Muhammedi SCK Арыстанбек Мұхамедиұлы

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы астаналықтарды жаңа жыл түні «Бәйтерек» монументінен «Хан Шатырға» дейін жүгіруге шақырды. Министр осылайша 2019 жылға қарқынмен кіруді ұсынып отыр. Ол бұл туралы өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Қымбатты достарым! Әсем қала Астанамыздың 20 жылдық мерейтойлы жылы — 2018 жыл аяқталуға жақын. Осы орайда 31 желтоқсан күні сағат 23:00 «Бәйтерек» монументінен «Хан Шатыр» ОСК дейін жүгіріп өтуді жоспарлап отырмыз. Көз тартарлық Нұржол жасыл желегі бойымен бірнеше шақырым жүгіріп өтіп, 2019 жылға қарқынмен кіретін боламыз», — деп жазды А. Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, жаңа жылды осылай қарсы алу керемет дәстүрге айналуы мүмкін. Министр жастардың өз тағдырын осы жерде тауып, отбасын құруы ғажап еместігін айтады.

«Жүгіргісі келмейтін, бірақ Жаңа жылды ерекше қарсы алғысы келетіндерді де шақырамын», — деген министр марафонға келгендердің барлығын құшақ жайып қарсы алатынын жазды.

Сол түні «Хан Шатыр» сауда кешенінің жанында Астана әкімдігі концерттік алаң құрып, сахнада әртістер өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйламақ.

Министр астаналықтарды 2019 жылды саф таза ауада, сергек, қуанышты көңіл-күйде бірге қарсы алуға шақырғанымен, Қазгидромет сол түні Астана қаласында 33-38 градус аяз болатынын хабарлап отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз