Рауан газет rauan gazet

Әне, міне дегенше болған жоқ, келесі жылға баспасөзге жазылу науқаны да келіп жетті. Қаныма сіңген қасиет газет-журнал оқуға деген қызығушылықпен мен асыға күтетін сәт, бұл. Осы кезге дейін бұл науқаннан қалыс қалып көрген жоқпын. Дөңгеленген дүниенің күнделікті хабарын, жағымды жаңалықтарды, рухани тұрғыдан өзіңе қажетті ақпаратты аламын деген әрбір адам жазылудан қалыс қалмауы керек деп ойлаймын.

Рас, қазіргі кезең — ақпарттың жедел дамыған заманы. Әрбір адамның қолында ұялы телефон бар. Интернет желісіне қосып алып, дүниенің төрт бұрышының хабарын біліп отыратын жағдайға жеттік. Ұлы телефонның пайдасымен қатар адамға тигізетін зияны туралы да естіп жүрміз. Телефонға тесіліп көп қарап оқыған адамның көзінің көруі нашарлайтынын мамандар сақтық ретінде айтудай-ақ ақыл-кеңестерін айтып келеді.

Сол үшін газет-журналдарды жазылып алып оқыған тиімді. Елдің күнделікті тыныс-тіршілігін, өзіңе қажетті дүниелерді газеттен қолыңа ұстап, кез-келген жерде жұмыстан қолың босап, үйде демалғанда оқуға мүмкіндік болады. Қолыңдағы газетті телефон байланысының бар-жоғына қарамай, байланыс аясынан тыс жерлерде де оқи бересің. Яғни ешнәрсеге тәуелді болмайсың. Және қолыңа ұстап оқысаң кәдімгідей сезініп, нанымды көзқараспен оқисың. Мен өзім ұялы телефоным бола тұрса да газетті қолыммен ұстап отырып, оқығанды оңтайлы көремін. Қолыма ұстап оқығанның орны бір бөлек. Сайттан оқысам, маған басқа біреу хабар айтып отырған секілді сезіледі.

Осындай баспасөзге жазылу жүріп жатқан кезде өзімнің ықыласым ауған газетке жазылумен үшін өмірімде қалыптасып қалған қағида, жазылмаған заң. Маған ешкім «Мына газетке жазыл» деп айтпай-ақ, өзімнің патша көңілім қалаған газет-журналға жазылу әдетім.

Осы орайда айтайын дегенім, көпшілік адамдар күнделікті күйбің тірліктің таусылмайтын шаруасымен жүргенде газетке жазылуды ұмытып кетеді немесе мезгілінен кешігіп қалады. Сондықтан баспасөзге жазылуды ұйымдастырушылар тарапынан және газет қызметкерлерінің жазылуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені артық емес. Жасыратыны жоқ, қазір жұрттың бәрі газет оқи бермейді. Газет жөнінде үгіт-насихат жүргізілсе, адамдар бір-бірінен естіп, жазылуға оң ықпал ететіні сөзсіз.

Мен өзім ғана жазылып қоймай, қатар жүрген дос-жарандарыма, «Газетке жазылсаң, елдің хабарын біліп отырасың, ата-бабаның өткен тарихын білесің және өзіңе қажетті заңдар мен пайдалы кеңестер аласың, сол үшін өзіңнің ауылыңның газетіне жазылуды ұмытпау керек» деп айтып жүремін.

Мен өзім газет-журналдарға жазылу кезінде ең алдымен Бейнеу ауданының төл газеті — «Рауанға» бірінші кезекте жазыламын. Өздерің көріп, біліп жүргендей, «Рауан» газеті апта сайын Бейнеу ауданындағы оң өзгерістерді, жаңалықтарды жария етіп келеді. Елдің арғы-бергі тарихынан сыр шертіп, ой толғайтын әңгімелерді, оқиғаларды соңғы кезде көбірек жазып жүр.

Газетке жазылсаң, күнделікті өміріңе қажетті заңдар мен мамандардың түсіндірмелерін, дәрігерлердің аурулардың алдын алу жөнінде дәрігерлік кеңестерін оқисың. Бұл адамға керек пе, әрине, керек!

Қазіргі кезде баспасөзге жазылу науқанына байланысты баспасөзді таратушылар мен «Рауан» газетінің қызметкерлері мекемелерге, кәсіпорындарға барып, газетке жазылуды еске салып жүргенін естіп жатырмыз. Алдағы уақытта аудандық газеттің беттерін көбейту және тартымды материалдарды көптеп шығару жоспарлары бар екен. Өте орынды. Газеттің беті көбейсе, оқитын материалдарымыз да көбейеді деген сөз. Әрине, оның ішінен бәрін оқымағанмен де өзіңе керекті дүниелерді оқитының белгілі. Яғни таңдап оқуға мүмкіндік болады.

Айта-айта келгенде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауданымыздың хабарын жазатын «Рауанға» жазылуды ұмытпайық, ағайын!» деймін.

Кенжебай ЕРЕЖЕПОВ,
зейнеткер

Көрнекі сурет сайттың архивінен

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз