Маңғыстау облысында «Билер кеңесі» өз жұмысын бастады. Қоғамдық бірлестікті Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Марат Молдағұлов басқарады. Ал отставкадағы судья Гүлжахан Иманғалиева хатшы болып сайланды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Кеше Қазақстан халықтар қауымдастығы ғимаратында билер кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиында қызметтің міндеттері мен құқықтарына тоқталды, билер кеңесінің жұмыс алгоритмі талқыланды.

Кеңестің құрамы 9 азаматтан, яғни Марат Молдағұлов, Есен Күмісқали, Сағын Қырымқұлов, Өрен Сағындықов, Сәрсен Қаултай, Сүлеймен Бердаулетов, Сәуле Жақаева және Валентина Ким, Гүлжахан Иманғалиева есімді қоғам белсенділерінен құралды. Сонымен қатар аталған билер кеңесінде үш жұмыс тобы қызмет етеді.

Маңғыстау облысында билер кеңесі құрылды

«Негізгі мақсатымыз – құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ету, қоғамдағы қайшылықтарды, ұрыс-керісті, дау-дамайды азайту. Сондай-ақ даумен келгендерді татуластырып, олардың кикілжіңін сотқа жеткізбей шешу арқылы ел арасында тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті қалыптастыру», — дейді билер кеңесінің алғашқы отырысында Марат Молдағұлов.

Айта кетейік, билер кеңесінің көмегіне жүгіну тегін. Алдағы уақытта билер кеңесінің мүшелері азаматтық-әкімшілік дау-жанжалдарды шешпек. Жеңіл және орта дәрежедегі қылмыстарды, қылмыстық теріс қылықтар бойынша істерді қарайды.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі