«Адай ата – Отпан тау» кешенінде дәстүрлі «Ағадан – алғыс, атадан – бата» атты ақындар кездесуі өтті. Шараға «Жыр жебе» айтыскер ақындар мектебінің түлектері мен Ақтау қаласы №8 орта мектеп оқушылары қатысты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ақындар кездесуінің негізгі мақсаты – жас айтыскер ақындар мен аға буын өкілдерін өзара байланыстыру, ақыл-кеңестерін беріп, тәжірибесімен бөлісу. Сонымен қатар айтыс өнерін насихаттау.

«Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Ақтау қаласынан ақын Фархад Мұсаев «Жыр жебе» атты айтыскер ақындар мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеп жүргені белгілі. Тіпті, шәкірттерінің бірқатары облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпазы, жүлдегері атанып, облысымызға олжалы оралып жүр. Мағжан Жұмабай, Мейірбек Саламатов, Алшын Сүйемов, Ердәулет Сардар, Жолдас Қуаныш және Теңел Қайырбек есімді жас ақындарымыз сөз өнерінде сүрінбей жетістікке жеткен. Олар шара аясында «Құлмамбет айтыс» түрінен кезектесіп айтысты. Осылайша қатысушыларды бір сілкінтіп тастады», — дейді «Отпан» МКҚК бөлім меңгерушісі Жомарт Айдарбек.

«Адай ата – Отпан тау» кешенінде жас ақындар бас қосты

Сондай-ақ ақындар кездесуі барысында Адайдың жеті қайқысы Өскембай Қалмамбетұлының ұрпағы Қайырбек Теңел мен Қуаныш Жолдас көпшілік алдында жыр жырлап, күй күмбірлетіп, сөзден маржан терді. Ал И.Сүйеубаев атындағы мектептің 9 –сынып оқушысы, «Сазген» өнер мектебінің түлегі Рақымжан Жаңабаев көпшілікке өз өнерін көрсетіп, жырды нақышына келтіріп орындады. Дәстүр бойынша үлкендер жастарға бата берді. Ұлы жолды жалғайтын азамат болуды, ұлттық өнерді өлтірмейтін өнер иесі болуына ағалық тілек білдірді.

«Адай ата – Отпан тау» кешенінде жас ақындар бас қосты

Шара соңында маңғыстаулық жастарға ақын-жыраулардың жыр жинақтары берілді.

 

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді ұсынған «Отпан» МКҚК бөлім меңгерушісі Жомарт Айдарбек