көгалдандыру суару гүл

Бүгін тиісті ақшасын ала алмаған бір топ қаланы көгалдандырумен айналысқан қызметкер қала әкімдігіне келді. Мақсаттары – қазан айындағы маңдай терінің өтемін алмақ. Осыған орай, Ақтау әкімдігінде «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ «Маңғыстау» корпоративтік қорының жұмысшыларына жалақы төлемеуіне қатысты брифинг өтті. Әкімдік қызметкерлері баспасөз өкілдері мен көгалдандыру қызметімен айналысқан жұмысшылардың басын қосып, түсінік берді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Еске сала кетейік, жыл басында көгалдандыруға байланысты 936 млн теңгеге тендер жарияланған болатын. 777 млн теңге ұсынған «Қазақ зағиптар қоғамы» аталмыш тендерді ұтып алды.

«Сол уақыттан бері бүгінге дейін Ақтау әкімдігі мердігерге 703 млн 591 теңге төледі. Қалған 74 млн 186 мың теңгенің 53 млн теңгесін жөндеу жұмыстарына байланысты сметадан алып тастадық. Нәтижесінде бізде 20 млн 858 мың теңге қалады. Бүгін түске дейін қала әкімінің қатысуымен «Қазақ зағиптар қоғамы» өкілдерімен жиын өтті. Ұйымның құрылтайшысы мен есепшісі келді, біз барлығын түсіндірдік. Олар бүгінге дейін 20 млн 858 мың теңгеге арналған актіні дұрыс толтырып әкелмей отыр. Сондай-ақ біз ол құжатпен қоса осы қаржыны жұмысшыларға еңбекақы ретінде төлейтіні жөнінде қолхат әкелуді талап еттік. Біз қалған қаржыны оларға бергенімізбен, сіздерге төлейтініне сенім жоқ», — дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Жанкелді Аубәкіров.

Әкімнің орынбасарының айтуынша, мекеме жұмысына кіріскелі көгалдандыруға қатысты 297 арыз-шағым түскен. Ал Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев мердігер мекеме келісімшартта көрсетілгеннен артық қаржы сұрап отыр дегенді айтты.

«Атқарылған жұмыстар жөніндегі соңғы актіде бағалар негізсіз көрсетілген. Тамшылатып суару қызметін біз қысқартқанбыз, ал мекеме оны сметаға қосып отыр. Сметада 1 метрге 178 теңге деп жазылса, актіде – 317 теңге деп көрсеткен. Осы соңғы актіде көрсетілген құны 12 млн 361 мың теңге болатын қысқы маусымда өсімдіктерді жылыту қызметін қабылдай аламыз және оны қазір төлеуге дайынбыз. Бірақ мердігер бұған келіспеді. Сметаға сәйкес келмейтін бағаны ұсынып отыр. Бірақ біз сметада көрсетілген сомадан артық төлей алмайтынымызды түсіндіріп айттық», — дейді ол.

Ақтауда 70 көгалдандырушы еңбекақысын ала алмай жүр

Әкімдік пен мердігер арасындағы мәселе жұмысшылар жалақысының бөгелуіне әкеп соққан. Өздеріне тиісті қаржыны кімнен дауларын білмей дал болған олар құзырлы орган өкілдерінен мәселенің шешу жолын сұрады.

«Бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Бірі – мекеме басшылары осында келіп, тиісті құжаттарды тапсырып, қала әкімдігі тиісті қаражатты аударады. Екіншісі – біздің тарапымызға ұжымдық арыз жазасыздар. Соған сәйкес тексеру тағайындаймыз. Заңда көрсетілген мерзім 1 ай, дегенмен арыз жазсаңыздар, жағдай күрделі болғандықтан, сіздердің мәселелеріңізді шұғыл түрде 1 аптада қарап береміз», — деді МО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Дүйсенов.

Қазан айына тиісті еңбекақыны мекеменің 70 қызметкері әлі күтіп жүр. «Өткен жылы да осындай мәселе болған. Өзімізге тиісті ақшамызды ала алмай, «Нұр Отанға» да, әділет департаментіне де шағымдандық. Биыл да сол қайталанып отыр. Қарапайым халық айлығын күтіп әлі жүр, оның үстіне әрқайсысының кредиттері бар төлейтін», — дейді «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ қызметкері Жанаева Ақтөре.

 «Әкімдік 703 млн теңге төледі. Оның ішінде сіздердің жалақыларыңыз да бар. Енді 21 млн теңгедей қаржы қалып тұр. Бірақ сіздердің басшылық тарапынан құжаттары әкелінбей жатыр, әкелсе де дұрыс емес. Әкімдік қаржыны өтеуден қашып отырған жоқ. Қазір ұжымдық арыз жазсаңыз, қысқа мерзімде қарастырып, шара қолданамыз. Жұмыс беруші уақытылы еңбекақыны төлеге міндетті. Сіздер жұмыс берушімен келісімшартқа отырдыңыздар, сол себепті сіздердің арыздарыңыздың негізінде біз тексеру жүргізетін боламыз», — деді Шыңғыс Бақытжанұлы.

Айта кетейік, мердігер мекеме актіде аяқталды деп көрсетілген жұмыстардың кейбірін атқармағаны белгілі болып, қалалық әкімдік оны сотқа берген болатын.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз