Мұрат Өскінбаев атындағы филармонияда ақын, аудармашы Рза Оңғарбайдың 70 жас мерейтойына арналған «Сүмбіленің сәулесі» тақырыбымен шығармашылық кеші өтті.

Кешті жүргізушілер «Өлең өрісіне елу жасында қайта оралып, жиырма жылда Таушықтың сансыз тауларының арасынан өзгешеленген, Дәніспандай ай­барақтанған, өлең-­сүйегінің бі­тім-­порымы бәденді ақын, ау­дармашы Рза Оңғарбай биыл 70 жасын толтырды. Сүмбіледе туып, өлең көгінде сол жұл­дыздай жарқырамағанмен, ас­панның көкжиегіне, халықтың көкірегіне жақын жүрген ақын» деп таныстырылған кеш иесі көрермен алдына шығып, алтын уақыттарын бөліп, өзін құрметтеп келген көпшілікке алғысын айтты.

«Қазақтың бір шумақ өлең шығарып айтпайтыны жоқ» деп өзінің 70 жасына арнаған «Жетпісім» өлеңін оқыды.

Ақынын ардақтап, мерейжасымен құттықтау үшін сахнаға облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев шығып, ай­мақ басшысы Серікбай Трұ­мовтың құттықтау хатын оқып беріп, әкімдік атынан мерейтой иесіне кәдесый тарту етіп, ат мінгізді.

Одан соң кеш иесінің ағасы Сәтиман Өмірбайұлы сөз сөй­леп, мерейжас иесінің атақ­ты Сәттіғұл ақынның батасын алғанын, сол батаның оның кейінгі өміріне азық болып, өлең­-жырға әуес болып, ақын атанғанын айтты.

Аталмыш кеште ақын­ның жиырма жылдық шы­ғармашылық белесінің қоры­тындысы есебінде екі бірдей кітабының – Омар Һайям ру­баиларының аудармасы және «Ойларым менің ормандай» деп аталатын төрттағандарының тұ­сауы кесілді.

Су жаңа кітаптардың тұса­уын кесу құрметі облыс әкі­мінің орынбасары Қаныбек Жұмашевқа, Түпқараған аудан­дық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досановаға және Рзе­кеңнің ағасы Сәтиман Өмір­байұлына ұсынылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сабыр Адай: «Рза Оңғарбай – поэзияның, әдебиеттің айдынына көктем шыға қона салмай, кербез толғап, кемел қалықтап жаз орталағанда жалғыз келіп мамырлап, сәнімен таранып, әнімен жаңарып, жа­ғалай қоға, жалпақ елге балпаң­-балпаң жүрісімен, балдай тәтті үнімен, жырымен танылып үлгерген елжанды ер, егеулі қалам, тұғырлы Талант!» деп бағалаған кеш иесінің туған жер тақырыбындағы өлеңдер топтамасын Н.Жантөрин атын­дағы Маңғыстау облыстық му­зыкалық драма театрының әр­тістері оқыды.

Рзекең бойында қорда­ланған шығармашылық әлеуетін орынды әрі сарқа жұмсайтын ақындардың сойынан. Соның бір мысалы – сазгерлермен шығармашылық одақ орнатып, ән мәтіндерін жазуы. Бұл кез келген ақынның қолынан келе бермейді. Өлең құрау бір басқа да оны әннің ырғақты құрылымына лайықтау бір басқа. Рзекеңнің бұл бағыттағы талабы да жеміссіз болған жоқ. Жергілікті сазгерлермен бірлікте талай әндер дүниеге келді.

Осы сөздердің дәлелі ретінде кеш барысында Рахат Еңсегеновтің «Туған елдің ырысы» әнін ҚР мәдениет қайраткері Әбіл Жұмағалиев және Данияр Аралбаевтың әні «Ақтау вальсін» ҚР мәдениет қайраткері Нұрияш Оспанова орындады.

Қаламгерліктің арын таптат­пай, айбынын асау күйінде әбзелдеп, кермеден кесіп өтіп, өзіне тиесілі орнын олжалап жүрген ақынның «Таушықтың сансыз таулары-­ай»,      «Дәніс­пантау» атты кітаптары жарық көрді. Аударма алқабына да түрен салып, тісқақты ақын­дардың тісі бата бермейтін Михаил Лермонтов, Кайсын Кулиев, Юлия Друнина, Алим Кешоков, Әсел Сахипова, Бақытжан Қана­пиянов сияқты ақын­дардың өлеңін қазақи қалыптады.

Одан соң Марат Орда­баевтың «Жастығым қайда асықтың» әнін ҚР мәдениет саласының үздігі Нұржамал Ноғаева орындады.

Соңғы уақытта афоризм және әзіл әңгімелер жазумен айналысып, «Әзілдесейік, әлеумет» деген кітабын да шығарып үлгерген ақынның достық әзіл, шымшымалары оқылды. Айкүміс Доса­нованың «Қайран өмір» әнін Рима Жапақова орындады.

Шығыс және Орта Азия поэ­зиясында кең таралған лири­калық өлең түрлерінің бірі – рубаят, яки төрттаған. Рубаят төрт жолдан құралып, философиялық мазмұндағы аяқталған бір ойды білдіреді. Әлем әдебиетінде әй­гілі парсы ақыны Омар Һайям артына күні бүгінге дейін көп­шіліктің аузында жүрген ру­баяттарын қалдырды. Рзекең болса, Омар Һайямның рубаяттарын аударып, «Қандай нұрлы дидарың» деген атпен жеке кітап шығарған.

Омар Һайямның рубаяттарын тәржімалап, олардың шығар­машылық қуатын сезінген Рза Оңғарбай да өмірден өзі түйген ойларын төрттағандарына сыйдырып, салмақты пікір айта білді және осы бағытта жазылған, бірыңғай төрттағандардан тұра­тын «Ойларым менің ормандай» атты жыр жинағын дүниеге келтірді. Бұл – біздің облыста ғана емес, жалпы республика әдеби әлемінде сиректеу жазылып жүрген жанр. Бұл да болса, ақын талантын айшықтай түсетін жайт. Өмір, қоғам, болмыс, адамгершілік, ізгілік, махаббат тақырыптарын қозғап, өзіндік ой түйетін Рзекеңнің төрттағандарын Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының әртістері мәнерлеп оқыды.

Кеш соңында Рза Оңғар­байұлына Түпқараған ауданы әкімдігі мәс­лихатының шешімімен «Түп­қараған ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Құттық­таушылар арасында облыстық мәслихат аппаратының басшысы Әділбек Дауылбаев сөз алып, кеш иесіне алғыс хат тапсырды.

«Маңғыстау-­Медиа» ұжымы­ның атынан мекеме басшы­сының орынбасары Анар Шамшадинова мен облыстық қоғамдық­-саяси «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Ғалым Әріп құттықтап, естелік айтып, сыйкәде – жауынгерлік қалқан ұсынды.

Ақынның 70 жылдық ғұмыр жолына көз жіберсек, сонау 1949 жылдың 9 қыркүйегінде Маң­ғыстау ауданы, Таушық поселкесінде дүниеге келген сәтінен бастап туған жерімен бірге өсіп, толығып бүгінгі күнге жетіпті.

Сол туған ауылында Шахта орта мектебін 1966 жылы бітіріп шығып, 1974 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша тәмамдаған соң, өзі оқыған алтын ұяға ұстаз болып оралыпты. Жігерлі жастың ұстаздықтан гөрі шаруашылық атқару жұ­мыстарына икемі бар екенін байқаған жергілікті басшылар Рза Ахметұлын партия-­кеңес, әкімшілік қызметтеріне тартты.

Сонымен 1974–2002 жылдар аралығында Гурьевте, Таушық ауылында, Ақтау қаласында әр түрлі басқармаларда, кеңес және әкімшілік қызметтерін атқарған Рзекең орта жастан асқанда әдебиет ауылына аңсары ауып, баспасөз саласына бет бұрды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН