Облысымызда жылына бірнеше рет қайталанатын сұйытылған газдың тапшылығы тағы да туындап, газ құю бекеттерінің алдында ұзын- сонар кезек орын алды. Газ құю бекеттерінің алдында қаңтарылып тұрған көлік жүргізушілері барлық шаруаларын ысырып қойып, күні-түні кезек күтуге мәжбүр. Кезек жақындай бергенде көлік отыны жетпей қалған жайдайлар да жиі кездеседі. Елді әбден әбігерге салған мәселе бүгін облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен жиында сөз болды.

– «Қазақ газ өңдеу зауыты» ішкі нарыққа айына 14 мың тонна газ шығарады. Оның 5 мың тоннасы «Қазмұнайгаз өнімдері» ЖШС-ына, 9 мың тоннасы облыстағы 176 шағын және орта бизнес иелеріне беріледі. Мамырдың 21-23-і күндері зауытта жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмысы кезінде газ өңдеу 2 мың тоннаға дейін қысқарып, газ құю бекеттерінің алдындағы көліктердің кезегіне алып келді. Жөндеуге дейін зауытта тәулігіне 460 тонна газ тиелсе, жөндеу кезінде 312,310,250,209 тонна газ тиелді. 24 мамыр таңертеңсін өндіріс орнында жөндеу жұмыстары аяқталып, зауыт толық қуатында жұмыс істей бастады. Қостанай қаласынан жеткізілуі тиіс газдың логистикалық бағыты ескеріліп, Энергетика министрлігі хаттамасы шешімімен газ тиеу стансасының Ақтөбеге анықталуы 2 аптадай уақытты алды. 23 мамырда таңертең Ақтөбе қаласынан әкелінуі тиіс 2 мың тонна газдың 600 тоннасы 25 мамыр күні таңертең Ақтау қаласына жеткізіліп, газ құю бекеттеріне таратылады. Қалған көлемі маусым айының 5-іне дейін өңірімізге жеткізіледі. Маусым айына газ алу кестесі бекітілді. Қазіргі таңда облыс аумағында газ 35- 45 теңгеден саудаланып жатыр. Жақын арада жағдай тұрақталады деп сенемін» деген облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова газ тапшылығын зауыттағы жөндеу жұмыстарымен және министрлік тарапынан тиеу стансасының өзгеруімен байланыстырды.

«Қазақ газ өңдеу зауыты» директоры Кәрім Нағманов зауыт қорында 1300 тонна ғана сұйытылған газ бар екенін хабарлады. Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы жөндеу жұмыстарына дейін сұйытылған газдың қоры неге жиналмағанын сынға алды. Сондай-ақ зауыттан ірі көлемде газ алатын ірі компаниялардың атауын сұрап, олар алыпсатарлықпен айналысып отырғанын жеткізді. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бұл мәселені түбіне дейін жеткізетінін, құқық қорғау органдарының қатысуымен кең көлемде тексеру жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ мәселенің басын ашып алу үшін газ сатып алатын шағын және орта бизнес иелерінің әрқайсысымен жұмыс жүргізілетінін хабарлады. Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы «Қазақ газ өңдеу зауыты» енді тек газ өндірумен айналысатынын, газды бөлу, тарату жұмыстарымен басқа оператор компания жұмыс жасайтынын жеткізді.

«Қазақ газ өңдеу зауыты» директоры Кәрім Нағмановқа бүгінгі күннің аяғына дейін бұл жұмыстармен айналысатын белгілі бір оператор анықтауды тапсырды.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз