Жаңаөзен қаласы мен іргелес орналасқан Қызылсай, Теңге, Рахат ауылдарында тұрғындарды ит тістеу деректері жиі тіркелуде.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің «Жаңаөзен қалалық ветеринариялық станциясы» КММ мәліметі бойынша жыл басынан бері 45 адамды, яғни Қызылсай ауылы бойынша 4 адамды, Теңгеде 7 адамды, Рахат елді мекенінде 21 адамды, қала бойынша 13 адамды ит тістеген. Бұл мәселе қала әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаевпен өткен жиналыста қаралды.
Жиында баяндама жасаған «Жаңаөзен қалалық ветеринариялық станциясы» басшысының м.а. Аманқос Нұртаев биылдың өзінде 752 қаңғыбас бұралқы ит жойылғанын айтты. Оның ішінде, жеке кәсіпкер Б.Әділбаевтың көмегімен 193 ит жойылған. Қазіргі таңда қала мен жоғарыда аталған үш ауыл бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жұмыстарымен екі бригада айналысады.
Изображение 172— Өткен жылды қарайтын болсақ, әр айда орташа есеппен 50 адамды ит тістеген. Биыл бұл көрсеткіш біршама төмен. Сонда да, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылатын болады. Бүгінгі күні бізде ит ату маманы жетіспеушілігі бар. Ал, қажетті құрал-сайман жабдықтар, көлік жағы талапқа сай, жеткілікті, — дейді, А.Нұртаев.
Жалпы, ветеринариялық станцияда иесі бар иттердің тістеу деректері ғана есепке алынады. Ал, иесі бар және бұралқы иттердің тістеу фактілері Жаңаөзен қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасында тіркеледі. Сол себепті де, ит-мысық тістеу мәліметтері екі мекемеде екі түрлі беріледі. Бұл басқарманың берген мәліметінше, Жаңаөзен қаласы бойынша 2017 жылдың І-тоқсан ішінде жануарлардың тістеуінен зардап шегіп медициналық көмекке жүгінгендердің саны — 71 адам, бұл көрсеткіш 2016 жылдың 3-ай ішінде 99 адам болған, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда биыл (28) азайып отыр. Жануарлардың тістеуінен зардап шеккендердің барлығы иттердің тістеуінен — 66 адам жарақат алған, мысықтардың тістеуінен — 4, т.б. — 1, белгілі, иесі бар иттер саны — 42, иесі жоқ, белгісіз иттер саны — 29, мысықтан — 4, олардың ішінде беттен — 2, иықтан — 6, білектен — 21, алақаннан — 1, қол саусақтарынан — 4, дененің төменгі бөлігінен жарақат алғандар — 34, денеден — 1, көп жарақат алған — 2.
Жиын соңында, қала әкімінің орынбасары Н.Худибаев аталмыш мәселе бойынша жауапты мекемелерге тапсырма беріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын тыңғылықты жүргізуді міндеттеді. Көп жағдайда адамдарға қауіп — иесі бар жануарлардан болатындықтан, ит- мысықтарды күту ережесіне сәйкес тұрғындар арасында БАҚ құралдары және әртүрлі шаралар арқылы түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Жазира АҚБЕРГЕНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз