Былтыр Елбасы бастамасына сәйкес ерікті ішкі көші-кон үрдісі бастау алған болатын. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік өңірлерге халық тығыз орналасқан, жұмыссыздық белең алып отырған Оңтүстік, Батыс, Қызылорда облыстарынан  жүздеген отбасы қоныс аударды. Жаңа жобаның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, оралмандар, жоғары оқу орындарының түлектері мен  жоғары білімді азаматтарға мол мүмкіндіктер ұсынылады. Алдымен көшуге 79 мың теңге көлемінде жәрдемақы бөлінеді. Бағдарлама аясында былтыр Ақтау қаласынан екі отбасы Риддер қаласына қоныс аударған. Қазіргі таңда жас отбасы мүшелері толықтай жұмыспен қамтылған, тұрмыс-тірлігі, хал-ахуалы жақсы. Биыл аталған бағдарлама аясында солтүстік-шығыс өңірлерінің жергілікті атқару органдарының өкілдері Маңғыстау жеріне келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ерікті көші-қонды ынталандыру мақсатында Ақтау қаласында  «Ерікті қоныс аудару» форумы өтті. Басқосуға  жергілікті билік өкілдері, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлері және тұрғындар атсалысты.

Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО)

«Өздеріңізге мәлім көші-қон саясаты стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Көші-қон саласында демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму теңгерімі мәселесі бой көтерді. Соңғы он жылда сыртқы және ішкі көші-қон ағымы Маңғыстау өңірінде халық санының артуына оң ықпал етті. Экономика өсімін индустрияландыру, инфрақұрылымдық жобалар арқылы қамтамасыз ету дамудың индустриалды-инновациялық моделіне көшуге мүмкіндік берді. Елбасы жастарға «білімді, еңбекқор, бастамашыл болыңдар, жұмысқа сұраныс бар өңірлерге батыл барыңдар» деп ерекше сенім артты. «Өркениетті қоғамда халықтың қолайлы өңірлерге қоныс аударуы қалыпты құбылыс» екендігін қадап айтты. Тарихқа үңілсек, 60-жылдары тың игеру жұмысына жалынды жастар жұмылдырылды. Одақтың төрт бұрышынан жолдамамен келген жастар Маңғыстаудың байырғы тұрғындарымен бірге Бозащы түбегін танымал еткен еді. Бүгін осы форум аясында ерікті көші-қон аудару бағдарламасы талқыланып, қоғам белсенділері, ел ақсақалдары, жастар өкілдері сөз сөйлейді»,-деді өңір басшысының орынбасары Шолпан Лазарқызы.

Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО)

Солтүстік-шығыс өңірлерге қоныс аудару, жұмысқа орналасу, жеңілдіктер мен жәрдемақылар турасында Қоғамдық кеңес төрағасы Сағын Ерқасұлы сөз сөйледі. Бұл бастаманың оңтайлы тұстарына баса назар аударып, болашағы жарқын жастарға берілген мол мүмкіндік екендігін ескерді.  Форум барысында аталған өңірлерден келген өкілдер баяндама оқыды. Мәселен, Павлодар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балтабай Маданиұлы мүмкіндіктер мен жеңілдіктер турасында айтып өтті. Павлодар облысында 755 мыңдай халық тұрады. Облыста  10 аудан, 3 қала бар.

Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО)

«Павлодар облысында үш жарым мыңнан астам бос жұмыс орындары белгілі. Оның 1055-і ауылдық жерлерде орналасқан. Кәсіп түрлері барлық саланы қамтиды. Сонымен қоса, 4 млн. гектардан астам кең-байтақ құнарлы дала жатыр. Өз қалауымен іс  бастауға ниетті азаматтарды жан-жақты қолдауға әзірміз. Қазіргі таңда жекеменшік қожалықтарда 140-тан аса үйлер дайын тұр. Тегін үй беру, жәрдемақы төлеу жайы қарастырылған. Егер отбасы ауылдық жерге қоныс аударатын болса, пәтерақысына бір жыл бойы айына 45 мың теңгеге жуық қаражат төленеді. Егер қалаға көшсе, онда 50 мың теңге төленеді. Шаруа қожалықтарында жұмыс істеуге ниетті отбасылар малмен қамтылады. Біздің өңірге Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінен азаматтар қоныс аударуда. Себебі облыста жұмыс күші аз»,-дейді Балтабай Маданиұлы.

Шығыс Қазақстан облысында өзге ұлт өкілдерінің тарихи Отанына қоныс аудару үдерісі етек алуда. Мәселен, өткен жылы облыстан  51 900 өзге этнос өкілдері өз Отанына көшіп кеткен.  Қоныс аударған халықтың 80 пайызы еңбекке жарамды жандар екен. Сол себепті, аталған өңірде сан түрлі сала мамандарына сұраныс жоғары. Дәрігер мен ұстаздар жоқтың қасы. Агроном, зоотехник, ветеринар сынды ауылшаруашылығы мамандары таптырмайды. Сол себепті шығыс аймаққа қоныс аударып, білек сыбанып, еңбек етем деушілерге бар жағдай жасақталған. Мәселен, Шуманай ауданында 120 пәтерлік үй салынып жатқан көрінеді. Қазақтың кең-байтақ аумағын жатсынбай, алаламай, қоныс аударуға ниет танытқандар тіпті әйгілі Қатон-Қарағайға қоныс тепсе де өз қалауы. «Қазақ Швейцариясы» атауына әбден лайық, тал бесік табиғаты тамылжып тұрған аймаққа  көшіп, өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосқысы келетіндерге мүмкіндік зор.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Сергейұлының сөзіне сүйенсек, солтүстікте бес жыл ішінде 1044 жұмыс орны құралған. Балабақшалар мен орта білім ордалары  Шағын не орта бизнеске бет бұрып, өз ісін ілгерілетем деушілерге тосқауыл жоқ. Қайта несие рәсімдеу, іс-құжат жинақтау жұмыстарына жеңілдіктер көзделген екен.

Форум аясында қатысушылар өзіндік пікірімен бөлісті. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облыстық филиалы басшысының орынбасары Нұржігіт Хайруллаев аталған аймақтарда кәсіпкерлікті дамыту бойынша тәжірибесімен бөлісті.

«Біз Қостанай облысында бір ай көлемінде іссапармен болдық. Сол өңірдің бизнес-құрылымдарының қызметімен таныстым. Бір айтарым, Қостанай өңірінде кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік зор. Біріншіден, ауыл шаруашылық мамандары тапшы. Сонымен қатар, солтүстік өңірлер егін егу мен мал өсіруге өте қолайлы. Жері құнарлы, су қоры мол. Біздің облысымыздан  азаматтар көшіп баратын болса, осы  бағытта жұмыс істеулеріне болады»,-дейді Н.Хайруллаев.

Сонымен қатар, Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова өңірге маңдай тіреген қонақтарға ризалығын білдірді. Жастар мен жоғары оқу орнының түлектері жат жер деп жатсынбай, кез келген жағдайға икемделіп, жаңа кәсіпті меңгеруге бейім болуы керектігіне баса назар аударды. Астарлы мемлекет саясатын дұрыс ұғынып, бүкіл еліміздің дамуына еңбек етуіміз қажет екенін ескерді.

Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО)

Форумға аталған өңірлерге қоныс аударуды ойға алған азаматтар да қатысты. Мәселен, Асқар Тәжіғұлов Павлодар облысына көшуге шешім қабылдады. Он жыл бойы Ақтау қаласында тұрса да, биыл Керекуге қоныс аудармақ. Ауылшаруашылығы саласының маманы болып жұмыс істегісі келеді.

«Отбасым, екі балам бар. Павлодарға қоныс аударып, тұрақты жұмыс тапсам деймін. Баспаналы болғым келеді. Бұл жұмыссыз жүрген жандар үшін зор мүмкіндік болмақ. Осы мүмкіндікті қапы жібермей, құжаттарымды әзірлеп жатырмын»,-дейді Асқар Тәжіғұлов.

Биыл солтүстік-шығыс аймақтарға қоныс аударғысы келетіндер саны еселенбек. Мәселен, күні бүгінге дейін жүзден аса отбасы бағдарлама мүмкіндіктеріне қызығушылық танытқан екен.

Голрох Жеменей
Cуреттерді түсірген Серік Майемеров

Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО) Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО) Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО)Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО) Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО) Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО)Көптен қалмай, көшке ілес! (ФОТО)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз