Маңғыстаулық 146 өнерпаз Қазақстанның Түрікменстандағы мәдениет күндеріне қатысады. Бұл шара Ашхабад қаласында 29-30 қараша күндері өтеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін шараға Маңғыстау облысынан 146 адам қатысады. Олардың ішінде Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, «Жорға» халықтық би ансамблі, ҚР Мәдениет қайраткері – Амандық Көмеков, Жоламан Көшкінов, мәдениет саласының үздіктері — Асқар, Асанәлі Көшеровтер, Ақмарал Ерімбетова, Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының бас жүлдегері – Нұрым Асқанов, Сабит Шектібаев, үлгілі ұжым «Колибри» сән театры да бар.

«29 қараша күні «Ватан» киноконцерт орталығында ҚР мәдениет күндерінің ашылу салтанатты өтіп, көрерменнің назарына дәстүрлі ән-жырмен қатар, эстрадалық жанрдағы репертуар да ұсынылады», — деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Осы күні Түрікменстанның бейнелеу өнері музейінде Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі қойылады. Бұл жерде түрікмен жұртшылығы Маңғыстаудың сәндік-қолданбалы өнерін, зергерлік өнері мен Қазақстан табиғатының фотокөрмесін тамашалайтын болады.

Ал мәдениет күндері 30 қараша күні «Ватан» киноконцерт орталығында Қазақстан мен Түрікменстан өнер шеберлерінің гала-концертімен жабылады.

Айта кетелік, бұл мәдени шара Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий Саммиті кезінде Н.Назарбаевтың Әзербайжан, Иран және Түрікменстанның Президенттерімен кездесуінде жоспарланған болатын.

Көрнекі сурет. Түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз