Бүгін, 28 қыркүйек күні маңғыстаулық Ауған соғысының ардагерлері жазушы, публицист Марат Тоқашбаевқа өз наразылығын білдірді. Бұған себеп – жазушының тікелей эфирде айтқан сөзі.

Ол 24 қыркүйек күні Н.Иманғалиұлы жүргізетін «Бай-қуатты болайық» бағдарламасына барған. Бағдарламаға «Құндылықтарды қайта бағалау» атты тақырып арқау болған екен. Осы ретте жазушы, публицист Марат Тоқашбаев совет-ауған соғысы жайлы деректерді тілге тиек ете отырып, соғысқа қатысқан жауынгерлерге өз көзқарасын білдірген.

Ол өз сөзінде: «Кабулдың ресми деректеріне қарағанда 1979 – 1989 жылдары совет одағының әскерлері 1,5 млн ауғандықтарды қырып жіберген. Атқан, бомба тастаған, ешқандай аяушылық көрсетпеген. «Біз Ауған соғысының ардагеріміз» деп кеудесін соғатындар үшін бұл – үлкен масқара. Ауған соғысына оларды тәуелсіз Қазақстан жіберген жоқ, оларды жіберген мемлекет келмеске кетті. Ал соғысқа қатысқан ардагерлер бүгінгі таңда «Ауған соғысының ардагеріміз» деп кеудесін қағуға, әртүрлі жеңілдіктер сұрауға ешқандай қақысы жоқ. Олар алып жүрген зейнетақысына риза болып, тыныш ғана өмір сүрсін. Олардың жас ұрпақпен кездесу өткізуінің де қажеті жоқ. Өйткені олар бейбіт жатқан елге басып кіріп, біз соларды қырдық деп мақтануы керек емес. Бұйрық орындаушы болса, онда сол бұйрығын орындаған психологиялық салмағымен өмірден өтсін», — деген еді.

«Айтылған сөзді атылған оқ» деп қабылдаған маңғыстаулық ауған соғысының ардагерлері бұл пікірмен келіспейтіндігін жеткізді. Сонымен қатар бағдарламада айтылған сөздерге заң аясында жауап беруін талап етуде.

Маңғыстаулық ауған соғысы ардагерлері Тоқашбаевқа өз наразылығын білдірді

«Бұл сөздер біз үшін өте ауыр. «Ауғандықтар» Марат Тоқашбаевтың көгілдір экран алдында айтқан сөздерін көтере алмайды. Себебі Отан үшін, ел үшін соғысқан ардагерлердің еңбегін, ерлігін бір сәтте жоққа шығарды. Сондықтан ел алдында Ауған соғысы ардагерлерінен кешірім сұрасын, заң алдында жауап берсін», — деді ауған соғысының ардагері Матжан Шаулиев.

Десе де Марат Тоқашбаев әлеуметтік желі арқылы «Құндылықтарды қайта бағалау тақырыбын ашу барысында эмоцияға салынып, мен өз тарапымнан ауған жауынгерлеріне қатысты бірқатар ағаттықтар жіберіппін. Осыған байланысты Ауған соғысы жауынгерлері қауымдастығының алдында, інілерімнен кешірім сұраймын», — деген бейнежазбасын жолдапты.

Сонымен қатар жиын барысында мемлекет тарапынан «ауғандық» ардагерлерге арналған жеңілдіктердің жоқтығы, 30 жылдан бері статустың берілмей келгендігі және әлеуметтік қамсыздандырудан тысқары қалғандығы жайлы мәселелер айтылды. Берілетін жәрдемақының аздығы мен тұрғын үйге жеңілдікпен кезекке тұра алмауы да «ауғандық» ардагерлердің назардан тыс қалғандығын аңғартқандай. Айтуынша, әлі күнге дейін ардагерлердің баспанасы жоқ екен. Айта кетейік, қазіргі таңда Маңғыстау облысында 700-ден аса ауған соғысына қатысқан ардагер бар.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

Марат Тоқашбаевтың видеосы әлеуметтік желіден алынды