Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында халық денсау­лығына айрықша назар аударып, «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Ұлт денсаулығы – біздің табысты бола­ша­­ғымыздың кепілі» екендігін алға қойды. Оны іске асыру жолында халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, саламатты өмір салтын жүргізу және отандық медицина ғылымын дамыту туралы нақты тапсырмалар берді. Осы тапсырма барысында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жәрдем» пойызы өз жұмыстарын жүргізіп келеді.

Халқымыздың бақуатты өмір сүруін барынша жақсарту жолында «Жәрдем» пойызы Маңғыстау өңіріне де ат басын бұрды. Болашақ станциясынан бет алған пойыз алдымен Жаңаөзен қаласында 4 күн аялдаса, содан соң аудан орталығында 3 күн бойы кешенді диагностикалық көмек көрсетті. Медициналық пойыздың негізгі мақсаты – арнайы құрал – жабдықтарды пайдаланып, емделушілерді қарау, медициналық талдау және сараптамалық тексерулерге сүйене отырып, науқастарға жоспарлы емделуге жолдама беру. Үш емдеу вагонынан тұратын пойыз керуенінде невропатолог, терапевт, хирург, кардиолог, гинеколог, флюрография, эндоскопия, педиатр, окулист, стоматолог, УЗИ дәрігерлері және биохимиялық клиникалық лаборатория қызмет атқарды. Онда мамандардың дені Ақтөбе теміржол ауруханасының білікті қызметкерлері. Сонымен бірге пойыз соңғы типтегі заманауи жабдықтармен жабдықталған. Шалғай ауылдарды аралап жүрген «Жәрдем» пойызының бас дәрігері жерлесіміз Жармыш ауылының тумасы Ғизат Саматұлы:

-«Үш күн ішінде үздіксіз 498 адам дәрігерлік тексеруден өтіп, 200-ден астам адамға медициналық және лабораториялық талдаулар жасалды. Халықтың басым көпшілігі балалар, келушілердің арасында тері аурулары, аллергиялық аурулар жиілігі артқан, бұрынғыдай жүрек қан тамыр аурулары да жоғары орында тұр»,-деп үш күндік жұмыс барысымен таныстырды.

Пойыз дәлізінен құлағымыз шалған әңгімелерден ұққанымыз құлап қалмайынша, дәрігерге көріне қоймайтын тұрғындар халыққа көрсетіліп жатқан қамқорлықтың арқасында  дәрігерлерге ақысыз қаралып, сыр беріп жүрген денсаулығын тексерткендеріне қуанышты екен.

Жадыра ТЕЛБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз