Жас сұңқар - 2018 Үздік жастар uzdik jastar tupqaragan

Жыл сайын жастардың ішінен үздіктерін таңдайтын «Жас сұңқар — 2018» байқауы Түпқараған ауданы әкімдігі мен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Белсенді жастардың басын қосқан жиында аудан әкімі жылдың үздік жастарын марапаттады.

«Жас сұңқар» жастар сыйлығының кезекті сегізінші шарасында «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», «Үздік жас мұғалім», «Үздік жас мұнайшы», «Үздік жас спортшы», «Үздік жас өрт сөндіруші», «Үздік жас медицина саласының қызметкері», «Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері», «Үздік жас ерікті», «Үздік жасақ мүшесі», «Үздік жас отбасы» номинацияларының иегерлері анықталды.

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы  мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында аудан жастары арасында ұйымдастырылған «Таңбалы тарих» аудандық бейнероликтер байқауының жеңімпаздары да осы мереке аясында марапатталды.

– Бұл марапаттар еңбектеріңіздің еленуі ғана емес, сіздерге артыл­ған сенім, үміт деп есептеңіздер, —­ деді Түпқараған ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Бисенғали Кенжалиев.

«Үздік жасақ мүшесі» номинациясын иеленген Есбол Өмірбаев атындағы орта мектептің 11-­сынып оқушысы Наурызбек Орынбаев – марапатталушылардың ішіндегі ең жасы. «Жасыл ел» жастар жасағының құрамында белсенділік танытумен қатар туған жердің гүлденуі мен көркеюіне өзіндік үлесін қосып жүрген ол мектептегі қоғамдық шараларға, сондай­ақ мәнерлеп оқу сайыстарына сүйіспеншілікпен қатысатынын айтты.

«Таңбалы тарих» аудандық бейне­роликтер байқауының 1­-орын иегері, ерікті жас Рахат Ғизатуллин.

– Өлкеміздің тарихын танып-­білудегі ең бірінші мақсатым –Түпқараған ауданындағы әулиелі жерлерді, тарихи­ мәдени орындарды облысымызға ғана емес, елімізге таныстыру болды. Бір ғана менің ісім емес, жастар болып кішігірім топ құрдық. Туристік сапарымызда көлікпен қамту, қасиетті жерлерге баратын жолдардың сын көтермейтіндігі қиындықтар келтірді. Бірақ нәтижеміз жақсы болды, 1 ­орынға ие болдық. Қошқар ата, Тамшалы сайы, Саура, Кенті баба сияқты көптеген жерлерге бардық. Бұнымен тоқтадық демейміз, сайыс аяқталса да біз туристік таныстырылым жұмысымызды жетілдіруді ойлап жүрміз, — ­деді.

Клара ҚАНСҰЛТАНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз