Теміржолда жұмыс істейтін танысым бір сөзінде «Баяғыда біздің ауылға қос қанатты тепловоз қатынаған» дегенді айтып қалды. Қайта сұрауға уақыт тапшы, сөзді сөз қуып, ұмытылып кете барды. Кейін сол сөз маған маза бермеді. Қос қанатты тепловозы несі? Не әзілге жоруды білмей, не басқалай…басым қатты!

«Бақсам бақа екен» дегендей, 2010-2012 жылдар аралығында Маңғыстау локомотив депосында шынында да «Қос Қанатты» тепловоз болыпты. Тепловозды машинист Қанат пен оның көмекшісі Қанат басқарыпты. Екеуінің де есімдері Қанат болған соң, құрбы-құрдастары қалжыңдап отарбаны осылай атап кетіпті. Әзілдерінің қаттылығы сондай былайғы жұртқа «қос Қанаты бар тепловоз күй келсе аспанға да ұшады» деп әзілдейтін көрінеді.

Сонымен, мені мазалаған мәселенің түйіні тез тарқатылды. Журналист емеспін бе, індетіп жүріп қос Қанатты бірден тауып алдым. Қазір сол қанаттардың бірі — Қанат Алдашов -машинист нұсқаушысы, көмекшісі-Қанат Берназаров машинист болуға дайындалып жүр екен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз-екінші Қанат. Алып денелі, жуан білекті жігіттің іске келгенде шапшаң қимылдап, сөз дегенде тілінің қотырлығы мені таң қалдырды.

Біз барғанда машинист Асқар Аекеевпен Ақтау портына жүк жеткізіп, жұмысын тапсырып тұрған бойы екен. Тепловоздың ішінде сөйлестік. Қатар-құрбыларының қалжыңдап айтқан сөздері бекер болмай шықты. Қара сөзге ағып тұр. Нағашы жұртынан жұққан-ау шамасы. Тегі мен түрі түрікмен демесең, тілі мен болмысы тұнып тұрған қазақ. Анасының жеті атасынан бастап, қазаққа қыз берісіп, қыз алысқан құда-туыстарының тегін тергенде амалсыз таң қаласың. «Жеті атам да Қазақстанда туып, өмір сүрді. Әкем Наурызбай Берназаров Форт-Шевченко қаласының, анам Гүлфара Аманбекова Опорный стансасының тумасы. Анамның ұлты-қазақ. Нағашым, араласатын ортам, бәрі қазақтар. Ұлтым бөлек демесең, туған жерім, өскен ортам-Қазақстан, қазақша тілім шығып, білім алдым,  мені де қазақ деуге болады»,- деп өз өмірінен де қосып қояды әңгіме арасында.

Қанаттың арғы аталары да Кетікте туыпты. Түбекке ертеде келген түрікмендер екен. Өзі отбасындағы 5 баланың бірі. Локомотив шаруашылығындағы жұмысқа 2008 жылы келіпті. Жұмысын Қарағанды теміржол-техникалық мектебіндегі оқу курсынан кейін бастайды. 2 ай машинист пен көмекшісінің қасында тәжірибе жинап, жұмысын бастайды. 2012 жылы машинистің оқуын аяқтайды. Бүгінде жолаушылар пойызында машинист көмекшісі.

— Машинист көмекшісінің жұмысы жолға шығарда құрал-саймандарды түгендеп, жанар-жағармайын тексеріп, тепловоздың жұмысқа дайындығын білуден  басталады. Қателесуге болмайды. Жүздеген, мыңдаған адамдардың тағдыры сенің қолыңда. Жауапкершілік керек. Алғашқыда ұйқыдан қиналдым. Кейін дағдыланып кеттім. Кезінде жүк пойызында жүрдім. Қазір №309, 313 жолаушылар пойызына шығамын.  Ақтөбе, Атырау, Астана мен Алматы бағыттарына жолаушылар тасымалдаймыз,-дейді Қанат Берназаров.

— Қанат екеуіміз «Маңғыстау – Сайөтес» бағытына жолаушылар пойызын жүргіздік. Машинист үшін көмекшінің білікті, әрі епті болғаны аса маңызды. Көмекшім бұл жағынан көңілден шықты. Машинистің денсаулығы аяқ астынан сыр берсе, алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, қажет болса пойызды тоқтатуға тура келетін сәттер де болады. Сондықтан ол менің жұмысымды бақылап, екеуіміз жол ережесін қайталап, бір-бірімізге көмегіміз көп тиген. Онымен жұмыс жасау оңай болды,-дейді жұмыстасы, Маңғыстау локомотив депосының машинист нұсқаушысы Қанат Алдашов.

Қ.Берназаровтың қарындастары Гүлмира мен Динара бір-бір шаңырақтың түтінін түтеткен қазақ келіндері екен. Інілері Саламат пен Бағдат қазаққа куйеу бала. Бауырларына қарайласа жүріп, орда бұзар отызға жеткен жігіт ағасының өзі де енді қиялындағы сұлуына үйленіп, шаңырақ көтеру ниетінде.

Шахида ЖҰМАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз