Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында  Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен журналистер мен блогерлер арасында өткен облыстық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды.

«ЭкоМаңғыстау» үкіметтік емес мекемесі ұйымдастырған байқау төрт номинация бойынша жарияланған еді. «Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы», «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы», «2019 – Жастар жылы» және «Мемлекеттік тіл – ұлтаралық қатынас тілі» номинациялары бойынша өткен конкурсқа жалпы саны 32 журналист, блогер қатысып, комиссия қарауына 50 жұмыс келіп түскен.

Салтанатты жиынға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев журналистер мен блогерлер арасындағы байқаудың өте тартысты өткенін айтып, барлық қатысушылар мен жеңімпаздарды құттықтады.

«Қадірлі достар, құрметті БАҚ өкілдері, әлеуметтік желі блогерлері! Облыстық конкурс жайдан-жай өткізіліп жатқан жоқ. Бүгінгі қоғамдағы оқиғалар мен өзгерістерді, тың жаңалықтарды жариялауда сіздердің еңбектеріңіз зор. Ақпараттың өзектілігі уақыт өткен сайын артып келеді. Міне, сол ақпараттар әрбір қоғамның мүшесіне жетуі тиіс. Бүгін конкурстың қорытындысына арналған жиынды пафоссыз, қарапайым өткізгенді жөн көрдік. Байқау өте тартысты өтті. Бекітілген ережеге сәйкес, конкурстың әр номинация бойынша жеңімпазы біреу болуы тиіс. Өз еңбектерін конкурсқа жолдап, өңірімізде болып жатқан түрлі оқиғаларды көрсетіп отырғаны үшін әрбір қатысушыға ризашылығымызды білдіреміз. Биылғы конкурстың үлкен ерекшелігі Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, абыз ағамыз Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына орайластырылып отыр. Бүкіл Маңғыстау өңірі ел болып бір туар тұлғамыздың мерейтойын атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы атаулы шараға қатысып, мәртебемізді көтеріп тастады. Осы конкурста Әбіш Кекілбайұлына арнайы номинация енгіздік. Бұл номинацияға да Әбіш ағамызға деген ықылас-ынтасын, махаббаты мен сыйластығын көрсеткісі келіп, өз туындыларын жолдаған адамдар да көп болды. Барша қатысушыларға алғыс айтқым келеді. Әсіресе, конкурстың әр номинациясында жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар өңірдің әр түрлі саласын жіті назарда ұстап, оқиғалар ортасында жүргені үшін қуаныштымыз. Баршаңызға рахмет. Конкурсқа қатысқан барша азаматтарға алғыс. Зор денсаулық, мол бақыт, жетістіктер тілеймін», — деді басқарма басшысы Е.Күмісқалиев.

Оқи отырыңыз: «Nur Otan» партиясында қоғамдық қабылдау өтті

«Міне, бұл байқау да өз мәресіне жетті. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «ЭкоМаңғыстау» мекемесі өткізген журналистер мен блогерлер байқауы қорытындыланды. Тәуелсіз комиссия мүшелерінің ортақ ұйғарымымен жеңімпаздар анықталды. Жалпы конкурста төрт номинация болды. Дегенмен, байқау материалдарын зерделеу кезінде комиссия мүшелері қосымша марапатқа лайық авторды қосу туралы шешім шығарып, негізгі номинациялардан тыс ынталандыру сыйлығы белгіленді. Бұл жұмыстар, шындығында, марапатқа лайық. Конкурс жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын», — деді «ЭкоМаңғыстау» үкіметтік емес мекемесінің директоры Кирилл Осин.

Конкурстың шарттары бойынша әр номинация бойынша автор 3 материалдан артық тапсырмауы тиіс. Тәуелсіз конкурс комиссиясы осы талаптар бойынша түскен материалдардың барлығын жіті қарап, 5 жеңімпазды анықтады. Сонымен қатар ынталандыру сыйлығына екі жұмыстың авторлары лайық деп танылды. Сонымен негізгі номинациялар бойынша, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы үздік материал әзірлеген Маңғыстау телеарнасының журналисі Айман Нұрмағанбет пен «Хабар» агенттігінің тілшісі Тамара Степанова, «Жастар жылы» тақырыбында тұшымды мақала жазған «Маңғыстау» газетінің журналисі Жайық Нағымаш, «Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы» номинациясы бойынша Бақтыбай Жайлау, мемлекеттік тіл туралы мақалалары үздік деп танылған «Маңғыстау» газетінің журналисі Голрох Жеменей жеңімпаз атанды. Бес жеңімпаздың әрбірі 200 000 теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Ал, ерекше шығармашылық бағыты және туындылары үшін фотограф Саби Майемеров пен Әбіш Кекілбаевтың туған жеріне барып, сұхбат алып, өзінің Youtube арнасында керемет репортаж дайындаған ең жас қатысушы Жансұлу Сарыеваға 30 мың теңгенің арнайы ынталандыру сыйлығы берілді.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ