Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен кезекті аппарат жиынында «Ауыл – ел бесігі» жобасы және қолданыстағы балабақшалар жанынан мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы топтар құру туралы мәселелер қаралды. Өздеріңізге белгілі, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде еліміздің ауылдық жерлерін дамыту бойынша атқарушы органдарға ауқымды тапсырмалар берген болатын. Сол жүктеме аясында «Ауыл – ел бесігі» жобасы шалғайда жатқан ауылдарды көркейтіп, дамытуға бағытталып отыр. Жалпы облыс көлемінде барлық ауылдардың саны – 58. Соның ішінде бес мыңнан жоғары халық тұратын 23 елді мекен бар. Осы елді мекендер «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша кезең-кезеңімен көркейтілмек.

«Бұл жоба ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Енді осы жобаға егжей-тегжейлі келетін болсақ, жоғарыда айтылып өткен 23 елді мекеннің 11-і қалаға жақын орналасқан аудандарға тиесілі. Атап айтар болсақ, Өмірзақ, Қызылтөбе, Бірлік, Дәулет, Атамекен, Басқұдық, Баянды, Батыр, С.Шапағатұлы және Ақшұқыр ауылдары. Сонымен қатар  даму көрсеткіші жоғары 6 ауыл бар. Олар – Бейнеу, Құрық, Шетпе, Сайөтес, Жыңғылды, Ақжігіт. Ал даму көрсеткіші орташа ауылдарға Қызылсай, Теңге, Рахат, Мұнайшы, Жетібай, Боранқұл жатады. Осылардың ішінен алғашқы кезеңге, яғни 2019 жылға Маңғыстау, Ақшұқыр, Шетпе ауылдары іріктелді. Іріктелген ауылдарда жаңа жұмыс орындарын құру көрсеткіштерін арттыру, халықтың әл-ауқатын көтеру және басқа да оң нәтижелі көрсеткіштер үшін жұмыстар атқарылады. 2019 жылы ауылдарға аты аталған бағдарлама бойынша 1,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржы ауыл іші жолдарын салу, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеуге жұмсалады. Оның ішінде Маңғыстау ауылын дамытуға – 432,4 млн. теңге, Шетпеге – 376,3 млн.теңге, Ақшұқырға  –  376,3 млн.теңге бөлініп отыр. Ал 2020 жылы Бейнеу, Құрық, Қызылтөбе ауылдарын дамытуды бастаймыз. Оған 2,9 млрд. қаржы бөлінеді деп күтілуде», – дейді аты аталған бағдарлама шеңберінде жасақталған жоспар туралы баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлібекова.

Ауылдарда өмір сүру сапасы жақсарады

Ал қалған халық саны аз 25 ауылды дамыту бойынша облыс әкімі Е.Тоғжанов ауыл шаруашылығы басқармасына жоспар әзірлеуді тапсырды.

Одан кейін мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы топтар ашу мәселесі бойынша облыстық білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыста 5485 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бұл барлық баланың 2%-ын құрайды. Бір өкініштісі бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбейіп келеді. Мәселен, соңғы үш жылдың ішінде мүмкіндігі шектеулі бала саны 1600-ге артқан. Сондықтан арнайы білім беру ұйымдарында орын жетіспеушілігіне байланысты қосымша топтар ашуға қажеттілік туындап отыр.

«Облыс бойынша сыйымдылығы 338 орындық 2 арнайы балабақша, 662 орындық 4 арнайы мектеп, 310 орындық 6 түзету кабинеті, 3 психологиялық-педагогикалық    медициналық кеңес, 175 орындық 1 оңалту орталығы, барлығы 16 арнайы ұйым қызмет көрсетеді. Алайда бала санының қарқынды өсуіне байланысты Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданының балаларына арнап бір психологиялық-педагогикалық медициналық кеңес ашу қажеттігі туындап отыр. Сонымен қатар Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында мүмкіндігі шектеулі 347 бала кезекте тұр. Осыған орай кезекте тұрған бұл балаларды толықтай қамту үшін қолданыстағы балабақшалардан 16 арнайы топ ашуды жоспарлап отырмыз», – дейді А.Сейдалиев. Айта кету керек, ашылатын топтарды материалдық-техникалық базамен жабдықтауға 304,1 млн. теңге қаражат, сонымен қатар Жаңаөзен қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы мекемелерге тасымалдайтын 2 көлік қажет екендігі айтылды. Сондай-ақ кадр мәселесі де тапшы. Жоғарыда айтылған топтар ашылып, жұмыстарын бастау үшін 26 маман қажет. Осы бойынша да білім басқармасының басшысы Алматы, Ақтөбе, Қарағанды қалаларының ЖОО-мен жұмыс жасап жатқандығын айтты.

Ауылдарда өмір сүру сапасы жақсарады

«Жоғарыда айтылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған топтар ашу – салдарымен күресу жолы, ал сол салдарды болғызбай, себептерін анықтап, алдын алу медицина саласы мамандарының міндеті» деген өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жұмысын сынға алды. Себебі жүктілік кезінде құрсақта жатқан сәбидің денсаулығы мен өмірі анасымен қатар ақ халаттыларға да тікелей байланысты. Жиын соңында Е.Тоғжанов көктем мезгілінде жүріп жатқан сенбіліктерге байланысты облысты көркейтіп, көгалдандыруға, ағаш егіп, сауап жинауға барлық мекеме басшылары мен қызметкерлерін, сонымен қатар түрлі саладағы кәсіпкерлерді бір кісідей атсалысуға шақырды.

Айгүл ОРЫНБАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ