Ақтау қаласында дүниежүзілік авторлық құқық және кітап күніне орай «Кітап әлемді бағындырады» акциясы өтті. Шара аясында 800-ден астам адам бір-біріне кітап сыйлады. Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханашылары ұйымдастырған акцияға мектеп оқушылары, ата-аналар және мұғалімдер қатысты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл аталмыш акция үшінші жыл қатарынан өткізілді. Қатысушылардың қызығушылығы жыл сайын артуда. Алғашқы жылы 790 адам қатысса, өткен оқу жылында 725 қатысушы болды. Ал биыл 800-ден аса адам құпия оқырманын іздеді», — дейді мектеп кітапханашысы Динара Қайратбекқызы.

Акцияға қатысушылар кітапханашыдан номер алып, құпия оқырманның жас ерекшелігін анықтап кітап таңдады. Акцияның өткізілу күнінде барлық қатысушылар өз нөмірлерін әртүрлі үлгіде тағып, құпия кітаптарын іздеді.

«Мен бүгін Анатолий Приставкиннің «Ночевала тучка золотая» шығармасын белгісіз оқырманыма сыйлаймын. Менің білуімше, оқырманым мектеп оқушысы сияқты. Сондықтан мен ұсынған кітап қызықты болады деген ойдамын», — дейді орыс тілі пәнінің мұғалімі Бұрыш Утесинова.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді ұсынған Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі