Ақтаудағы «Маңғыстау-арена» спорттық кешенінде наурыз мейрамына орай мерекелік шара болып өтті. Шараға жиналған ардагерлер мен қала тұрғындары, спортшылар, қоғамдық ұйым өкілдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Астана қаласына Нұр-Сұлтан атауын беруді қолдап, пікір білдірді.

Қаныбек Жұмашев

Шараға Маңғыстау өңірінде іссапармен жүрген «Nur Otan» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев та қатысты.

«Киелі Маңғыстау өңірінде 14 наурыз Амал мерекесінде бастау алған Наурыз мейрамы жалғасын табуда. Халықты ұйыстыратын, бірлестіретін шара өтіп жатыр. Маңғыстаулық ардагерлер мен жастар, зиялы қауым өкілдері Елбасыға қолдау білдіріп, алғысын айтып жатыр. Іссапар барысында менің де осы шараға қатысуыма мүмкіндік туды. Бүгін кешенге жиналғандар бірауыздан Астана қаласының Нұр-Сұлтан деп аталуын қолдап отыр. Елордамыздың Нұр-Сұлтан деп аталуы — тарихи шешім. Бұл шешімді қазақ халқының өз арасынан шыққан біртуар еріне деген ризашылығы деп түйсінуіміз керек. Тәуелсіздік алғаннан бері елмен бірге аянбай қызмет етіп, Қазақстанның керегесін кеңітіп, шаңырағын асқақтатқан елбасымыз қарапайым саясаткер емес. Ол — әлем таныған, әлем мойындаған саясаткер«, — деді Қаныбек Жұмашев.

jastar әншіШараға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де өзінің пікірін білдірді.

«Астананың атын Нұр-Сұлтан деп аталуын қуана қабылдадық және қолдаймыз. Қазақстанда 130-дан аса ұлт өкілі тұрады. Осы түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақтың астында тату-тәтті, тыныш өмір сүріп жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіреміз. Бұл — Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстанның егемендігін алғаннан бергі жасаған барлық қадамдары мен қабылдаған шешімдерінің арқасы«, — деді «Достлуг» әзірбайжан этно-мәдени орталығы басшысының орынбасары Орхан Салахов.

Оспан ҚұлсымақЖиында Маңғыстау жастары атынан Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген М.Себасов та сөз сөйледі.

«Маңғыстаудың ауылында өскен мен сияқты балаға армандасам да ешқашан қол жеткізем деп ойламаған үлкен белеске шығуға себепші болған оқиғаны айтқым келеді. Ол — елбасының «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның астанасы Лондонда білім алуым. Сол Лондон қаласында білім алғанда шетелдің көптеген мемлекетінен жиналған өзім сияқты студенттер маған қызыға да, қызғана да қарайтын. «Осындай мемлекеттік бағдарламамен, мемлекеттің қаражатына әлемнің белді университеттерінде оқуға мүмкіндік туғызған президенттеріңіз — қандай көреген адам» деген еді. Заманның қиын кездеріне, экономикалық дағдарысқа қарамастан мыңдаған жастың білім алуына мүмкіндік туғызған елбасының алдында қарыздармыз. Елбасы өзінің сұхбаттарында «Астанада менің қатысуымсыз бой көтерген ешбір ғимарат жоқ. Астана — менің жүрегім» деген. Сондықтан Елбасының өз баласы іспеттес Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту — құптарлық шешім. Маңғыстау жастары бұл шешімді құптайды«, — деді «Қаражанбасмұнай» АҚ департамент директорының орынбасары Марат Себасов.

jastar әнші

Шарада Маңғыстау өңірінің мақтаныштары Асқар және Асанәлі Көшеровтер, Жоламан Көшкінов, «Арна» тобы, Жұпар Садақбаева, Оспан Құлсымақ сынды өнерпаздар ән шырқады.

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН