Отбасы – шағын мемлекет. «Отан — отбасынан басталады» деген нақыл сөзді басшылыққа алар болсақ, алдымен Отанды құрайтын шағын мемлекеттердің іргесі мықты болу керек. Әрбір жанұя сезім мен сенім, сыйластық пен түсіністік қасиеттері арқылы ұл мен қызын үлкенді құрметтеуге, ойын астарлап айтуға, қыз баланы сыйлауға, ұлағаттылыққа, мейірімді, өнерлі де өнегелі болуға тәрбиелеуге жол ашады. Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүріп, ел ішінде ешқашан жұптарын жазбай жарасымды жанұя құндылықтарын насихаттайтын «Мерейлі отбасы» жобасын Елбасы Н.Назарбаев 2013 жылдың желтоқсанындағы Жарлығында жыл сайын өткізуді тапсырды.  Бұл жобаны өткізудегі басты мақсат ана сүтімен қанымызға сіңген игілікті салт-дәстүр, ежелден қазақ отбасына тән асыл қасиеттерімізді қастерлейтін  үлгілі отбасын дүйім жұртқа таныстыру болып табылады. Дәстүрлі түрде өткізіліп отырған ұлттық байқаудан өлкеміздің өзге де өнегелі отбасылары қалыс қалған емес. Қойнауы қара алтынға бай, мұнайлы Жетібай өлкесінің тумасы, есімі алты алашқа танымал сазгер-композитор О.Құлсариевтің отбасы өткен жылы  республикалық «Мерейлі отбасы» атағын иемденген болатын.  Биылғы жылы да осы жеңісті қайталаймыз деп сеніп отырмыз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, ұстаз деген ұлы ұғымды ту еткен ардагер-ұстаз, білім беру ісінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері  А.Құрмашевтың жанұясы Маңғыстау облысындағы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жеңіс тұғырынан көрінді. Керегесі кең, босағасы берік қара шаңырақтың ақылшысы А.Құрмашев, әкеден жастай жетім қалып, жалғыз анасының қас-қабағын бағып, жанына жалау  боламын деген ниетте үй тіршілігіне де, сырттың жұмысына да ерте араласады. Сол себепті «жетістіктің сыры – еңбекте» деген ұстанымды ұстанатын қария, балаларынан да, өзі тәрбиелеген шәкірттерінен де көп еңбектеніп, ата-ананың «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» жетілдіріп, оқытып-тоқытқан парызын , олардың берген тәлім-тәрбиесі мен өнегесін адал еңбектерімен, адамгершіліктерімен қарыз ретінде қайтаруды талап етеді.

Жүрегінің пейілі елдің бәріне бірдей Алдаберген ағайдың жұбайы Сәния Туғанбаева медицина саласының үздігі, «Алтын алқа» медалінің иегері,  25 немере мен 22 шөберенің сүйікті әжесі. «Отандасқандарымызға жарты ғасырдан астам уақыт болды. Осы аралықта бір-бірімізді үнсіз ұғынысып, ыммен түсінісе білген біздің отбасымызда ұрыс-керіске орын жоқ», —  дейді отанасы.  Қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей сезініп, суығы мен ыстығына күйіп-піскен, қайғысы мен қуанышын бірге бөліскен, өмір бойы бір-біріне демеу, сүйеу бола білген, сыйластығы сырттарынан көрініп тұратын отбасылық жұп 7 бала тәрбиелеп өсіріп, олардың әрқайсысының жоғары білімді маман иесі болуларына тек ата-ана парызы деп қарамай, олардың саналы ортаның салауатты азаматы болуына ден қойған. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, шаттықтың шуағы шашылған шаңырақтың ұл-қызы мен келін, немерелерінің көпшілігі әке жолын жалғаған ұлағатты ұстаздар. Қанатын кеңге жайған әулеттің мерейлі ұрпақтары бірі домбыра шертсе, енді бірі гитараның құлағында ойнайтын өнерлі жандар.

Анасының табан ет, маңдай терін бағалай білген бала Алдаберген мектепті озат аяқтап, Гурьевтің Мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика мамандығын алып шығады. Ең алғаш еңбек жолын интернаттарда пионер-тәрбиелеуші, кейіннен Н.Жұбаев атындағы орта мектепте мұғалім, осы білім ордасы директорының  оқу-тәрбиесі ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Білім беру саласында 48 жыл бойы талмай, тынбай еңбек еткен ұлағатты ұстаздың ынтымақ пен бірлік жарасым тапқан отбасы —  бүгінде тамырын тереңге жайған мәуелі бейтерек сынды абыройы асқақтап, мерейі тасып тұр.

Көпке үлгі шаңырақтардың ішінде үздік атанып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңіне жолдама алған  Құрмашевтар жанұясына жеңіс тілейміз.

Г.ШЫҢДЫБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз