планшет зауыты

Ақтаудағы планшет зауытының ғимаратында 2021 жылдан бастап полипропилен қапшықтары өндірілмек, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Маңғыстау өңірлік коммуникациялық қызметінің хабарлауынша, 7 жыл бойы бос тұрған планшет зауытының ғимараты 105 миллион теңгеге сатылған.

Жаңа компания химиялық және құрылыс саласындағы кәсіпорындарға арналған «БИГ-БЕГ» деп аталатын ірі өндірістік қапшықтарға басымдық береді. Инвестициялық жобаның құны 900 млн теңге. Сондай-ақ, 40 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.

Полипропилен қапшық шығаратын зауыт директорының міндетін атқарушы Еркебұлан Баймолдиннің айтуынша, зауыт жылына 250-ден 500 мың қапшыққа дейін өндіретін болады.

Оқи отырыңыз: Отпан тауда Қабиболла Сыдиықовтың 85 жылдығы аталып өтті

«Қазір аймақтағы битум, цемент, минералды тыңайтқыш сияқты көптеген заттарды шығаратын кәсіпорындар қажетті қапшықты шетелден сатып алып отыр. Біздің өнім шықса, импортқа деген тәуелділіктен арылады деген ойдамыз. Болашақта ішкі нарықпен қатар, экспортқа шығу да жоспарда бар»,— дейді Еркебұлан Баймолдин.

Компания басшылары өндірісті келесі жылдың аяғында іске қосып, полипропилен қапшықтарды 2021 жылдан бастап шығаруды көздеп отыр.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ