document құжат

Елорда атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне байланысты азаматтардың қолданыстағы құжаттарды ауыстыруы міндетті емес. Бұл жайында ҚР Әділет министрлігінен мәлім етті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайтыҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«ҚР Президентінің  2019 жылғы 23 наурызда Қазақстан Республикасының астанасы — Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы — Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қоюына байланысты Әділет министрлігі мыналарды түсіндіреді.  Елорда атауының өзгеруі азаматтарға сатып алу-сату, сыйға тарту, ауыстыру, пайдалануға қабылдау сынды жылжымайтын мүліктің құқын белгілейтін құжаттарды, сонымен қатар туу туралы, өлгені туралы, неке қию/бұзу туралы азаматтық хал-ақуал актілерін тіркеу құжаттарын ауыстыру міндетін жүктемейді. Аталған құжаттарда елорданың бұрынғы атауының жазылуы оларды жарамсыз қылмайды», — деп атап өтеді министрліктен.

Сонымен қатар ведомство Әділет министрлігінің ақпараттық жүйелерінде елді мекеннің атауы Астана қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына автоматты түрде ауысатындығын атап өткен.

Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасына берген сұхбатында Астананың атауын өзгерту тəртібін түсіндірген.