қалам өлең әдебиет

Осы кез сағаттың тілі де тоқ балтырлы әйел киген биік өкшелі аяқ киімнің қадам басқан мәнсіз тырсылындай болып қалды-ау… Шабыт — сәттік ләззаттан, сұлулық — икемсіз мастықтан, құдірет — Құдай орнатқан қағидаға бағынбаудан қылаң етеді, қылаңы бұлдырай келе көзді ішіп, Ақиқаттан алшақтатты. Енді өтіріктің өтірік, жалғанның жалған екенін біле тұра шыннан бетер илануға болады. Кеуденің Ізгілік іздеп жалтақтаған жанарын Ібіліс пен жын ойған – қалқыған ойдың тұманына көмілген соқырлық. Шешімі жоқ сұрақтар – Құдайды жиі ойламаудан.

Америкалық ақын У.К.Уильямс «Апология» атты өлеңін «Мен бүгін мұны неге жаздым..?» деп бастайды. Не жазып жатқаныңды білмеу немесе жәй ғана жазу процесінен, сияның парақты шимайлай бергенінен рахат табу – жан бұлқынысына адалдық, тіпті шеберлік пен білімнен де қасиетті болар. Жоғарыда айтып өткен бір жолдың өзі менің ішкі әлемімді ойрандағаны үшін әлгі бізден бұрын дүниенің сырын ашуға ұмтылып, машақат шеккен ақынға өкпелеп те қалғаным бар, анығында мойындағаным еді. Осылайша кей ақынды сауал тастай отырып, жауабын да өзі айтып қоя алатыны үшін құрметтесе керек.

Жалпы өлең турасында әңгімелей алу үшін әдебиетке объективті көзқарастың мүлде қажеті жоқ. «Сыншы – әуелде ақын не жазушы болуға ұмтылып, қолынан түк келмеген соң сынауға көшкен адам» екені рас болса, бірақ әркім өз әлемінде ақын екенін ескерсек, өлең жайлы толғауға ешкімнің хақысы жоқ та шығар. Әлқисса, ақынның ішкі дүниесіне бастар сүрлеу – оның өлеңі, азды-көпті құс жолымен адасып қайтуды жөн көрдік…

Болмыс

Келер күнгі болмыс – ертең көрер шыжығыңда, естір қызығың мен оқығалы жүрген кітап беттерінде жасырулы. Тағдырдың бәрі алдын-ала жазылып қойған, оған тек көніп, бұйырғанын «барымталау» ғана керегіне яһудейлерше сенім білдірсек те, кейде арпалысуға құмарлық неден? Бәлкім қолдан тағдыр жасаудың өзі – маңдайға жазылған тағдыр шығар. Талай тамсанған қаламгердің «ерлігі» төбеңнен батпырауық ұшырмаса керек-ті… Күрделілікке ұмтылған сайын мәнсіздікке ұшырайсың. Қарапайымдылық – күрделіліктің бір түрі. Қарапайым болып, құс секілді қос қанатты тең қаға алу мүмкін бе? Мұның бәрі парадокс – қағидаға қарсы жүру, яғни саған дейін қаланған өркениет кірпішін өзіңше қалау – еркіндік, еркіндік – адамзаттың шынайы болмысы, бірақ ол Құдайдан безіп есіру емес қой…

Жалғыздық – діннің аты

Жер бетіндегі әр пенденің ортақ Құдайға бір ұқсастығы бар, ол – жалғыздық. Мен оны өкпелеген сәттегі дымқыл тартқан сәбидің жанарынан да көремін. Сандыраққа шырмалған санаңды Құдайға барып ес жиғызар сүрлеу де сол һәм үрейлілігімен тылсым да ғажап. Бірақ ғажайыпты сөзге сиғызудың не қажеті болды екен? Лайым, өнер – Ібілістің адам арқылы қанған кегі болмаса игі еді…

Бояу

« — Сағынышты неге бәрі сары түске теліген? Психологияда сары түске қараған адамның көңіл-күйі көтеріледі дейді.

— Себебі сағынған адам құсаланады, құсаланған адамның бауыры расымен сарғайып кетеді екен. Сол секілді көңіл-күйге сыңарлаған барлық түстің белгілі бір дәлелі бар.

— Жеке көзқарасымда қызыл түс – зұлымдық. Мысалы, қан, қою от… басқалай махаббатқа немесе сезімге түк те қатысы болмаса керек.

— Жоооқ, қызыл — құмарлықтың символы.

— Жоқ, аға! Келіспеймін.

-Ал қыздың еріні ше? (күлкі)

— …»

Шындығында, құмарлық деген не? Құмарлықтың да жақсы-жаманы болары белгілі, дегенмен, қыздың ерініне қатысты құмарлықтың шынайы атауы – нәпсі. Нәпсі – Зұлымдықтың қойнына қысқан баласының бірі. Яғни, қызыл – Зұлымдық реңкі. Әрине, тек өз ойым.

Жауған қардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтыны секілді, барлық адам түйсігі қатар жүрмейді.

«Атадан бірге туса да, әркімнің бөлек жолдары.» Сәттіғұл жырау

Сол секілді ой жолы да сұйылып барып, өз арнасын табады екен…

Осы орайда бірнеше ақынның көзқарасындағы түстер сипатын есіңізге түсіріп көріңізші… Демеу ретінде бір мысал:

Жаныңа неге түс бергің келді,
Түссіздіктен де түс көргің келді…
Қасиетіңнің бояуы қандай?!
Қасіретіңнің бояуы қандай?!
Сіздің бояуыңыз қандай?
                           Марлен Ғилымхан

 

Шексіздік

Шексіздік – шегі мен бастауын жұтып, білдіртпеуімен тарлық екен. Ал, шексіз ойлар неге таршылықта бүр жарады. Шексіздіктің формуласы нүкте ме екен…

Сөз материя ма?

Әділ Ботпанов неге жоғалуды аңсады? Табылды Досымов неге өлімді арқау ете берді? Аңыз болмаса, Мұқағали Мақатаев алдын-ала ақтыққа оранар жасын қайдан білді? Әлде ажал қонақтар сәтін кез-келген жанға ескерте бере ме? Бұлар тек жұрт білер әңгімелер легі. Айтылмай жүрген осы секілді оқиғалар тізімі қаншама?! Меніңше, айтылған сөздің орындалуы – сол сөздің материясы.

Бейнелер

Бала кезде үлкендер «шайтан ешкінің кейіпіне еніп келеді екен…» дейтін сарындағы әңгімелерді көп толғаушы еді. Сонан соң ешкі малын мүлдем жек көріп кеттік. Тоғай арасында жүріп маңыраған дауысын естісек те үйге қарай қашатынбыз. Одан кейін, қорқынышты фильмдер легі беймәлім әлемдегі үрейді қара түспен жеткізгені бір төбе. Елес келердей күткен түннің бір уағында да оны «қара адам» ретінде мүсіндедік. Тегі, өзге қандай бейнелер пенде санасына қалайша әсер етпек ? «Сұлулық – дәлдік» пе, әлде пішіннің өлшемге бағынбай жаратылуын ерекше сұлулық дейміз бе? Қылықтың көз тартуы дененің икемсіздігінен болар. Сескену мен сүйсінудің өзі көз айыбы ма?

Сөз иллюзиясы

Ертеде, дарияның суы қазіргідей сарқылмаған кезде, өткел бермес шағында сол маңдағы жұрт арғы бетке өте алмай дағдаратын дейді. Сонда ел ішінен шыққан белгісіз бір адам қас-қағым сәтте дарияға өткел бойлатып, сол өткелден жұрт жамырай арғы бетке жеткен соң әлгі өткел қайта жоғалып кететін дейді. Белгісіз адамды қара халық әулие десе, кей таңдаулы оны «көзбояушы» атап кеткен екен дейді. Мен де оны көзбояушы, яғни иллюзиянист деп атар едім, Адам Атадан тегі өзге, көзге көрінбес қауымды есепке алмағанда… Иллюзия мәнінің негізі – алдамшылық арқылы өзгені бағынышты ету. Әрине, шебер сөз қолданысы арқылы көпті өзіне еліктіріп алар ақын-жазушы да иллюзиянистер қатарында бар шығар… Олардың бар ерекшелігі көпшілік «келемін» деп айтар сөзді, «ораламын» деп әсерлі ете алуында. Бірақ, бұл бәріне қатысты емес.

Түйін

Өз ішкі әлеміңе үңілуден қатерлі әрі ләззатты да, мұңға толы кез жоқ шығар. Жатты жатырқап сынау немесе қаралау емес, ойды барлаған оңашадағы сезімнің шеруі десек жөн болар.

Мадияр ТӨЛЕУОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз