спорт кешені

Ақтауда жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, әрі спорттық шеберлігін шыңдап, денсаулық нығайтуға мүмкіндік беретін «Меловое» спорт кешені ашылды. Тарихы ерекше спорт кешеннің құрылысы өткен ғасырдың 80-ші жылдары басталып, Кеңес Одағы тараған уақытта тоқтап қалған. Араға отыз жылдай уақыт салып, 2016 жылдың қаңтарында құрылыс жұмыстары қайта қолға алынған. Бүгін сол спорт кешені қала тұрғындарының игілігі үшін өз жұмысын бастады.

Спорттық ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, орталықты аралап, жаттықтырушылармен тілдесті. Салтанатты шараға «ҚазкорТрансСервис» акционерлік қоғамының қызметкерлері мен қала тұрғындары көптеп жиналды.

«Бұл – қала тұрғындарына, жасөспірім оқушыларға, өзіміздің қызметкерлерге арналған мереке қарсаңындағы тартуымыз. Спорт кешенінде 15 адам қызмет етеді, қызметкерлер саны әлі де көбейе түспек. Қазір гимнастика залында 100-ге жуық бала жаттықса, жүзу бассейніне 700-ге жуық абонемент сатылды. Ал, өз қызметкерлеріміз үшін 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған», – деді «ҚазкорТрансСервис» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әли Сахимов.

Спорт сүйер қауымның басын біріктіретін кешен балет, көркем гимнастика, жаттығу залымен, шағын футбол алаңымен, жүзу бассейнімен қамтылған. Мұнда классикалық негіздегі балет мектебі жұмыс істейді. Бүлдіршіндерге балет өнерін Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі Ерболат Асылғазинов үйретіп жатыр. Ол Маңғыстау облысына балет өнерін дамыту мақсатында шақыртумен келіпті. Қазір болашақ балет шеберлерін дайындау үшін іріктеу жүріп жатыр.

Тағы оқыңыздар: Ақтауда 500 орындық жатақхана пайдалануға берілді (ФОТО, ВИДЕО)

Бұл күні қос мереке қатар келіп, спорт кешенінің ашылу салтанаты «Мектепке жол» акциясымен жалғасты. Спорт орталығы өз есігін білім күні қарсаңында айқара ашқандықтан, «КазкорТрансСервис» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған балаларына қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Облыс басшысы Ералы Тоғжанов 1 сыныпқа баратын оқушыларға сәт-сапар тілеп, жақсы тілектерін жаудырды.

– Мектеп табалдырығын аттағалы отырған балдырғандарға жолы болсын дейік. Үлкен істердің бәрі алғашқы қадамнан басталады. Қадамдары құтты болсын, басқан іздері нық болсын, жолдары ашық болып, бастарына бақ қонсын! – деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ