Мұнайлы қалада наурыз айының он бесінен бастау алған сенбілік шаралары қала басшылығының қадағалауымен жүріп жатыр.

Қала әкімі Елубай Әбілов әр сенбі сайын қаланы аралап, тазалық аббаттандыру жұмыстарын өзі реттеп келеді. Мамыр мерекелері қарсаңында, осы бағыттағы шаралар тағы да пысықталды. Қала басшысы Елубай Жақайұлы қала ішінде орналасқан кейбір кәсіпкерлік нысандардың иелеріне ескерту жасады. Қала ішін жаяу аралаған қала әкімі, тозығы жетіп, жөндеуді қажет ететін ғимараттарды 1-мамырға дейін толықтай қалыпқа келтіруді жауаптыларға тапсырды. Сондай-ақ, жол жиегіне егілген ағаштарды күнделікті суарып, оларды күтіп баптауды жауапты мекемеге міндеттеді. Биыл «Тазалық» мекемесі қала ішіне 1500-ге жуық жас шыбық екті, әлі де, мың жарымдай көшеттер мен 5000-дай түрлі гүлдер егу жоспарда бар екен.

«Тазалық» МКК директорының өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Озғанбай Сәрсеновтың айтуынша, қалада тозығы жетіп тұрған аялдамалар көп. Сондай аялдаманың бірі, «Өркен» мен «Көктем» шағынаудандарында да бар. Қала басшысы, оларды қайтадан қалыпқа келтіруді арнайы мамандарға жүктеді. Сонымен қатар, жол бойындағы жарық бағаналарын сырлап, жаяу жүргіншілер жолағын қайтадан жаңғыртып, жол белгілерін қою керектігін де айтты.

Қала ішінде құрылысы бітпей тұрған кәсіпкерлік нысандар көп. Солардың бірі — «Өркен» шағынауданындағы бірінші үйдің жанындағы құрылыс нысаны 2014 жылы басталған, құрылысы қазіргі таңда тоқтап тұр. Жеке кәсіпкерге бірнеше рет ескертілген, бірақ еш нәтиже жоқ. Жаяу жүргіншілер жолын жауып, қоршалған жердің құрылысының қашан аяқталары белгісіз. Қала басшысы, бұл жұмысты тез арада бітуін қадағалайтынын айтты. Жалпы, жасалар жұмыс, жауаптыларға жүктелген міндет көп. Тазалық айлығында осы тапсырмалар жүйелі атқарылса, Жаңаөзеннің келбеті одан әрі ажарланады.

Сенбілікте әр мекеме өз аумағына қарасты аймақты толықтай тазартты. Солардың бірі — «Бұрғылау» ЖШС мекемесі. Мұнайшылар бастаған игі шарада, ардагерлер мен жастардың қатысуымен мекеме ауласына көшеттер отырғызылды. Бұрғылау мекемесінің қызметкерлері ауланы қоқыстан тазартып, егілген ағаштардың астарын қопсытты. Қызылсай ауылында да сенбілікке екі жүзге жуық ауыл тұрғыны шығып, көше ішін, жол бойы мен ауыл кіреберісін тазалады. Ауыл әкімінің бастамасымен жүзеге асқан шараға, мектеп оқушылары да қатысты. Күл қоқысқа айналған жерлерді арнайы техниканың көмегімен тазалап, ауыл ішінен біршама тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Алдағы сенбіде ағаштар мен түрлі гүлдер егу жоспарда бар екен.

Жаңаөзен-Ақпарат

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз