2019» байқауында жерлесіміз Диляра Қаржаубай жоғары деңгейде өнер көрсететініне және жеңіспен оралатынына сенімдіміз. Айта кетейік, байқау шарты бойынша жеңімпаз SMS-дауыс беру арқылы анықталады екен. Сондықтан жерлесіміз әрі жас өнерпаз Диляраға қолдау білдірейік.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді Диляра Қаржаубай ұсынды