Өткен жексенбіде Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері Балтабаев Қылыштың есімі берілген көшеге балалары мемориалдық тақта орнатты.

Ұрпақ бақыты үшін аттанған майданнан аман-есен елге оралып, кейіннен аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан Қылыш Балтабайұлының ескерткіш тақтасының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов, ұзақ жылдар бойы қызметтес болған Қ.Үйсінбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ертілеуов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары М.Жүнбасов және ауыл тұрғындары қатысты. Жиында жарты ғасырдан астам уақыт еліне адал қызмет қылған ардагердің еңбек жолындағы естеліктері туралы әңгімелер ағыны ағытылды.

Жастайынан жігерлі, қайратты болған ол жұмысын жауапкершілікпен атқарып, сол кездегі материалдық-техникалық базаның жоқтығына, транспорт пен жұмысшы күшінің жеткіліксіздігіне қарамай Тұрыштан шеберхана, мектеп, асхана, Ақжігіттен интернат, Тұщыбектен санаторий, Таушықтан сегіз отбасына арналған тұрғын үй, аурухана кешені, мәдениет үйі, Кеңестер үйі сынды құрылыстарының салынуында өзіндік қолтаңба қалдырды. Ерлігі ұрпаққа ұран болған ардагердің рухына құран бағышталып, ас берілген соң көпшілік оның азаматтық бет-бейнесін, кісілік келбетін, пайым-парасатын еске алып тарасты.

Г. ШЫҢДЫБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз