Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Рақымжан Аймағанбетов Қазақстандағы жоғары оқу орындары туралы ақпараттар жинақталған мобильді қосымша жасап шығарды. Ол бұл жобасы арқылы жас түлектердің мамандық таңдауына көмектескісі келетіндігін айтады.

SchooldKZ деп аталатын қосымша әзірге IOS платформасын қабылдайтын смартфондарға арналып жасалған. Қосымшада еліміздегі барлық жоғары оқу орындары туралы қажетті деректер жинақталмақ. Рақымжанның сөзінше жобаны жасауға өзінің мамандық таңдау барысында кезіккен кейбір қиындықтары себеп болыпты.

  • 11-12 сыныптар оқушылар үшін болашақ мамандығыңды таңдайтын ең маңызды кезең. Бұл кезде қандай мамандық таңдаймын, кім боламын, қай оқу орнына түсемін, білім беру деңгейі қандай деген секілді сұрақтар мазалайды. Бұл мәселе менің де басымнан өтті. Бірақ, біздің мектебімізде кәсіби бағдар беру бойынша кеңесші жұмыс істейді. Ол таңдаған мамандығымызды оқытатын оқу орнын таңдауда кеңес беріп, университеттерді ұсынады. Бір күні сол кісіге барған уақытымда көптеген университеттер туралы ақпарат қағаз жүзінде екенін көрдім. Расын айтқанда қазір бұл ыңғайсыз. Ақпарат болғанымен ол шашыраңқы түрде беріледі. Ал барлық университеттермен танысатын болсаң қаншама қағазды қарап шығуың керексің. Желідегі ақпараттар да шашыраңқы түрде. Бұл тиімсіз болғандықтан ойымды информатика пәні мұғалімі Алтынбек Қаржаубаев ағайыма айтып көріп едім, ол маған мобильді қосымша жасауды ұсынды. Кейін біз жобаны жасауды бастадық, — дейді Рақымжан.

Оның айтуынша, қосымшада ең алдымен мамандық тізімдері көрсетіледі. Кейін таңдалған мамандықты оқытатын оқу орындарының тізімін көріп, өзіңіз таңдаған университет туралы деректермен танысасыз. Әзірге қосымшаға 50 жоғары оқу орыны енгізілген. Жоба үнемі толықтырылып отырады. Алдағы уақытта қосымшаны AppStore желісінен тегін жүктеп алуға болады.

  • Ең алдымен Swift коды арқылы қарапайым IOS платформасына арнап бағдарламалауды жасай бастадым. Қажетті ақпаратты мен өзімнің серверіме жүктеп отырамын, — дейді автор.

Айта кетейік, жас зияткердің қосымшасы 13-16 сәуір аралығында Алматы қаласындағы Сүлейман Демирел университетінде өткен «Infomatrix – 2017”халықаралық компьютерлік жобалар жарысында «Бағдарламалау» секциясы бойынша алтын медальге лайық деп танылды. Биыл Білім және Ғылым министірлігінің қолдауымен және Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығымен бірлесе отырып бесінші рет өткізілген халықаралық байқауға 13 елден 300-ге жуық қатысушы келіпті.

  • Бірінші тур бағдарламалаудан тұрды. Ал екінші кезеңде өз жобаңды көпшілік алдында қорғадым. Жарыста демеу болған информатика пәні мұғалімі алқуат Қарымсақұлына алғыс білдіремін, -деп алғысын білдірді жеңімпаз.

Ақтау қаласындағы
химия-биология бағтындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз