Қарақияда мәдени және спорттық шаралар жалғасын тауып, футболдан өткен аудандық XV чемпионат өз мәресіне жетті.

Қараша айының алғашқы күндерінен бастау алып, 8 команданың қаты­суымен 2 айналым бойынша тартысты өткен чемпионатта командалар паркет алаңында 2240 сағат уақыт ішінде 56 тартысты кездесу өткізді. Ойын барысында ереже бұзғаны үшін 42 ойыншыға ескерту беріліп, үш ойыншыға қызыл карта көрсетілсе, жалпы салым есебінде 500-ден аса доп соғылды.

Құрықта салтанатты түрде өткен чем­пионаттың­ жабылу рәсіміне аудан әкімі Қ.Беков, орынбасары Е.Күмісқалиев, мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысы Д.Атағараев және облыстық футбол федерациясы президенті Марат Такенов, спортшылар мен футбол жанкүйерлері қатысты.

Шараны Қыдырберді Әндірұлы құттық­тау сөзбен ашқан соң футболдан XV рет өткен аудан чемпионатын сыналту сайысында чемпион атанған Жетібай ауылы футбол клубы командасын, команда мүшелері мен жетекшілерін алтыннан құйылған төсалқа, бірінші дәрежелі диплом және 200000 теңге ақшалай сыйлықпен, чемпион кубогімен, ал екінші жүлделі орынды иеленген «Тұрмыс-Сервис» футбол командасы мүшелері мен жетекшісін күмістен құйылған төс­алқамен, екінші  дәрежелі дипломмен және 150000 теңгемен, кубокпен марапаттады. Ал үшінші орын иеленген «Жастар» футбол клубы коман­­дасының мүшелері мен жетекшісі үшінші­ дәрежелі дипломмен, естелік кубокпен және 100000 теңгемен сыйланды.

Сондай-ақ Марат Бағзалұлы мен Ержан Көпжасарұлы үздіктерді марапаттады. Онда «Үздік қорғаушысы» номинациясымен «Тұрмыс-Сервис» командасының мүшесі Файзулла Наурызов, «Үздік қақпашы» аталымымен Жетібай ауылы командасының мүшесі Сұңғат Жүзболсын, «Көрермен көзайымы» аталымымен «Мұнайшы ауылы­» командасының мүшесі Шапағат Исмағулов, «Үздік шабуылшы» аталымымен «Жастар» футбол клубының мүшесі Сәрсен Елеусинов, «Сұр мерген ойыншы» аталымымен қарсыласына 34 рет доп соққан «Жетібай» командасының мүшесі Айболат Нұрмағанбетов, «Ең үздік ­ойыншы» аталымымен «Атамекен» фут­бол клубы командасының мүшесі Асхат Төлепбергеновтер марапатталса, ұйым­дастыру алқасының алғыс хатымен тө­реші Нұрғайын Салатов, Асан Чукиндер сыйланды. Барлық жеңімпаздар мен үздіктер ақшалай, бағалы сыйлықтармен, кубоктармен­ марапатталды. Ал спорт­шылар­ мен ұйымдастырушылар дәстүрлі чемпионаттың жоғары деңгейде, сәтті өтуіне атсалысқан Қарақия ауданы әкімдігіне,  Маңғыстау  облыстық футбол федерациясы қауымдастығына, «Оңдасын Строй» ЖШС-і директоры Б.Боранбаевқа зор ризашылығын білдірді.Чемпионат өз деңгейінде сәтті де салтанатты аяқталды.

Дүйсенбай АТАҒАРАЕВ,
мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз