Жыңғылды драма ұжымы

Рухани байлығымызды дамытып, дәстүрлердің дамуы мен сақталуына мәдениет саласы қызметкерлерінің қосатын үлесі зор. Қазақстанның Тұңғыш Президенті айтқандай, қоғамның ілгері дамуына мәдениет қызметкерлерінің қосар үлесі зор екені даусыз. Қайқылары мен шайырлары тау-тасын әнге қосқан талай таланттың тал бесігі, киелі Маңғыстау өңірінің бүгінгі мәдени өмірі де кісі қызыққандай. Өнер байқауларынан оза шауып, бәйге алып жүрген аудандық мәдениет саласының дамуына әр ауылдың қосар үлесі зор. Таланттар ауылдан шығатынын тарих мойындатты. Маңғыстау ауданының абыройын республика көлемінде асқақтатып, мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мәдени ұжымдардың бірі – Жыңғылды ауылында қалыптасқан. Абыл-жырды ұранындай, Құлшар-күйді Құранындай жаттаған жыңғылдылық өнерпаздардың ауыз толтырып айтырлықтай жеңістері бар. Жыңғылды мәдениет үйінің меңгерушісі Күнсұлу Есенованы сөйлетіп, бүгінгі кәсіби мерекелерінде жеңістерін тізбелеп, мерейін өсіруді жөн көрдік.

— Ауданға қарасты мәдениет ошақтарының ішінде өзіңіз жетекшілік етіп отырған ұжымның алар орны ерекше, жеңісті күндерге жиі куә етіп жүрген ұжым туралы айтып отырсаңыз.

— Жыңғылды мәдениет үйі 1956 жылы құрылған. Содан бері өнердің киелі де қара шаңырағы небір өнер майталмандарына есік ашып, небір өнер қырандарын ұшырған.

Мәдениет үйін Тілегенов Алтынбек ағай басқарған жыл-дары құрылған «Ақжарма» домбыра оркестрі аудан, облыс көлеміне танылған үлкен ұжым болатын. Үлкен және кіші топқа бөлінген оркестр өрендері жыр-терме, ән-күй байқауларының жеңімпаздарына айналды.

Солардың қатарында бүгінде аттары республикаға танымал болған домбырашылар Ғазиза Ұзақбаева, «Мен қазақпын» мега-жобасының жеңімпазы Алпысбек Оңайбаев, осы жобаға қатысушы Темірбек Асқанбаев, Ниязтұрлы Бектұровтарды мақтанышпен айта аламыз.

Сол жылдары құрылған «Жамал-ай» аккапелла айтатын қыздар хор ұжымы да аудан асып, облысқа танылған үлкен ұжымға айналды. 2017 жылы Жыңғылды драма ұжымы халықтық драма ұжымы болып қайта құрылды. Халықтық драма ұжымын Ләйлә Сәдуова басқарады. Халық театрлары мен драма ұжымдарының байқауларында бірнеше мәрте жүлделі орындарды иеленді. Жыңғылды мәдениет үйінде бұл күнде сегіз құрылым жұмыс жасауда. Барлық өткізіліп жатқан жоспарлы шаралар мен мерекелік кештерде құрылымдардың жұмыстары айқын көрінеді.

— Осындай халыққа берері көп ұжымның жұмысынан халық хабардар болғаны артық болмас.

— Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және осы бағдарламаның жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында бірнеше шаралар өткізілді. Атап айтар болсақ, «Өлкенің өр перзенті» тақырыбында Отыншы Көшбаевпен кездесу, «Даланың дана баласы» тақырыбында Қуантқан Вановпен кездесу, «Әнмен өрілген өмір» атты мәдениет қызметкерлері күніне орай мәдениет майталманы Әбіл Жұмағалиевпен кездесу, «Білімнің шамшырағы» деген Сәду Нұрниязұлының 110 жылдығына танымдық шара, «Сағанаға жазған жыр» атты Елбай Қосымбайұлының шығармашылығына арналған шара, алғыс айту күніне орай «Емші бақыты-ел алғысы» атты халық емшісі Айша Шанайқызымен кездесу, «Шипалы алақанның шапағаты» атымен Мағрипа Ержанқызымен кездесу, «Жаныңда жүр жақсы адам» атты Нұржамал Әлжановамен кездесу, «Шебердің қолы-алтын» тігінші Мәдина Тасмұханбетовамен кездесу кештері және «Ұстазға тағзым» атты мәдениет қайраткері, үздік өлкетанушы, жыл адамы Алтынбек Тілегеновтың 70 жылдық мерей тойына арналған шәкірттерінің концерті өткізілді. 2018 жылы Мәдениет қызметкерлері күніне орай «Үздік мәдениет үйі» атағын жеңіп алдық. Биылғы мереке қарсаңында өткізілген «Ұлт рухы-мәдениет» мәдениет қызметкерлері арасындағы байқауынан мәдениет үйінен қатысқан «Жарқын болашақ» тобы тағы да бас жүлдені жеңіп алды.

— Қай саланың болмасын алға басуына алдымен сапалы маман ықпал ететіні сөзсіз, мамандар туралы бірер сөз…

— Мәдени ұйымдастырушы Ниязтұрлы Бектұров — жыр-терме, домбыра класының маманы. Арнаулы білімі болмаса да өз ісінің шеберлігімен халықтық драма ұжымын қорғап алып, жұмысын атқарып отырған Ләйла Сәдуова да өнердің нағыз майталманына айналды. Әдіскер Жанна Телбаева — өз мамандығы бойынша бірнеше тың жобалардың авторы. Жаннаның ұйымдастыруымен аналар күні мерекесіне орай өткізілген «Мен — әйелмін, әлемнің анасымын» атты кеші ауыл, аудан емес, республика бойынша танымал болды.

Мәдениет үйінде өтіп жатқан барлық шаралардың тың ойлы, жаңашылдықпен өтуіне өз үлесімізді қосып жүрміз. Осы жолда мен жеткен жетістіктер де баршылық. Жасаған еңбегіңнің көрініп, ел алғысына бөленгеннен артық марапат жоқ шығар. Әр істі бастарда одан шығатын нәтижеге баса назар аударамыз. Балалармен жұмыс, жастармен және халықпен жұмыс атқару. Міне, өз саласындағы шеберлігін танытатын бірден-бір нақтылық осы жерде. Оның бірқатары — жастармен жұмыс жасау бағытын жаңа жобалармен байыту.

Мәдениет үйінің есігі жастарға қашан да ашық. Тың ой, идеясы бар ортаны қалыптастыру. Халықты мәдени шаралармен сусындату, жаңашылдықты енгізу. Бір шеңберден шығып, кеңістік көлеміне шығу. Мәдени шараны тек қана ауыл ішінде, мәдениет үйінде өткізіп қана қоймай, ауылдағы мектеп аудиториясында, көрші ауылдарда өткізу жұмысы жүргізілуде. Мысалы Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Мәңгілік өнегеге айналған тұлға» тақырыбындағы танымдық кеш жазушының туған жері, көршілес Онды ауылында мектеп мұражайында өткізілді. Жастармен ғана емес, балалармен де, үлкендермен де байланыста болу. «Ұлы даланың жеті қыры» абыз ақын, жыршы-күйші, кемеңгер тұлғаларымызды насихаттау.

Туған ел, туған жер тарихымызды таныту, ел-жерге саяхат жасау, міне, осының бәрі мәдени сала барысында атқара жүрер ауқымды істері Жастар жылына орай Жыңғылды ауылы волейболдан жастар кубогын өткізу шараларын баса айтуға болады. Алдағы жоспарда ауыл көлемінде, жоғары деңгейде «Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады» атты «Алтыбақан» ойын-сауық жастар кеші өткізілгелі отыр. Бұл кеште көрші Шайыр және Тұщыбек ауылдарының да өнерпаз жастары қамтылады. Барлық жасалынып жатырған жоспардағы іс –шаралар, міне, осы, жаңашылдықпен өтуде. Оған барлық мәдениет қызметкерлері болып, мәдениеттің қазанында қайнап жатқан ұжымы болып атсалысудамыз. Сондықтан болар жеңісті де жемісті күндеріміздің көп екені.

Расында бір кітапқа жүк болардай жеңістеріңіз бар екен, мерекелеріңіз құтты болсын, жеңісті күндеріңіз көп болсын!

А.РАХМЕТОВА