тауық құс окорочка

Сальмонелла таяқшасы бар тауық еті еліміздің бірнеше облысына тарап кетті. Аталған өнімдер Ресей мен Беларусьтен жеткізілді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің сөзіне қарағанда, көрші елден келген тауардың құрамынан сальмонелла таяқшасы табылды.

«Мәселен, Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысында сатылған Инжавенск құс фабрикасының өнімдерінен сальмонелла шықты. Аталған кәсіпорын Ресейде орналасқан. Ал Шығыс Қазақстан мен Алматы облысында «Приоскольенің» өнімдерінен сальмонелла таяқшасы табылды. Бұдан бөлек, ресейлік «ФинИнвест» компаниясының сапасыз өнімдері Ақмола мен Қостанай облысында сатылды. Ал Қарағанды мен Солтүстік Қазақстанда Чебаркуль құс фабрикасының өнімдері талапқа сай емес болып шықты», — деді Ж.Бекшин бүгін «Атамекен» ҰКП-сында өткен кездесуде.

Оның айтуынша, Беларусь жақтан да сапасыз құс өнімдері көптеп жеткізіледі. Ол тауардың ішінде Витебск бройлер құс фабрикасы, Дружба құс фабрикасы, Серволюкс-Агро, Смолевича Бройлер сияқты кәсіпорындардың өнімдері бар.

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы төрт айда құс етіне 1 244 рет сынама жасалды. Соның 32 проценті талапқа сай емес болып шықты.

Айта кетейік, бүгін Бас санитарлық дәрігер Ж.Бекшин отандық құс еті алуға кеңес берді. Себебі отандық құс өнімдерін екі бірдей министрлік тексереді. Тауарды өндіру процесін ауыл шаруашылығы министрлігі бақыласа, денсаулық сақтау министрлігі дайын өнімді тексеріп отырады.

«Бұдан бөлек, біздің территориалдық органдарымыз құс фабрикаларына жиі барып тұрады. Сонда отандық өнімдер үш бірдей тексерістен өтеді. Алайда импорттық тауарды тек дүкенге түскенде ғана бақылауға алады. Соның салдарынан елімізге сапасыз тауарлар жеткізіледі. Бізге Ресей мен Бедарусьтан құс еті көп келеді. Оның ішінде сапасыз, тіпті адам денсаулығына қауіпті өнімдер аз емес», — деді Ж.Бекшин.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз