Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде киіз үй тігуден жарыс өтті. Шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықты насихаттау. Жарысқа Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-нің студенттері қатысты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға жастардың қызығушылығы басым. Бұған дейін киіз үй тігуден жарыс тек Ақтау қаласы және Жаңаөзен, Мұнайлы ауданының мектеп оқушылары арасында ғана өткен еді. Енді Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-нің студенттерінен құралған «Шаңырақ» және «Алаш» топтарының белсенділік танытуы музей қызметкерлерін қуантып отыр.

Шараға Маңғыстау облысы қолөнер шебері одағының президенті Әуес Сағынаева, қолөнер шебері Күміс Жанаева және облыстық тарихи-өлкетану музейі «Табиғат» бөлімінің меңгерушісі Анар Қуанышова төрелік етті. Олар киіз үй сүйектерінің дәстүрге сай дұрыс орналасуына, керегенің жайылуы мен таңғыштарының дұрыс байлануына мән берді. Сонымен қатар сықырлауықтың дұрыс бекітілуі мен шаңырақтың көтерілуін, уықтардың шаншылуын қадағалады. Баулар мен басқұрлардың дұрыс ұсталуына, шилер мен киіздердің дұрыс жабылуына баға берді.

«Бұрын-соңды киіз үйді тігіп көрмегені білініп тұр. Десе де жастардың қарқыны жаман емес. Олар барлығын білуге, ұлттың мұрасын тануға тырысуда. Бұл ата-дәстүрді сақтайтын, елдің өткенін сыйлайтын ұл-қыздардың өсіп келе жатқанын аңғартады», — дейді сарапшылар.

Ал Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-нің педагогика факультеті, тарих кафедрасының аға оқытушысы Роза Сидешованың айтуынша, студенттер байқауға қатысуға бірінші ұсыныс айтқан екен.

«Олар жыл сайын музей тынысымен танысып, қызметкерлердің жұмысына мән беріп, іс-тәжірибеден өтеді. Түрлі зияткерлік сайыстарға да қатысатын. Жақында киіз үй тігуден жарыс өткізілетінін естіген соң студенттерім қатысуға ниет білдірді», — дейді ол.

 «Ауылда киіз үй тігіп жүрген үлкендерді көріп өстім. Мейрам күндері ауылда киіз тіккен ағаларды көрген сәтте уық, керегені ұстап, бауын байлап көмектесіп жүретін едім. Бүгін білгенім, көргенім бойынша топтың ұйымшылдығымен киіз үйді тігудеміз. Мен үшін таңсық дүние емес, себебі жүрегі «қазақ» деп соққан әрбір жас қазақтың ұлттық үйі жайлы білуі керек деп ойлаймын», — дейді «Алаш» тобының мүшесі, тарих пәні мұғалімі бойынша 2-курс студенті Асылбек Түгелбаев.

Киіз үй тігу – жауапкершілікті, ұйымшылдық пен бірлікті қажет етеді. Көптің күші біріксе ғана құламайтын шаңырақ көтеріледі. Шара соңында екі топ өз жұмыстарын сарапшыларға көрсетті. Нәтижесінде «Шаңырақ» және «Алаш» тобы тең түсіп, арнайы дипломмен марапатталды.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН