Сурет svoboda.org алынған

Орыс қаламгері бізге өзінің «Соғыс және бейбітшілік» шығармасында өмірдің небір сұмдығына қарамастан адамзат өзінің арқасына теңгерген кесапатын жүре-бара өткен күнге қалдырып отыратындығын үйретеді. Мен «Соғыс және бейбітшілікті» тұңғыш рет осыдан жарты ғасыр бұрын Перрос-Гиректе өткізген алғашқы ақылы демалысым кезінде оқыдым. Ол кезде France-Presse агенттігінің қызметкері болғандықтан өзімнің тұңғыш романымды жазу үстінде едім.

Әдебиеттің бұл жанрының өзгелерге қарағанда басты шарты-көлемінің кеңдігі екендігіне аса сенімді болдым, өйткені ұлы романдар болмыстың қаншама қабатын қамтып, адамзат тәжірибесі арқылы жинақтаған барлық байлықты өзі арқылы нақтылы түрде көрсеткендіктен де кірпіштей қалың болатын.

Толстойдың романы шындығында да осы пікірімді толықтай қуаттап тұрушы еді. Ә дегенннен бастап бейқам сарынмен дворяндықтың өкілдері орысшадан гөрі француз тілінде көбірек сөйлесетін Санкт-Петербург пен Мәскеудегі ақсүйектер салонындағы өмір жайлы баяндап келіп, ақырындап орыс қоғамының қиын топтарына көшіп, таптардың әралуандығы мен қоғамдық типтерді, княздар мен генералдардан бастап басыбайлы шаруаларға, саудагерлерге, некеге тұрушы қалыңдықтар мен құпия масондық ұйымдардың төл белгі – ерекшеліктеріне дейін, діндарлар, ұрылар мен әскерилер, өнер қайраткерлері, мансапқұмарлар мен мистиктерге дейін көрсетеді. Мұндайда оқырманда көз алдынан адам ұлының барлық мүмкін уәкілдерінің тарихы өтіп жатқандай сезім пайда болады.

Егер ұмытпасам, аталмыш кең тынысты, көрнекті романда аласапыран айқас сахналары болды, кәрлі аяздың, қар мен аштықтың көмегімен оларды түп-тұқиянымен құртып жіберместен бұрын жеңілістерге қарамай, елге күшпен басып кірген наполеондық әскерге ылғи да соққы беріп отырған данышпан қолбасшы, фельдмаршал Кутузовты суреттеулері бар.

Менде егер «Соғыс пен бейбітшіліктің» барлық мазмұнын бір ғана тіркеспен жинақтап айту қажеттілігі болса, бұл роман орыс халқының «адамзаттың жауы» Наполеонның басқыншылық ниетін қалайша талқандап, қалайша өз тәуелсіздігін сақтап қалғаны туралы айтылатын сәулетті сурет дер едім. Яғни бұл – орыс халқының әскери қажыр-қайраты, дәстүрі мен соғыс өнері дәріптелетін ұлы әскери-патриоттық роман.

Ал қазір бұл шығарманы оқи отырып, өзімнің қатты қателескенімді түсінемін. Роман соғысты адам рухы шынығатын, кісілік қасиеттер мен мемлекеттердің ұлылығы қалыптасатын оқиға ретінде көрсетуге әсте ұмтылмай-ақ, әрбір ұрыс арқылы кішкентай адамдардың басына төнген шексіз әділетсіздік пен қайғыны, жүрек айнытарлық мүрделер санын, оның барлық масқаралығын көрсетеді (шамасы, бұл Наполеонның Аустерлиц маңындағы жеңісін адам таңғаларлық етіп баяндауынан көзге ұрады). Құрбандардың негізгі бөлігін құрайтындар да сол кішкентай адамдар. Автор патриотизм мен даңқ, азаматтық және әскери ерліктер туралы мылжыңдау арқылы осы бақытсыздықтың бәріне себепкер болғандардың қаһарлы әрі қандықол ақымақтығын аяусыз шенейді. Жарылған снарядтың күркүрі естіле бастағаннан-ақ осынау сөздердің бар бостығы мен мәнсіздігі айқын көрінеді. Толстойдың романы белгілі бір деңгейде соғыстан гөрі бейбітшілік турасында көбірек сөз етеді. «Соғыс және бейбітшіліктің» жұмсақ мінезді, кең пейілді кейіпкерлерінің бірі Пьер Безуховтың образы арқылы оның орыстың тарихы мен мәдениетіне лық толы махаббаты қанды қырғынды әсте мадақтамайды, керісінше, бояуы қанық өмірдің, толғамдар мен күмәндардың, шындықты іздеу мен ізгілікке ұмтылудың мәнін ашады. Менің қазіргі оқуымдағы шығарманың испан тіліндегі аудармасы аса керемет емес. Алайда Толстойдың кереметтігі оның нені суреттегендігінен білінеді, сонымен бірге ашық жазғанынан гөрі көбінесе астарлап айтқанынан аңғарылады. Оның үнсіздігі қашан да ділмар, қашан да ақпараттандырушы. Князь Андрейдің Наташаға деген махаббатын ақыр соңында не айтар, не айтпастығын, үйлену тойы болатындығын, әлде түнерген Николай Андреевичке олардың көңілін түсіру сәті түсер ме екендігін жан-тәнімен білуге құмартып, мәтіннен алыстай алмайтын оқырманға оның үнсіздігі қашан да қызығушылық тудырады. Романның бар жүлгесінде назарын бұрмастан сюжеттің өрбуін үзбей көру үшін оқырманды ең қызықты әрі шешуші сәтке жетектеп әкелмей қойған, не үзілген я болмаса аяқсыз қалған бірде-бір эпизод жоқ. Расымен де, қатысушы кейіпкерлер саны көп, осыншама көлемді әрі көппланды шығарма бола тұрса да бәрін алдын-ала біліп тұрған әңгімешінің сюжет желісін еш кейіпкер көзден таса болмайтындай етіп құруы, әрбіріне арнайы көңіл мен уақыт бөлу арқылы ешқашан ешбірін естен шығармауы таңдай қағуға тұрарлық. Барлық кейіпкерге уақыт пен кеңістік теңдей бөлінеді. Ондағысы: барлығы да қуанышы мен мұңы, аңсары, жақсы көруі мен қайран қалдырар оқиғалары әр күнге теңдей бөлінген, кейде өте баяу, кейде ілгері жұлқынған өмірдің өзіндей өтуі үшін.

Қазір «Соғыс және бейбітшілікті» оқи отырып, алғашқы оқыған сәтімде нені түсінбегендерімді аңғарамын. Әсіресе, романның рухани өлшемі салон мен ұрыс алаңындағы оқиғалардан әлдеқайда маңызды екенін ұғамын. Жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратуға септесетін философия, дін, ақиқатты іздеу – романның кейіпкерлерінің басты жұмысы, оның ішінде романның ең ғажап бейнесі фельдмаршал Кутузов үшін де. Ол – бүкіл ғұмырын ұрыстарда өткізгеніне қарамастан (оның жүзінен түрік даласынан қалған тыртық іздері әлі күнге дейін анық байқалады) өшпенділіктен хабары жоқ аса өнегелі адам. Былайша айтқанда, ол басқа жол жоқтығынан ғана шайқасады: бұл іспен әйтеуір біреу айналысуы керек қой. Ал ол өзін бұдан гөрі интеллектуалды әрі рухани қызметке арнағанды артығырақ көреді.

«Соғыс және бейбітшіліктегі» орын алатын оқиғалар желісі, турасын айтқанда, жан түршігерлік, мен оның оқырманның көңілін жабырқатып, уайымға түсіретіндігіне күмәнмен қараймын. Одан гөрі керісінше секілді: роман өмірдің небір сұмдығына қарамастан өзінің дегеніне жетіп жығылатын екіжүзділер мен зымияндардың байлығы соңғы кесімді шешімге жеткенде жаманнан гөрі жақсы адамдардың көп екенін көрсетеді; ызадан гөрі бақыттың, уайымнан гөрі жан тыныштығының мол екенін айғақтайды, адамның ақыр соңында арқасына өңгерген бар кесапатын жүре-бара өткен күнге қалдырып отыратындығын сезіндіреді. Яки көбінесе көзге көріне бермейтін тәсілдер арқылы ол өзінің жағымсыз қасиеттерінен арылып, жалқындана түседі.

Қай жағынан алып қарағанда да «Дон Кихотты» жазған Сервантес, «Адамзат комедиясын» жаратқан Бальзак, «Оливер Твистің» авторы Диккенс, «Аласталғандардың» иесі Виктор Гюго, Оңтүстік Америка тарихын жазған Фолкнер тәрізді Толстойдың басты, негізгі ерлігі де осыдан тұрады. Оның романдарын ештеңеге қарамай-ақ оқи отырып, адамзат ашу-ызасының құрдым тұңғиығына шым бата түсеміз, небір жағымсыз жағдайлар мен түрлі қиыншылықтарға қарамастан адамзат өз ғұмырының барлық қысылтаяң кезеңдерінде бай әрі терең болатындығына көзіміз жете түседі. Өйткені біз тек осы өмірде ғана емес, алып романдардың кейіпкерлер әлемінде де өмір сүре аламыз.

Менің көңілімді көптен күпті етіп жүрген сұрақты ортаға тастамай, бұл мақаланы аяқтай алар емеспін: әдебиет саласындағы алғашқы Нобель сыйлығы Лев Толстойға емес, Сюлли Прюдомға (Sully Prudhomme) қалайша табысталды? Дәл қазіргідей, сол кездің өзінде-ақ «Соғыс және бейбітшіліктің» бүкіләлемдік әдебиетте ғасырда бір туатын ғажайыптың бірі екендігі анық болды емес пе?

Марио Варгас Льоса
Тәржімалаған Еділбек ДҮЙСЕН