мектеп қоңырау

Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі алғашқы түлектерін ұшырды. Білім мен ғылым, тәрбие мен тәлімді ту еткен білім ұясынан 87 түлек қанат қағып, балалықтан арылып, үлкен өмірге қадам басты.

Мерекелік жиынға білім биігіне жетелеген, зердесін ашып, көкірегіне нұр шашқан алтын ұясына қимас сезіммен қарап, талабы таудай, білімі мол 619 оқушы жиналды.  Жүздері қуаныш пен шаттыққа толы оқушыларды облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтап, ақ тілегін арнады.

-Мектеп – әрбір адамның жүрегінен ерекше орын алар тәтті сезім, елеулі естелік, балғын шақ. Парасат пен руханияттың, білім мен тәрбиенің ордасы болар мектептің жүрегі – аяулы ұстаздар да айрықша алғысқа, құрметке лайықты. Олардың ерен еңбектері мектеп мерейін асқақтатып, шәкірттерін жаңа биіктерге, жаңа армандарға, жаңа жеңістерге жектізді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында білімнің маңыздылығына ерекше тоқталады: «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Расымен де, білімге ұмтылған елдің тұғыры биік, рухы асқақ болары даусыз. Білім тұңғиығына бойлатқан зияткерлік мектепті тәмамдап жатқан түлектер ата-аналардың үмітін, ұстаздардың сенімін толықтай ақтайтынына кәміл сенімдімін. Биыл облысымызда 4987 түлек оқу аяқтап, оның ішінде 143 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Елбасы мектебінің оқушылары оқу жылын толайым табыстармен тәмамдағаны қуантады. Алдағы уақытта білім ордасы осы қалпынан таймай, білім деңгейін өсіріп, одан да зор жетістіктерге жетіп, биіктен көрінетіні шүбәсіз. Баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, түлектерге ақ жол, сәт сапар тілеймін! – деді аймақ басшысы.

Зияткерлік мектебін биыл 5 сынып бітірді. Алтын ұясымен қоштасқалы тұрған 87 түлектің 14-і «Алтын белгіге», 4-еуі «Үздік аттестатқа» үмітті. 12-сынып оқушылары таңдау пәндері бойынша сыртқы жиынтық бағалау емтихандарын, ағылшын тілі деңгейін анықтайтын IELTS емтиханын тапсырған. Түлектердің тынбай оқуы арқасында жеткен жетістіктері тәнті етерлік: 12-сынып оқушылары Томирис Сағынбай, Сәттіғали Жолдасбай, Азиза Албетова Гонконг Политехникалық университетінің білім грантына ие болса, Мадина Тұрмағанбетова Чжэцзян ғылыми-технологиялық университетінің, Жансая Маратқызы Алматы менеджмент университетінің грант иегерлері атанды. 12 оқушы Елордадағы Назарбаев университетінің іріктеу кезеңінен өтті.

Соңғы қоңырау салтанатына жиналған түлектердің жүздері бал-бұл жанған. Жүректері жалын, көздерінде от, көңілдері алып-ұшқан. Оларды Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзов құттықтап, игі лебізін білдіріп, ақ жол тіледі. Мерекелік шарада 2016-2017 оқу жылдарында ерекше көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінген оқушылар еленіп, марапатталды. «Жыл оқушысы» аталымынан республикалық олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы Томирис Сағынбай, «Жыл жетістігі» аталымынан физика пәнінен желілік олимпиаданың ІІІ-орын иегері Асқар Ғаламаддин жеңіске жетті. «Жас ғалым» оқушылар ұйымының алғашқы президенті, республикалық робототехника олимпиадасының жеңімпазы Есет Сидешев, «Жыл активисі» мектеп өміріндегі жобалар мен акциялардың ұйымдастырушысы, өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі Айя Сартбаева атанды. «Жыл старостасы» аталымы бойынша «Астана» шаңырағының көшбасшылығына елеулі үлес қосқан көшбасшы Әлия Орасай, «Жыл корреспонденті» аталымында мектепте шығарылатын «Жас толқын» журналының бильд-редакторы, тілшісі Аңсаған Галаладин, «Жыл спортшысы» аталымында үстел теннисінен облыстық жарыс жеңімпазы Ақберген Абыз жеңіске жетті. Ал «Жас талант» аталымында республикалық «Мұқағали оқулары» байқауының жеңімпазы, мектепте сахналанған Дулат Исабековтың «Әпке» қойылымының басты рөлін сомдаған Жұмасат Шұғыла, «Жыл жасампазы» аталымында республикалық ЮНЕСКО ұйымдастырған республикалық «Балалар әлемді бейнелейді» байқауының дипломанты Диана Ақуал бас жүлдеге ие болды.

Шуақты шара соңында облыс әкімі ғылымға бет бұрған оқушылардың ұсынған жобаларымен танысты. Ондағы жас ғалымдар тың идеялар, ұтымды ұсыныстарды алға тартып, аймақ басшыларын таңғалдырды. Мәселен, оның ішінде «Ақылды тақия» жобасы, археологиялық қазындылар, «Туған елге тағзым» өлкетану зерттеу экспедициясының сапары, дөрекі сөздер айтуды тоқтату, кіші сынып оқушыларының тәрбиесін жақсарту, мектеп асханасының тазалығын, мектептегі судың үнемділігін арттыру, қоқыс мәселесін шешуді көздеген ойлау дизайны сынды қызықты жобалар көрсетілді. Облыс әкімі жарқын жобаларға көңілі толып, жас өнертапқыштардың жолдарына тосқауыл болмай, қайта қанатына қуат, шабытына шуақ болып, қолдау қажеттігін атап өтті.

             Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

 

Сыңғырла, соңғы қоңырау! (ФОТО)

Сыңғырла, соңғы қоңырау! (ФОТО)

Сыңғырла, соңғы қоңырау! (ФОТО)

Сыңғырла, соңғы қоңырау! (ФОТО)Шуақты шара соңында облыс әкімі ғылымға бет бұрған оқушылардың ұсынған жобаларымен танысты. Ондағы жас ғалымдар тың идеялар, ұтымды ұсыныстарды алға тартып, аймақ басшыларын таңғалдырды. Мәселен, оның ішінде «Ақылды тақия» жобасы, археологиялық қазындылар, «Туған елге тағзым» өлкетану зерттеу экспедициясының сапары, дөрекі сөздер айтуды тоқтату, кіші сынып оқушыларының тәрбиесін жақсарту, мектеп асханасының тазалығын, мектептегі судың үнемділігін арттыру, қоқыс мәселесін шешуді көздеген ойлау дизайны сынды қызықты жобалар көрсетілді. Облыс әкімі жарқын жобаларға көңілі толып, жас өнертапқыштардың жолдарына тосқауыл болмай, қайта қанатына қуат, шабытына шуақ болып, қолдау қажеттігін атап өтті.

             Ханым ҚУАТ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

Сыңғырла, соңғы қоңырау! (ФОТО) Сыңғырла, соңғы қоңырау! (ФОТО) Сыңғырла, соңғы қоңырау! (ФОТО)

Сыңғырла, соңғы қоңырау! (ФОТО)

Сыңғырла, соңғы қоңырау! (ФОТО)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз