қанішер құбыжық

РЕДАКЦИЯДАН: Қыркүйек айының басында сайтымызда «Қарақұдықтағы қанішер құбыжық халықтың қорқынышын күшейте түсуде» деген тақырыппен журналист Мұратбай Ұлықпанның зерттеуін жариялаған болатынбыз. Осыдан кейін редакциямызға оқырмандардан оқиғаның қалай аяқталғанын сұрап хабарласушылар көбейді. Жазылған жайдың жаңғырығы ретінде журналист Шынар Кендіннің мақаласын жариялап отырмыз.

Қыркүйектің алғашқы күндерінен бастап, Бостан (Қарақұдық) ауылында белгісіз  зиянкес пайда болған. Олар  үй жануарларына әлсін-әлсін шабуыл жасап, біршама құс пен малды жарақаттап өлтіріп жатқаны туралы  суыт хабар лезде-ақ тарап кеткен. Ал, ғаламтордағы желі қолданушылары арасындағы: «Ойбай, Қарақұдықта қансорғыш құбыжық бар, ауылды қынадай қырып жатыр екен, бәлкім бұл чупакабра болар…»  деген сияқты қаңқу сөздерді естісеңіз төбе құйқаңыз шымырлайды. Алып-қашпа сөздерді естіген жұрт алаңдап отырғаны да рас. Бірақ, шын мәнінде, Қарақұдықтағы жағдай қандай? Жануарларға шабуыл жасап жатқан шын мәнінде не екен?  Қауіптің алдын алу шаралары жасалды ма? Белгісіз зиянкес анықталды ма?

Міне, осы сауалдарға жауап іздеу үшін біз, қажет жерлерге барып, қатысты адамдармен хабарласқан едік.

Мән жайды ең алдымен ауыл әкімінен сұрағанымызда, Ш.Асанов:

— Қыркүйек айынан бастап ауылда белгісіз аң тұрғындардың малына залал келтіруде. Бүгінгі күнге дейін 32 (отыз екі) бас қой-ешкі, 17 (он жеті) үй құсына зиян келді. Малдарына зиян келген тұрғындардан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Қандай аң екенін ешкім де анықтай алмауда. Осыған байланысты ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен учаскелік полиция және ауыл жастарынан құралған түнгі кезекшілік шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, аңшы Алдаберді Ақшабаев деген азаматпен келісіп зиянкесті аулау үшін қақпан құрылды. Сондай-ақ Үстірт мемлекеттік қорығымен ақылдасып, тау етектеріне түнгі бақылау қондырғыларын қою жұмыстары жүргізілуде. Белгісіз аң көше жарығы жоқ тұрғындардың қорасына түсуде. Сондықтан аудан басшылығына хат жазып МРЭК мекемесі арқылы ажыратылып тастаған көше жарықтарын қайта қостырдық. Бостан ауылы  бойынша  аудан  әкімінің  өкімімен  жұмыс тобы құрылып, тиісті шаралар алынып жатыр, — дегенді айтты.

Аталған жағдайға байланысты зиянкесті анықтау және қолға түсіру, өлген жараланған жануарларды залалсыздандырып көму, ветеринарлық-санитарлық талаптарды сақтау мәселесі бойынша ауыл және аудан болып бірнеше рет жиын өткізіп, нақты тапсырмалар беріліп, жедел шаралар алынуда.

Белгісіз зиянкесті өз көзімен көрген куәгер С. Төлегеновадан сұрағанымызда ол:

— 18  қыркүйек күні таңғы сағат алтылар шамасында далаға шықсам ит  мал қораға қарап үріп тұр екен. Кеше түнде балалар  ұмытып жаппаған ба, әлде білмедім, шарбақтың есігі ашық тұр екен. Ит үріп тұрғасын  қарасам, мал қора жақтан шаң шығып жатқан сияқты көрінді. Қораға кіруге жүрексініп, жерден тас алып, лақтырып едім,  біреуі  мал тұрған  қораның ашық жерінен (терезе) секіріп арғы бос қораға қарай түсіп қашса, екіншісі қораның есігінен шығып қашты. Алдыңғысы көкшіл түсті ит, басын көре алмадым, соңғысын анық көрдім: ақшыл түсті тазы ит екен. Күйеуім де қасыма келді, қораға кіріп қарасақ, бір қойдың аяғын сырып кетіпті. Қой өлген жоқ, тек бір аяғын сылтып басып жүр. Біз дәл уақытында келдік-ау дейім, әйтпегенде, мүмкін қойды өлтіріп кетер еді Өйткені, содан бірнеше күн бұрын атамыздың қорасына кіріп төрт қойын өлтіріп кеткен болатын. Жалпы  бірнеше үйдің малына, тауығына шабуыл жасады деп жүр ғой. Ол мақұлық па, құбыжық па білмеймін. Менің көргенім – тазы итке ұқсайды екен. Кәдімгі ит деп сенімді  айта аламын, — деді.

Сонда қалай? Жұртты дүрліктіріп, «құбыжық», « қансорғыш», «чупакабра» деп жүрген  белгісіз зиянкесіміз ит болғаны ма? Ит болғанда да, тазы итке ұқсайтын көрінеді.

Егер  қаңғыбас ит болса, «шабуылдаған жануардың қанын сорады-мыс» деген әңгіме қаншалықты рас? Бұл жағын әзірге ешкім де білмейді. «Ашынған бөрі, ашыққан ұры болады» дегендей, қаңғыбас ит болуы мүмкін дегенді алға тартады, көзқарақты адамдар.

Ал қан сорғаны рас болса, ол қандай аң? Күзен немесе  шиебөрі болуы мүмкін бе? Не де болса таңғажайып құбыжық ешқайдан келмейді. Оны қалай анықтау керек?

Ауыл ақсақалы А.Жұмалиев, бұл жағдайға  байланысты, Ұштаған ауылынан  аңшы  шақыртылғанын айтады.

 — Осы күнге дейін зиянкес ұсталған жоқ. Өткен түнде Ф. Озғанбаевтың үйіндегі малға  түскен. Қыркүйектің он жетісі  күні  менің  үйімнің  қорасының айналасын қазып кіре  алмай  кеткен. Ізі иттің ізіне ұқсайды, — дейді ауыл ардагері.

Тағы оқыңыздар: Қазақстандағы гендерлік саясат: бүгіні мен келешегі

Не де болса, Бостан ауылы босқа қарап жатқан жоқ. Қарақия аудан әкімдігі мен қатысты бөлімдер, мекемелермен бірлесіп жұмыс тобын жұмылдыруда.

Аудандық ішкі істер бөлімімен бірге көмекке техникалық жарақтандырылған қызметкерлер тарту, көше жарығын қостырып, облыс, аудан бойынша орман және аң шаруашылығынан, ауыл шаруашылығы бөлімінен мамандар шақыртып, ауыл арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, ауылдағы қаңғыбас иттерді жою мәселесін мейілінше тездетіп жүзеге асыру, Бостан мен Қызылсай ауылдары іргелес орналасқандықтан  ит аттыру мәселесін бірлесіп шешу қатарлы шаруаларды жасатып жатыр. Ауыл тұрғындарына да иелігіндегі мал, жануарларына сақтықпен қарап, түнде жабық қорада қамау тапсырылған. Ауыл маңы жіті бақыланып, түнгі кезекшілік ұйымдастырылған. Әзірге тынышталып қалды. Әйтсе де, зиянкестің дәл не екенін анықтамай жатып, дөп басып ештеңе айта алмаймыз. Аңға үйретілген, шикі ет пен жемтік жеп үйренген тазы ит, әбден жыртқыш күйге енген қаңғыбас ит немесе шибөрі, күзен болуы да ықтимал.  Расымен,  әуелі тауық-шөжеге түсіп, кейін дәндеп, қой, ешкіге ауыз салған  зиянкеске бұдан әрі мүмкіндік берілмеу керегін айдады, үлкендер қауымы. Себебі, «Дәніккеннен — құныққан жаман» дейді дана халқымыз. Бостан тұрғындары босқа  дүрліге бермей, сабырға келіп, иелігіндегі жануарларына қырағы болуы керек. Ата-бабаларымыз: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп бекер айтпаса керек. Қалай дегенмен, Бостанның халқы босқа қарап жатқан жоқ, зиянкесті қолға түсіру қамы жасауда. Ал, белгісіз зиянкес қақпанға қашан түседі? Үмітіміз үзілмесін. Көп асқанға – бір тосқан болар…

Шынар КЕНДІН