janaozen nur kapital Өндірістік алаң

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзен қаласына сапарында «Моноқалаларды дамыту 2012-2020» жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асқан жаңа өндірістік алаңның ашылуына қатысты. Шарада сөз алған облыс басшысы алдымен осы жылда шешімін тапқан ауқымды жұмыстарға тоқтала кетіп, еліміз үшін, өлкеміз үшін жасалған пайдалы істерді тілге тиек етті.

— Елбасымыз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту мәселесін көтерген болатын. Осы орайда, мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін алдымен инфрақұрылымын құрып, кәсіпкерге жағдай жасау қажет. Міне, бүгін осындай жоба жүзеге асып, тұсауын кесейін деп жатырмыз. Бұл жерге 5 шақырымнан аса газ және су құбыры тартылған. Бір сөзбен айтқанда, кәсіп жасаймын деуші азаматтарға жағдай жасалынған. Бұдан бөлек, республикамыздың бір де бір жерінде жоқ 1%-бен несие беру біздің өлкемізде «Нұр Капитал» бағдарламасымен жүзеге асырылып отыр. Болашақ орта және шағын бизнеспен тікелей байланысты екені белгілі нәрсе, сол себепті де, мемлекеттік қолдауларды пайдалана отырып, іспен айналсыңыздар деймін, — деді Е.Тоғжанов.

Өндірістік алаң — өндірістік өнім өндіруші кәсіпкерлерді бір жерге шоғырландыру, жұмыс орнын құру мақсатын көздейді. Өндірістік алаңның жалпы ауданы 30,0 га аумақты алып жатыр, кәсіпкерлер сыйымдылығына қарай орналасады. Бүгінгі таңда, өндірістік алаңнан орын алуға 37 кәсіпкердің өтініші бар, ал 4 кәсіпкерге қала әкімінің қаулысы шығарылған. Сұратылып отырған жер учаскесінің пайдалану мақсаттары өндірістік база және қойма, жиһаз дайындайтын цех, дәретхана қағазын шығаратын цех, тігін шеберханасы, пластикалық терезе, пластикалық қалдықтардан құрылыс жабдықтарын өндіретін цех, ұн өнімдерін шығаратын терминал т.б. кәсіп көздерін құрайды. Алғашқы кезде ашылатын жұмыс орны 200 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарлануда.

— Жаңаөзен қаласының кәсіпкерімін, бір кәсібім бар. Осы кәсібімді дамытып, өндірістік алаңнан да цех ашу жолында жұмыстанудамын. «Нұр Капитал» бағдарламасымен несие алып, химиялық өндіріс (антифриз, тосол, бояулар) цехын ашуды жоспарлап отырмын. Алда, тек «Жаңаөзенде жасалған» деген тауарлық белгімен өнім шыға берсек деймін, —  деді жеке кәсіпкер Бердіғали Берекетов. 

Жұмыс сапарында облыс әкімі бастаған топ қаламызда «Арай» шағынауданында салынып жатқан «Бейбітшілік» тұрғын-үй кешенінде, қалалық балалар ауруханасында, жаңадан ашылған «Сезамед» медициналық орталығында, көпсалалы сауда нарығы мен білім инновациялық лицейінде болды. Аталған орталықтарды аралап, әлеуметтік нысандардың қызметімен, құрылыс сапасымен танысты.

Жазира АҚБЕРГЕНОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз