Қызылтас бекінісі
Суретті түсірген Талант Құсайын

… Екі арыс мынау Шоғыда,
Молда жігіт болған жоқ,
Көшербай мен Тұрманнан.
Одан артық не қылсын –Үйреніп еді дәрісін,
Мүрит пен шәкірт қырланған,
Халыққа сөзі тыңдалған.
Бес уақытты тәмәмдап,
Тахырар алды құмғаннан.
Шарғының сөзін құлданған.
Дәріс айтқан уақытта,
Ақ дариядай жарланған.
Кем емес еді білімі,
Оғылан ишан Сардардан… –

деп Қараш Ыбырайым ахун Құлбайұлы жырға қосқан Тұрман ахун Көрпежанұлы 1887 жылы дүниеге келген. Ол жастайынан оқу-білімге құштар болған. Әкесі Көрпежан Тұрманды және ауылдың басқа да балаларын Қожалақ түрікмен Кемел ахунды жалдап оқытады. Бұл Жаңғақты ойында, Қошоба елді мекенінде болған. Ол жерде төменгі адайлар Үстірттен Сам, Сағызға дейін барып, қыста Жаңғақтың ойына дейін қоныстанған. Тұрман Кемел ахун ның көзіне түсіп, батасын алған, оқуда зерек шәкірттерінің бірі болған. Ахун өзінен тәлім ал ған шәкірттерінің ішінен зейінді, білімділерін іріктеп, Балқантау баурайында орналасқан Қара ахунның медресесіне оқуға жібереді екен. Қара ахунның медресесін үздік бағаларға бітірген Тұрман «Ахун» деген құрметті атаққа ие болып шығады.

Тұрман ахун мұнан кейін Бұхара, Хиуаға барып діни жоғары оқу орындарында оқып, білімін нығайтады. Ол жердегі медреселерді бітіргесін, өзіне сабақ берген ғұлама ұстаздарымен ақылдасып, кеңесіп, өзінің ауылынан мешіт ашып, бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуді жоспарлайды. Әкесінің көмегімен, ауыл халқының қолдауымен Тұрман келешек мешіт-медресесіне керек-жарақты 80 нарға жүктеп, Хиуадан алдырады. Сөйтіп, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы «Қызыл әскер» (бұрынғы Қаражүзген) деген жерден мешіт-медресе ашады.

Тұрманның 1917 жылы туған ұлы Ерше әкесінің осы мешіт-медресесінде оқып сауатын ашады. Мұнан кейін Орынбор, Санкт-Петербургте оқып, білім алған, сауатты азамат. Соның арқасында жоғары лауазымды қызметтер атқарып, елге пайдасын тигізген жан. Өкінішке орай, соңында ұрпақ қалмаған. 1943 жылы Отан соғысында шейіт болады.

Тұрманның Нұрғалидан басқа Тұрдыбай, Жақаш, Бірман деген тумалары кеңестік қызыл саясаттың құрбаны болады. Тек қана бұлар емес Тұрман ахунның өзін бүкіл отбасымен, тума-туысқандарымен 1930 жылы большевиктік қызыл әскерлер қарулы жасақпен келіп бір түнде қырып салады. Кейбір деректерге қарағанда сол кезде 17 адам құрбан болған көрінеді.

Жалғыз кенже інісі Нұрғали мен ахунның жалғыз қызы Ақбалай Тұрекеңнің шейіт болған жерін тауып, 1965 жылы басын қарайтып, мола салған. Оған ахунның Бегейден шыққан шәкірті Айбас молданың көп көмегі тиген деседі.

Бағытты Ислам дінге бұрған ата,
Білімнің ақ ордасын құрған ата.
Жан-жағына нұр шашып жарқыраған,
Көзін ашқан халқының Тұрман ата.

Хиуамен де келгенсің келісімге,
Бір кемшілік кездеспес бек ісіңде.
Беделіңіз биіктеп сол кездері-ақ,
Үстем болды мерейің ел ішінде.

Елің сүйіп, құшағын жайған ата,
Бұзылмаған кезі елдің қаймағы ата.
Сауат ашып ағарту жұмыстарың,
Кеңеске ұнамады, қайран ата.

Маңғыстаудың жеріне сеніп қондың,
Ішіне Адайлардың келіп қондың.
Мың тоғыз жүз отыздың ойранында,
Қызыл әскер қолынан шейіт болдың.

Рухыңнан тәлімді мол алдырды,
Тәуелсіздік таңы атып жол алдырды.
Ел-жұртқа әруағыңды ардақтатып,
Нұрғали ұрпақтары оралдырды.

Ел-жұртың тапты ізіңді сайдан ата,
Құрғансың жас кезіңде майдан ата.
Рухыңмен ұрпақты желеп-жебеп,
Тілекші боп жата бер, қайран ата!

Мұратбай ҰЛЫҚПАН