Швецияның Мальме қаласында ересектер арасында джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтті. 62 келі салмақта өнер көрсететін маңғыстаулық Әбу-Бәкір Жәнібеков қоржынға қола жүлде салды.

«Осы жарыстың алдында Щучинск қаласында қызу дайындық жүргіздім. Қарсыластарымның осалы жоқ, мықты дайындықпен келгені көрініп тұр. Алғашқы қарсыласым колумбиялық спортшы болды. Одан кейін белгиялық, италиялық, германиялық спортшыларды жеңгеніммен, Франциядан келген джитсерге 8:11 айырмасымен есе жібердім. Ендігі үміт қола жүлде болғандықтан, ресейлік қарсыласыммен сында барымды салдым. Мақсатым Әлем чемпионы болу еді, қола бұйырды. Мені қолдаған барша достарыма, жақындарыма, жаттықтырушым Болат Дүйсембиевке зор алғысымды білдіремін», — дейді Әбу-Бәкір Жәнібеков.

Жүлдегер келесі жылғы Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионатында бұл жолғы қателіктерін түзеп, тұғыр биігінен көрінуді көздеп отыр.

10 жасынан спортты серік еткен Әбу-Бәкір алғашында дзюдомен айналысқан. 2012 жылы джиу-джитсуға ауысып, Румынияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медальға ие болады.

Одан кейін Азия чемпионы, Түркменстанның Ашхабад қаласында өткен Азия ойындарында қола жүлдегер, Парижде өткен халықаралық турнирдің алтын жүлдегері атақтары бұйырды.

Айта кетейік, Швециядағы чемпионатқа Қазақстаннан 25 спортшы қатысып, 1 күміс, 3 қола жүлде еншіледі. Ал Маңғыстаудан аттанған 5 спортшының ішінен Әбі-Бәкір қоланы қанжығаға байлады.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттер Ә.Жәнібековтен алынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз