бопай

Кезінде Кіші жүздің ханы болған Әбілхайыр ханның зайыбы Бопай ханым іргелес Ресей мемлекетімен дипломатиялық қарым­-қатынас орнатып, елдің бейбіт өмір сүруіне елеулі үлесін қосқан әйел қайраткер тұлға болғандығы тарихтан білгілі.

Оның тарихта қалған өмірдерегіне үңілсек, Адай тайпасының Табынай руының батыры болған Сүйіндіктің қызы дейді тарихшылар. Бопай жайлы сөз қозғағанда, оның қарапайым әйел ғана емес, көркіне ақылы сай, ерлердің ісін атқарғандығына көз жеткіземіз.

Шынжыр балақ, шұбар төс Әбілхайырдай хан тұқымы кез-келген әйел затына көз тігіп, көңілі ауа бермейтіні айтпасақ та түсінікті. Осы орайда бір көргеннен-ақ әйелдің сұлулығына сұқтанып, оның құпиясы көп сыр сандығы мен ішкі жан дүниесіне үңіле бермей, «көрсе-қызарлықпен» құлай кететін еркек емес екендігін ескерген де артық болмайды. Ұлттық ұлы дәстүрімізді ұлықтап өсірген ата-анасының «әлдиінен» бастап, сүйріктей сұлу бойына халқының әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін жиып, қызға тән қылығымен қыз ғұмырын сән-салтанатпен өткізіп, кезінде көркем келбеті мен сұлу сымбатымен өзімен қатар өскен бозбала, ержігіттердің талайының сезімін оятып, еріксіз еліткен Бопай сұлу асқан ақыл-парасатымен де көргендерді тамсандырыпты. Сыртынан көрген кезде көз тартып, іңкәр сезім көңілді тербеп, ибалы, инабатты мінез-құлқымен сыр-сымбаты сұлулығына жарасып, бой түзеген Бопай аруға Әбілхайырхан көзін салып, көңілін аударған ғой.

Сол кездегі халықтың салт-дәстүрі мен сән-салтанатына сай Әбілхайыр хан Бопай сұлуға ата-баба жолымен құда түсіп, ұзатып алған, – дейді білетін жұрт. Сөзімізге дәлел ретінде мына бір әңгімеге де құлақ түріп, ден қойған артық болмас: «…Әбілхайыр сұлтанның ауылы 1715 жылдың көктемінде Желтауға келіп қонды да, келін түсірудің әзірлігіне кірісіп кетті. Бауырынан балдай бұлақ көздері мөлдіреп ағып жататын Желтау терістікке орнай қалған Бейнеу өңіріндегі ерекше тау. Асты да үсті де жайылыс. Әсіресе биыл тым құлпырып кеткен. Жайлауға шықпаған шөптің түрі жоқ. Сұлтан үйленгелі жатыр екен? — Шын. Өзі сынық салатын, аруағы бар қыз көрінеді. Әбілхайыр сұлтанды емдеп, ажалдан алып қалыпты. — Онда Бопай болды ғой. Тобыштың көк найзалы табынайы Табылдының Сүйіндігінің сондай қызы бар деп еді.

Аралды, Мұңалжарды, Жемді, Сағызды, Желтауды, Асмантай, Сам, Қарақұм өңірін жайлайтын қалың ел қыз ұзату тойын елден ерекшелендіруге күпінді. Көпшілікті көп күттірген той да өтіп, Бопай төре тұқымына келін болып түсті. Әбілхайырдың да ойлаған ісі оңғарыла берді. Көп ұзамай Кіші жүзге хан сайланды. Бұрынғы шағын ауыл енді Бопай арқылы батыл сөйлейтін болды. Сөзі өтімді бола бастады. 1723-27 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрған үш жүздің әскерінің бас сардары Әбілхайыр болды. Соғыс әдісін жақсы білгендігімен, ұшқыр ұйымдастырушылығымен, ерен батырлығымен, алыс болашақты болжағыштығымен көзге түсті. Осы тұста хан Әбілхайыр, бас сардар Әбілхайыр өзінің қайын жұртына үнемі арқа сүйеді. Ол Аңырақай қырғынында ерекше ерлік көсеткендердің оқшау тобында жүрді. Сөйтіп ханның мерейін бақталастары алдында үстем етті. Бопай сынықшылық қасиет дарыған өте көрікті ару екен. Орынбордағы мемлекеттік архивте сақталған бірқатар құжаттар бар. Оның бірі — Бопайдың өз аузынан Әбілхайырдың тілмәші Иван Ураковқа жаздырған өмірбаяны. Бопай жоғарыда айтқандай, 1715 жылы қазіргі Бейнеу ауданы шегіндегі Желтау маңында жаз жайлап отырғанда Әбілхайырға тұрмысқа шыққан. Желтау-Тоқсанбай тауына жақын Үстірт сілемдерінің бірі. Әбілхайыр Бопайдан алты ұл, бір қыз сүйеді. Нұралы, Ералы, Айшуақ, Қожахмет, Әділ, Қаратай, Злиха. Бейіті Орынбор облысы, Илек ауданы, Дмитриев кеңшары жерінде, қазір құлап қалған. Егер «Петерборға кіші жүз ханы Әбілхайырдың әйелінің сапары» атты архивтік құжаттарға жүгінсек, ол Ресей империясының астанасына ресми түрде барған болып шығады. Оған балаларының бірінен соң бірі орыс патшалығында кепілдікте болуы негіз болады…» («Бейнеу» кітабынан).

Бопай сұлу Әбілхайыр ханның босағасын аттап, келін боп түскен соң отбасы-ошақ қасында айналшықтап қалмай, ханның сүйікті жары болумен қатар хан ордасына барып, елдің ішіндегі шиеленіскен даудамайды, елдің ішкі және сыртқы саясатын тұрақты сақтау мәселелерін шешуге атсалысып, ел ішіндегі ой-пікірлері қарама-қайшы қарсыластарына қарсы амал қолданып, тойтарыс беріп, тоқтатудың жолын іздегенде халықтың қамы, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігіне аса қажетті шаруаларды реттеуге және олардың алаңсыз бейбіт өмір кешуін қамтамасыз ету бағытында ханға ақылшы бола білген. Ханның саяси бағытына ықпалы көп болған. Әрине, Бопайдың орынды ұсынысы болмаса, келісті кеңесі болмаса, Әбілхайыр ханға оның сөзі өтпес еді. Айтатын уәжі көңілінен шыққан соң Әбілхайыр хан оның сөзіне құлақ асқан болуы керек, біздің пайымдауымызша.

Хан ордасындағы күрделі мәселелер Бопай ханымсыз шешілмеген десек, қателеспейміз. Бұл жөнінде «Ресей патшалығының архивінде жазба деректер жетерлік» дейді зерттеуші, тарихшы-ғалымдар.

Сол кезде Әбілхайыр ханның ордасында болған ағылшын саяхатшысы һәм суретшісі Джон Кэстль мен орыс тарихшысы А.Левшин жазбаларында Бопайдың келісті келбетіне тамсана қарап отырып, ақыл-парасатына тәнті болғандығын жазып, көріп, көңілге түйгенін айна қатесіз қылқалам құдіретімен жеткізген.

Осыдан-ақ хан ордасында болып, билікке араласқан Бопай ханым ел мен елді елдестіріп, елшілермен тіл табысып, күрделі мәселелерді екі жақты келісе отырып шешуде сұңғыла дипломатиялық қасиеті болғандығын аңғару қиын емес.

Осы жерде бізді қызықтыратыны — Бопай ханымның кімнің қызы немесе ханның әйелі болғандығы емес, біз оның туған жердің тұтастығын сақтай отырып, ел-жұртының амандығын сақтауға алаңдағандығы, осы мақсатта Ресей патшалығымен келісім кезінде бауыр-еті баласын кепілдікке алғанда «Әліптің артын бағып» сабырлылық танытқан кісілігі. Осы мәселеде тек жеке басының емес, қалың қара халықтың мүддесін ойлаған қайраткерлігі қызықтырады.

Тағы да тарих бетін парақтағанда, Әбілхайыр ханды бақталастары мен тақталастары өлтірген сәттегі Бопай ханым қабағын басқан ауыр қайғы мен ел билігінің ауырпалығын арқалап, зардабын тартып жүрсе де, алма-ғайып кезеңде сабырлылық сақтай білгендігіне тәнті боласың. «Қалай да біз Әбілхайыр ханның дұшпанда кеткен кегін алмай қоймаймыз» деп жер теуіп, найзасын кезеп тұрған ханның жақтастарына тоқтау сөз айтып, елдің ішінде болуы ықтимал шапқыншылыққа жол бермей, ол заң жолымен кінәлі адамдардың жазалануын көздеген. Осыдан да парасаттылықтың бір белгісі байқалып тұрады.

Қашанда қарбалас тыныс-тіршілігі бір тынбай, шенді-шекпенділердің легі бір сәт те толастамайтын. Хан ордасындағы қызу өтетін жиындарда Бопай ханым тіл безеп, ой толғаумен ғана шектелмеген. Ол – Әбілхайырдай ханға сүйікті жар болу, әйелге тән жаратылысына жапа шектірмей, нәзік сезімін тұншықтырмай, ыстық құшағын суытпай, аналық ағар бұлағын суалтпай, ана болу бақытына жол ашқан жан. Ол – бауырынан 6 ұл мен 1 қыз өрбіткен асыл ана. Ұл-қыз болғанда қандай десеңші, шіркін?! Кіл алтын асықтай хан тұқымы. Атадан балаға мұра болған алтын тақта тербеліп, ел билеген хандар. Тарихи тұлғалар. Бәрі де, сұлтан болған Қаратай, Қайыпқалиға дейін.

Міне, бұл тұлғалар Бопайдай ардақты ананың ақ сүтінің нәрі, тәлімді тәрбиесінің нәтижесі, мейірім шуағының сәулесі, салиқалы саясатының жемісі, ақылшы ананың асыл кеніші екендігі сөзсіз.

Осылайша біз өзімізше талғам таразысына салып, ой елегінен өткізіп, пайым-пікірімізді жазып отырған Бопай ханымның тарихымызға хатталып, ел жадында сақталған елеулі есімі мен қайраткерлік қыры, адамгершілік асыл қасиеттері – қыз-келіншектерге өрісі кең өнегелі жол деуімізге толық негіз болады. Біздің өткен тарихымыздан тағылым алар тұсымыз да осы.

К.ШЕРУБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз