Біріккен Ұлттар Ұйымының облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлікте қабылдаған «Маңғыстау облысының тұрақты даму және әлеуметтік-экономикалық модернизациялауда жетістікке жету мүмкіндігін кеңейту» бағдарламасы аясында кедергісіз орта қалыптастыру бойынша семинар өтті. Оны облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова кіріспе сөзбен ашты.  

  Сөз кезегін алған Біріккен Ұлттар Ұйымының біріккен бағдарлама бойынша менеджері Айгүл Тахиталиева шараның мақсаты туралы айтты.

  -Барлық адамдарға, соның ішінде мүгедек жандарға да біреудің көмегінсіз қоғамдық өмірмен араласып, өндірістік, мәдениет және спорт салаларындағы шараларға қатысуына, сапалы білім алып, жақсы жұмысқа орналасуына, жалпы толыққанды өмір сүруіне кедергісіз орта ғана мүмкіндік береді. Ал қоғамдық ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ме? Оны бағалап-білудің өз әдістемесі бар. Әдістеменің ережелері мен олардың тәжірибеде жүзеге асырылуы өз алдына. Семинарда аталмыш мәселелер жан-жақты қарастырылады,-деді ол.

  Селолық округтер әкімдері, облыстық құрылыс және архитектура басқармасының және оның аудандық, қалалық бөлімдерінің, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының және мүгедектер мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысқан басқосуды Қарағанды қаласындағы аймақты дамыту ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, тренер Николай Гелашвили жүргізді.

  Мүмкіндігі шектеулі адамның нысанда еркін жүруі, онда келгендегі мақсатының орындалуы, демалыс орындарын пайдалануы, өмір сүру жағдайының және қызмет көрсету орындарының  қауіпсіз болуы сияқты мәселелер бірнеше тақырыптарға бөлініп, талданды. Семинарға қатысушылар осы бағыттар бойынша өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.

   Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз