сурет

Таяуда атыраулық өлкетанушы Әділбек Өмірзақовтың фейзбуктегі парақшасында құнды сурет жарияланды. Сурет 1939 жылы түсірілген. Суреттегілер Қазақстан Жазушыларының ІІ съезі қарсаңында өткен Гурьев облысы ақындарының слетіне қатысушылар екен. Онда Маңғыстау машайықтарының ізбасары, талайды мойындатқан дүлдүл ақын Сәттіғұл Жаңғабылов та бар.

Суреттің мазмұнына тоқталсақ. Жерде шынтақтап жатқандар: сол жақтан екінші, (жүзін төмен салып отыр) – ақын Далабай Жазықбаев. Ол — 19 жаста. Майданда қаза тапты. Оның «Жазық дала» деген атпен шығатын өлеңдерін жас­тар іздеп жүріп оқыған. Ал ақын Қаби­жан Мәмбетов суретте үшінші тұр. Оның жасы — 17-де, соғыста қаза болған. Төртінші тұрған журналист Бисен ­Саримановтың 18 жастағы кезі. Бесіншісі — халық ақыны Сәрсен­ғали Шобақов. Ол — Балықшы ауданының Талқайраң ауылының тумасы.  Соғыстан оралмады.
Төменнен екінші қатарда қолына домбыра алған жалаңбас отырған қарасұр жігіт — Мұрат Мөңкеұлының баласы Дәулетқали. Екінші қарт ақын  –Нұрғали Сатылғанов, үшінші  – халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылов. Ал алтыншысы халық ақыны Сұраубай Үттібаев («Менің атым Сұраубай, Доссорда тұрған бұраубай. Доссор келсең – білерсің, Сұраубай деген жырауды-ай» дегені әлі ел аузында).
Төменнен үшінші қатар: бесінші отырған – ақын Хамит Ерғалиев. Одан кейін облыстың Жер бөлімінің меңгерушісі Уәли Жайықов. Қазақстан Жазушылар одағының Гурьев облысы бойынша өкілі, ақын, жазушы Жәрдем (Жәкеш) Тілеков жетінші тұр. Жазушы Жәрдемнің жанында облыстық «Социалды құрылыс» газетінің редакторы Сағат Төлебаев болса, «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Құлмағамбет Бөріқұлақов тоғызыншы тұр екен. Белгілі ақын-жазушыларды қатарында облыстық газет редакторының орынбасары Ғабды Аманғалиев те бар.
Соңғы қатардағыларды сол жақтан санағанда қара фуражкалы Жылой ауданынан келген жас ақын Жанаш Нұрмаханұлы екінші тұр. Суретке 17-ге толмаған шағында түскен. Сол қатарды жалғап жетінші тұрған кісінің есімі Балсия Ғұсманова болуы керек. Жылой аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Бисекеш Дүйсенғалиев сегізінші тұр.