Қарағандыда өткен еркін күрестен кіші жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында маңғыстаулық жас палуандар жүлделі болды. Ауқымды шараға Маңғыстау облыстық күрес бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің оқушылары қатысты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

19-22 сәуір аралығында өткен чемпионатқа еліміздің әр аймағынан 400-ге жуық қатысушы жиналды. Ал Маңғыстау облысынан 16 қатысушы спорттық додада бақ сынады. Күресудің әдіс-тәсілдерін меңгерген маңғыстаулық палуандар өз күш-жігерін боз кілемнің үстінде көрсетті. Белдесуге қатысқандар арасында өңір жастары топ жарып, көзге көрінді.

«Тартысты дода 2004-2006 жылғы жасөспірімдер арасында өтті. Ауқымды спорттық шараға әр өңірдің мықтылары жиналды. Десе де оқушыларымыз өз мүмкіндіктерін сынап, жеңіске ұмтылды. Тынымсыз еңбегі мен үздіксіз жаттығуының нәтижесінде олжалы оралды. Біз жігерлі, жалынды оқушыларымызбен әрдайым мақтанамыз. Республикалық чемпионатта қаншама мықтылардың арасында озып шығып, жүлдеге ие болуы мектебіміз, облысымыз үшін үлкен жетістік», — дейді жаттықтырушы Роман Ахмедханов.

Маңғыстаулық жас палуандар ел чемпионатында жүлделі болды

Нәтижесінде 75 келі салмақта Камиль Куруглиев және 48 келі салмақтағы Жанкелді Өтеулі 3-орын алды. Ал қыздар арасында Асем Кайбуллаева 1-орынды қанжығасына байлады.

Сондай-ақ маңғыстаулық жас спорт саңлақтары жетекшілеріне, жаттықтырушылары Суенеш Худибаевқа, Александр Мухалевке және Роман Ахмедхановқа өз алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА