Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті ғимаратында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Салық салынатын негізді кеңейткен кезіндегі аудандық әкімдер мен өкілетті органдардың жұмысы, мұнай секторындағы компаниялардың қызметі туралы» тақырыбында отырыс өтті.

Салықтар – аймақ бюджетіне үлес

Аталған шараға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы, аймақтық басқарма басшылары, құқық қорғау органдары, қала және аудан әкімдері, мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және департаменттің қызметкерлері қатысты.

Алғашқы сөз тізгінін алған облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов баяндамасын оқып, салық жүйесін түсіндіріп, мақсат-міндеттерін, түйткілді тақырыптарын ашып көрсетті. Оның сөзінше, ел қазынасын еселеуді көздейтін қазынашылық орган оң өзгерістерге қадам басып, салық тексерістерін қысқарту, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру және автоматтандыру бойынша шараларды қабылдаған.

— Ағымдағы жылдың 22 мамыр күні жергілікті бюджет бойынша жылдық жоспар 33,6 пайызға орындалған. Жоспар бойынша түсірілетін 129,6 млрд. теңгенің бүгінде 44,0 млрд. теңгесі ғана түсті. Жыл соңына дейін ол 115,0 млрд. теңгені құрап немесе 89,0 пайыз орындалады деп күтілуде. Ал түспейтін салық – 14,6 млрд. теңге болып тұр. Жергілікті бюджет бойынша болжамның орындалмауының басты себебі, бюджетті тиімсіз жоспарлауы және шикізат секторындағы компаниялардың жыл сайынғы «аванс беруі» болып отыр»,-деген Ә.Тілегенов өз баяндамасында жергілікті бюджетке түспейтін салықтардың басым бөлігі аймақтың мұнай-газ саласындағы мекемелерден екенін жеткізді.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, мұнай бағасының түсуі жергілікті бюджеттің орындалуына кедергі келтіруде. Соның салдарынан кірістер департаментіне аймақ бюджетіне қосымша түсім қорларын қарастыру жұмысы жүктелді. «Бюджетке түсім қорларының бірі — аймақтың мұнай кәсіпорындарына қызмет көрсететін мердігерлік мекемелері. Олар орасан табысқа қол жетізсе де, облыс бюджетіне бір тиын да төлемейді. Аталмыш жағдайды бұрын да аймақ басшысы қатысқан кеңейтілген жиналыстарда айттық. Өкінішке орай, мәселе шешімін таппай, жергілікті атқарушы органдардан қолдау таппадық. ҚР қаржы Министрлігі мен ҚР мұнай және газ Министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес облыстың мұнай секторында 2016 жылы 29 салық төлеуші, 2017 жылы 32 салық төлеуші бар. Талдауға көз жүгіртсек, ірі кәсіпорындарға қызмет көрсететін мекемелер орналасқан жері бойынша басқа облыстарда тіркелген, әсіресе, Алматы қаласында. Аталған мекеме филиалдарсыз жұмыс істеп, біздің компанияларға қызмет көрсетіп, орналасқан жері бойынша өзге аймаққа салық төлеп, яки басқа облыстардың бюджеттерін көбейтуде. Сондықтан түйткілді мәселенің түйінін табу үшін мұнай кәсіпорындарына қызмет көрсетуге әзір жергілікті мекемелерді жұмысқа тарту керек. Олар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асырып, аймақ бюджетін еселеуге күш салса дейміз»,-деді ол.

Сондай-ақ Әлібек Балықбайұлы облыстық өкілетті органдарға тексеріс жүргізілгенде дұрыс төленбеген сомалар туралы уақытында толық ақпарат бермеуі бойынша бұзушылықтар орын алғанын атап өтті. Ондай жағдайда органдарға әкімшілік жауапкершілік көзделгенін жеткізді. Отырыста департамент басшысы кәсіпкерліктің тіркелмеген субьектілерімен қоса, салық төлемеу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей тұрғын үйлерді жалға беретін жеке тұлғаларды анықтау, қала-аудандардағы жеке тұлғалардың мүлікке, жерге және көлік түрлеріне салық бойынша борышын өтеу жөнінде сөз қозғады. Баяндама соңында қатысқан барлық органдарға тапсырмалар берілді.

Отырыс қорытындысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов баяндамаға сәйкес өкілетті органдарға, мұнай-газ кәсіпорындарына қатаң ескертулер жасап, бөлек отырыс ашу қажеттігін айтып, аймақтық бюджет бойынша мәселелерді бақылауға алып, қарастыруды тапсырды.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

Салықтар – аймақ бюджетіне үлес Салықтар – аймақ бюджетіне үлес Салықтар – аймақ бюджетіне үлес Салықтар – аймақ бюджетіне үлес

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз