Елбасы Н.Назарбаев еңбек жолын бастаған Қарағандыда «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қоры «Аманат» жобасы аясында «Аманат» сыйлығының тұсауы кесілген болатын. Маңғыстауға іссапармен келген ұйымдастырушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, тұңғыш рет тағайындалған қоғамдық тану сыйлығын облысымызда жариялады.

«Аманат» сыйлығының өкілі Ырза Тұрсынзада Қарағанды қаласынан кейін сыйлықтың қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі Маңғыстау өңірінде жалғастыру ұйғарылғанын айтып өтті. Ұйымдастырушылар Бекет ата мешітіне зияраттап, арнайы деректі фильм түсіретінін хабарлады. «Аманат» сыйлығы аясында қоғамдық кеңес құрылып, төрағасы болып мемлекет және қоғам қайраткері Қайролла Ережепов тағайындалғанын, құрамына өлкемізге белгілі азаматтар кіргенін жеткізді.

– Сыйлықтың негізін қалауда еліміздің бірлігін сақтау, әрбір адамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, отансүйгіштікке баулу, қоғамды игілікті істерімен көпке үлгі болған жандарға құрмет көрсетуді мақсат тұттым. Бұл бастамаға ел Үкіметі, «Нұр Отан» партиясы және барлық өңірлер қолдау көрсетіп жатыр. Сыйлық тағайындау өңірлік және республикалық кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең 1 тамызға дейін,екінші кезең 2 тамыз- 1 қазан аралығында жүргізіледі. Әр өңірден еліміздің дамуына еңбек сіңірген әр саладан 7 тұлға таңдап алынады. Содан кейін республикалық деңгейде бақ сындайды. Жүзден жүйрік шыққандар «Ел аманаты», «Аманат» аталымдары бойынша марапатталады,– деді «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қорының президенті, «Аманат» сыйлығының негізін қалаушы Зәуре Беисова.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суретті түсірген Ердос ҚОЖАНТАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз