Бүгінгі әңгімеміздің арқауы Маңғыстау ауданының орталығы, елу жылды еңсерген Шепте селосының кескін келбеті, төңіректегі тіршіліктің жай-күйі болмақ. Теміржол құрылысынан бастау алып, Шетпе алғаш құрылған жылдары  бой көтерген жарты ғасырлық тарихы бар нысандардың бүгінде  озық — тозық жеткендері де бар. Әлеуметтің әлеуеті артып, кәсіпкерлер түрлі сауда орындары мен дүкендерді халық игілігі үшін көптеп салды. Дегенмен, әлі де ауданымыздың сәулетіне сән берер кейбір нысандар сын көтермейтініне қынжыламыз. Ескіріп тозығы жеткен,  күнге күйіп өз түсін жоғалтқан көзге оғаш көрінетін орындардың иелеріне тазалық айлығы кезінде ұйымдастырылған рейд барысында аудандық сәулет және қала құрлысы бөлімі  тарапынан да ескертулер берілген болатын. Бірақ, баяғы жартас бір жартас. Ескертулерді ескермеген кейбір кәсіпкерлер ғимараттарға қажетті күтім жасап,  аумағындағы күл-қоқысты тазартып, оның орнын жасыл желекке айналдырмай келеді. Кім – кімге болмасын  халыққа қызмет көрсететін жерлердің азып-тозып тұрғаны, ұнамайтын рас, ал осындай  олқылықтарды жіберген нысан басшылары ғимараттарға сыртына ең болмағанда жеңіл жөндеу жұмыстарын неге жүргізбеске?!

Айта кететін болсақ орталық базар аумағындағы шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтар, «Санжар» автоқосалқы бөлшектер дүкені, көше бойында тізілген сыры кетіп, түсін жоғалтқан, сәні түгелі аты да жоқ дүңгіршектер, шұрық тесік  жолдар көңіл қуантпайды.

Биыл шежірелі Шетпеге 50 жыл толып, мерейлі мерекесін тойлағалы отырмыз. Ауылдың көркіне нұқсан келтіретін нысандар, сауда үйлері қашан жаңарып, күл – қоқыстары қашан тазартылады? Тоғыз жолдың торабында тұрған  аудан орталығына  іс сапармен, әр түрлі себептермен келген қонақтарға бұл көрініс  оғаш көрінбейме? Біздің көзіміз үйреніп кеткеніменен, сырт көз сыншы деген бар емес пе?!

IMG_0570

Газет – халықтың  көзі, құлағы Һәм тілі. Көзіміз көргесін, әр жерлерден құлағымыз естіген соң айтуды жө көріп, осыдан екі ай бұрын газетіміздің № 27-28 санында «есеп бердік екі ай бойы ектік мың талды, ал мынадай нысандарды жөндеу кімге қалды» деген мақала жарияланған болатынбыз. Біршама уақыт ішінде айтылған сөзден  оң өзгеріс, көңіл көншітерлік жауап күткен едік. Алайда жақсы нәтиже түгелі әктау, сырлау жұмыстарының неліктен  тоқтап тұрғаны жөнінде  дүкен иесінен де, бөлім басшыларынан да мардымды жауап ала алмай отырмыз. Ескертулерден нәтиже шығармай, «айта, айта Алтайды Жамал апам қартайдының» кері болып жүрмесек игі.

Жадыра ТЕЛБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз