жыл санау жыл қайыру
Сурет dapter.kz сайтынан алынды

«Қарттарың болса ауылда,

жазулы тұрған хатпен тең…» деп ақындарымыз қазақтың қарияларын аса қадірлеп, жоғары дәрежеде әспеттеген. Шындығында да солай. Себебі ел арасындағы қазыналы қарттарымыз болмаса ертедегі тарихымыздан, халқымыздың бетке ұстар белгілі тұлғаларымызды танымай, кімнің кім екенін, не істегенін білмей, рулық шежірелерімізден шатасып, жеті атамызды білмейтін жетесізге айналар ма едік, кім білсін? Жалпы біздің қарияларымыз өмірден көргендерін, басынан өткендерін, көңілге түйгендерін соңғы ұрпақтарына ұлағат етіп айтып кеткен. Қуанған, қорыққан, қобалжып қиналған, жапа шегіп, зардап көрген сәттерінің бәрін, яғни өмірлік тәжірибелерін жіпке тізгендей, қолмен қойғандай етіп соңғыларға насихаттап кеткен. Сондықтан ертедегі қарттарымыздың аманаты біздер үшін жазылмаған заң, бұлжымайтын бұйрық, биресми ереже болып қалыптасқан. Ол заң, бұйрық, ережелер сонау ерте заманнан біздің дәуірімізге атадан балаға, ауыздан ауызға айтылу арқылы жеткен. Көбінесе мақал, мәтел, тапқырлық, шешендік сөздермен ән, жыр, терме, толғаулар арқылы санамызға сіңіп жатыр. Осының бәрі – өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілткен, жаңа ғана ширек ғасырға қадам басқан Тәуелсіздігіміздің арқасы. Әйтпесе, тоталитарлық жүйенің құрыш құрсауы тағы бір 25-35 жылдай ғұмыр кешкенде барымыздан қалған жұрнағымыздан да түгел айырылып, қос саусақты қос танауға тығып, нағыз мәңгүртке айналып құлдық сананың құрсауында кете барар ма едік? Сондықтан санамызға таң шапағындай нұр құйған Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, сенімі серік, мәртебесі жоғары, мақсаты айқын, арманы асқақ, беделі биік, мерейі үстем болғай деп тілейік, ағайын!

Түн түнегін түре қуған сол Тәуелсіздігімізді тұншықтыруға тырысатын тоғышарлардың өз арамыздан табылмасына кім кепілдік бере алады? Ескі жолды армандап, Кремльді қиялдап, тоталитарлық жүйені көксеушілерді арамызда жоқ деп тағы ешкім айта алмайды. Соның кесірінен ертедегі қазыналы қарттарымыз айтқан асыл сөздерден, құнды деректерден, көрсеткен жол, нұсқаған бағыттардан айырылып қала жаздаған жоқпыз ба? Тек әйтеуір, ұлтжанды азаматтардың, көреген тарихшы ғалым, ақын, жазушы, журналистеріміздің қажырлы қайратының арқасында тарих қойнауының түкпірінде көмескіленген құпиялардың беті біртіндеп ашыла бастады. Оған да шүкір. Бірақ бізге жетіп жатқан деректердің бірқатары заман ағымдарына, сол кездердің саясаттарының салқындарына сай өзгеріске ұшырап отырған. Керекті деректерді біреу білмей бұрмаласа, тағы біреу әдейі бұрмалаған секілді. Кейбіреулер әдейі ұпай жинау мақсатында, тағы біреулер жағымпаздықтың көрінісін халықты шатастыру жолы арқылы жасайтын сияқты. Мысалы, жыл қайырудағы «Ұлу», «Мешін» сияқты жәндіктерді көпшіліктің біле бермейтіні айқын аңғарылады. Білмеген жан айтқанда, жазғанда өзі білгенінше бұрмалайтыны заңды құбылыс. Бұл, бір.

Екіншіден, қазір көпшілік жан өзінің мүшел жасын білмей, тіпті жыл қайыру бойынша қай жылы туылғанын білмей шатасып жатады. Олда кеңестік қағиданың санамызға шемен болып қатқан сеңінен құтыла алмай келе жатқандығымыздың көрінісі.

Ал қазақ, жалпы мұсылман күнтізбесінде Жаңа жыл 13-14 наурызда, ресми түрде 22 наурызда кіреді. Бұл күн мен түннің теңелуіне тура келетін күн. Сондықтан мұны қазақ «Ұлыстың Ұлы күні» деп қастерлейді. Жаңа жылдан жақсылық күтіп «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп бір-екі ай бойы тойлайды. Жасы үлкенге сәлем беріп, кішілерге ізет көрсетіп, кемтар жандарға мейірімділік танытады. Замандаспен көрісіп, қауышып, арқа-жарқа әңгімелесіп, жаңа жылды бірге тойлайды. Киелі мекен Маңғыстауда 13-14 наурыз күндері «Ұран отын» жағып, Отпан таудың басында тойлайды. Сондағы айтайын дегеніміз, сол 14 наурызға дейін дүниеге келген сәбилердің санасына Қой жылы туғанын сіңіру керек. Қаңтар, ақпан, керек болса наурыздың ортасына дейін туылғандардың бәрін осылай есептеген жөн. Дұрысы да осы. Ал Мешін 2016 жылдың наурызынан басталып, 2017 жылғы наурыздың ортасына дейін созылады.

Енді ата-бабаларымыздың өмірден көріп, көңілге түйіп, өмірлік тәжірибелерінің арқасында бір мүшелдің ішіндегі 12 жылға жасаған болжамдарын оқырмандар назарына ұсынайық. Біздікі қалың жұртшылықты қорқытып, қобалжыту емес, бүгінгі ұрпақ ата-баба ұлағатынан қашықтап кетпесін деген ой. Сонымен мүшел Тышқан жылынан басталады. Тышқанның қалай жыл басы болып, Түйенің не үшін жылдан құр қалғанын айтып жатпай-ақ қояйық. Тек ата-бабаның он екі жылға берген сипаттамасына тоқталайық.

                    

Тышқан жылы

(…1900, 1912, 1924, 1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008, 2020…)

Қазақтар Тышқан жылын береке мен ырыстың, татулық пен тыныштықтың жылы деп санайды. Тышқан жылының жалпы тарихына назар аударсақ, оның көп жылы аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен.

Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) дүниеге келген. Қазақ ордасы алғаш 1456 – тышқан жылы құрылған.

Сиыр жылы

(…1901, 1913, 1925, 1937, 1949, 1961,1973 1985, 1997, 2009, 2021…)

Халық түсінігі бойынша, сиыр жылында дау-жанжал, қиындықтар мен ауыртпалықтар көп болады. Ырым-тыйымдарға сәйкес, сиыр жылы туылғандар бұл жылы сиыр бауыздамайды. Көп халықтар сиыр жылының дастарханына сиыр етін, одан жасалған тағамдарды қоймайды.

Барыс жылы

(…1902, 1914,1926,1938, 1950,1962,1974,1986,1998, 2010, 2022…)

Барыс жылы жақсылықтарға да, қиындықтарға да толы. Дегенмен, бұрындары барыс жылында есте қалатын елеулі оқиғалар болмағандықтан, оны жайсыз жыл санамайды.

 Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) барыс жылы туылып (570), ұлу жылы қайтыс болған (623). 1986 жылғы еліміздегі Женлтоқсан оқиғасы барыс жылмен тұспа-тұс келді. Мұстафа Шоқай барыс жылы дүниеге келіп, жылан жылы өмірден өтті (1890-1941).

Қоян жылы

(…1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963,1975, 1987, 1999, 2011, 2023…)

Бұл жыл жұт, аштық, ауыртпалықпен қазақ халқының есінде қалған. 1867-68 жылдары жалпақ қоян жұты, 1879-80 жылдары үлкен қоян жұты, 1891-92 жылдары кіші қоян жұты, 1915-16 жылдары тақыр қоян жұты болды. Қазақ даласында көп мал қырылып, адамдар өлді. 1962-63 жылдары да малды аудандарда мал қырылу орын алды.

Қазақ жеріне «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманы 1723 – қоян жылы келді. Қоян жылы Абылай хан дүние есігін ашты (1711).

Ұлу жылы

  (…1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988, 2000, 2012, 2024…)

Ұлу суда тіршілік еткендіктен халқымыз «Бұл жылы астық, су мол болады» дейді. Оны жайлы жыл санайды. Алайда ұлу жылында да қиындықтар болған.

Жылан жылы

(…1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989, 2001, 2013, 2025…)

Халқымызда «Жылан жылы жылыс болды» деген сөз бар.

Шыңғыс хан 1221 – жылан жылы Отырарды алды. 1928-29 жылдары Қазақстанда кәмпескелеу жүрді. 1941 жылғы неміс фашист басқыншылығы жылан жылы басталды. Қазан төңкерісі (1917-18) жылан жылымен тұспа-тұс келді. Абай Құнанбаев жылан жылы туылып, ұлу жылы дүниеден өтті (1845-1904). Тұтас ұлттарды қынадай қыратын Иосиф Сталин 1953 – жылан жылы дүниеден қайтты.

Жылқы жылы

(…1906, 1918, 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002, 2014, 2026…)

Ел есінде жылқы жылы болған ауыртпалық, қайғылы оқиғалар жоқ. Жылқы жылы туылғандар бұл жылы жылқыны бауыздамайды.

Қаракерей Қабанбай батырдың да (1690), Ұлысқа Ұран болған Пір Бекет ата Мырзағұлұлының да (1750), Жамбыл Жабаевтың да (1846) туылған жылы – жылқы.

Қой жылы

(…1907, 1919, 1931, 1943, 1955, 1967, 1979, 1991, 2003, 2015, 2027…)

Қазақтар қой жылын жақсы жыл санайды. Өткен және биылғы қой жылы халыққа жайлы болды. Ұлттық теңгенің аздап ауытқып, заттардың сәл қымбаттағаны болмаса.

Қазақстан 1991 – қой жылы Тәуелсіз ел атанды. Ахмет Байтұрсынов қой жылы (1873) дүниеге келді.

Мешін жылы

(…1908, 1920, 1932, 1944, 1956, 1968, 1980, 1992, 2004, 2016, 2028…)

Қазақтардың пайымдауынша, мешін – жайсыз жыл. Бұл жылы бүліншілік, сәтсіздіктер мен жайсыз оқиғалардың көп болуы мүмкін. Сол себепті қазақтар мешін жылынан қорқады. 1920 жылы қазақ даласында көп мал қырылып, бұл жыл «Тас мешін» деп аталды. 1931-32 жылдары алапат аштық та мешін жылына сәйкес келді.

Ақ Орда хандығы 1428 – мешін жылы құлады. Мешін жылы (1680) Тәуке хан таққа отырып, ел биледі.

Тауық жылы

(…1909, 1921, 1933,1945, 1957,1969, 1981,1993,2005, 2017, 2029…)

Халық бұл жылды да ауыр жылдардың бірі санайды. Өйткені тауық жылы қауіп-қатер аз болмаған, халық көп ауыртпалық көрген. 1920-21, 1932-33 – тауық жылдары жұт, аштық, 1968-69 тауық жылы құрғақшылық орын алды.

Әл-Фараби (870-950), Міржақып Дулатұлы (1885-1935), Мұхтар Әуезов (1897-1961) тауық жылында туылған.

Ит жылы

(…1910, 1922, 1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006, 2018, 2030…)

Қазақ халқының түсінігі бойынша, мешін және тауық жылдардағы ауыртпалық ит жылы жеңілдейді. Мысалы,1933 жылы аштық басылған. 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған. Қаныш Сәтбаев ит жылы туылған (1899-1964 жж).

Доңыз жылы

(…1911, 1923, 1935, 1947, 1959, 1971, 1983, 1995, 2007, 2019, 2031…)

Жыл санаудың және жыл қайырудың соңғы жылын Қазақстанның кей жерінде, кейбір түркі елдерінде Қара киік жылы деп те атайды. Халқымыз «Доңыз жылы бәле-жала көп болады» деп ойлайды. Алайда доңыз жылдары көп жағдайда қазақтарға жайлы болған.

Қазақ-жоңғар соғысындағы үлкен жеңіс 1729 – доңыз жылы болды.

Өзінің қай жылы туылғанын қазақша атау бойынша білгісі келгендер туылған жылын он екіге бөлу керек. Қалдықсыз бөлінсе, ол Мешін жылы болғаны, қалдық біреу болса – оның Тауық, екеу болса – Ит, үшеу болса – Доңыз, төртеу болса – Тышқан жылы болғаны. Қалған жылдар да осы ретпен жалағаса береді.

Мүшел жас барлығы тақ сандарға келеді. Ана құрсағында жан енген 9 ай 9 күн бір жыл деп есептеледі. Мүшел жастар: — 13, 25, 37, 49, 61, 73, 85, 97…

 Мұратбай ҰЛЫҚПАН,

Қазақстанның құрметті журналисі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз